Сала мамандарына құрмет көрсетілді

«Баласағұн» орталық концерт залында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, ауыл еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, үстіміздегі жылы үздік деп танылған шаруашылықтарды марапаттады.

Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сала мамандарын мерекелерімен құттықтап, бұл күннің – жер ананы идіріп, қырманды қызыл дәнге толтырғандардың, мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс жасайтын, еліміздің және өңіріміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың мерекесі екенін тілге тиек етті.
– Жамбыл өңірі ауыл шаруашылығын жүргізуге өте қолайлы аймақ екені белгілі. Әулиеаталық шаруалардың ағымдағы жылы мол өнім алғанын да мақтанышпен айта аламыз. Биылғы жылы 333,5 мың гектар дәнді және дәнді бұршақты дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 25,0 центнерді құрады және 763,2 мың тонна астық бастырылып, 92,2 мың тонна өнім артық алынды. Сондай-ақ облыс шаруалары 270,5 мың тонна картоп, 1 034,6 мың тонна көкөніс жинады. 48,5 мың тоннадан астам майлы дақыл өнімдері ел ырыздығына айналды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған механикалық отряд биылғы жылы 65 шақырымды құрайтын су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 5 мың гектарға жуық суармалы алқап қалпына келтірілді. Соңғы екі жылда 6247 гектар алқап толық сумен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығындағы басты салалардың бірі — ол мал шаруашылығы. Мал шаруашылығында 10 айдың қорытындысы бойынша мал басы артып, өнім көлемі 3,3 пайызға өсті. Облыста «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 4109 бас мүйізді ірі қара және 40 650 қой сатып алынды. Биылғы жылы ауыл шаруашылығын дамыта отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аймақта жүзеге асырыла бастады. Тиімділігі дәлелденген жобаның ауылдағы ағайынның қызығушылығын тудырғаны анық. Мал бордақылау, егін егу, жылыжай ашу, тіпті шағын кәсіп ашуды жоспарлаған азаматтарға мүмкіндік беретін жоба биыл облыстың 11 ауылында жүзеге асырылуда. Бұл жобаны атқарған жағдайда осы ауылдарда ауыл шаруашылығы өнімі 2,3 есеге артады. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табатын болады, – деді Асқар Исабекұлы.
Сонан соң аймақ басшысы аталған салада аянбай еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» Облыс әкімінің төс белгісін табыс етіп, еңбек озаттарына агроөнеркәсіп кешені саласындағы ұзақ жылдарғы жемісті еңбектері үшін облыс әкімінің Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттармен марапаттады.
Мұнан соң облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің негізгі ресурсы — ауыл шаруашылығы саласы екенін жеткізді. Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығында жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға Жамбыл облысының Құрмет Грамотасын табыс етті.
Салтанатты шарада бұдан өзге сала мамандарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалдері, ҚР «Ауыл шаруашылығының үздігі» төс белгілері мен грамоталары табыс етілді. Және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында егін, мал шаруашылығы және қайта өңдеу салалары бойынша «Ең озат ауыл шаруашылығының тауар өндірушісі — 2019» номинацияларының жеңімпаздары да марапатталып, құрмет көрсетілді. Айта кетерлігі, бұл жиында осы саланың жетістіктерін насихаттап жүрген БАҚ-өкілдері де елеусіз қалмады. Оларға облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев Алғыс хаттар табыс етіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *