Азық-түлік бағасы бақылауда болады

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мен бақылауда ұстау – басты назарда болмақ. Бұл орайда тұрақтандыру қорының коммуналдық дүкендерін көбейтудің маңыздылығы зор. Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралаған аймақ басшысы осыған айрықша көңіл бөліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Алдымен Абай даңғылының бойындағы «СМАРТ» сауда орталығының жанында №1 әлеуметтік дүңгіршегіне бас сұққан облыс әкімі ондағы тауарлардың саталым барысын барлады. Сатушы сұранысқа орай өзінің таңғы жетіден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс жасайтынын жеткізді. Ал, басқа дүңгіршектердегі жұмыс режимі таңғы 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін екен. Айта кетейік, бүгінде қала ішінде осындай 11 дүңгіршек бар. Олардағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен сатылуда. Атап айтсақ, картоптың келісі 70 теңге, сәбіз 45, пияз 35, күнбағыс майы 325 теңге, құмшекер 190, сүт 160, нан 55 теңгеден сатылуда.
Аймақ басшысы, сұранысқа орай барлық дүңгіршектердің жұмыс режимін ұзарту және қажеттілікке орай дүңгіршектердің санын барынша арттыру керектігін тапсырды. Сондай-ақ, мұндай әлеуметтік дүкендер маңындағы тұрғын үйлердердегі көпбалалы және аз қамтылған. Отбасылардың тізімін анықтап, оларға жеңілдіктер қарастыруды, ол бойынша тиісті тұлғаларға ұйымдастырушылық шараларын мұқият атқаруды тапсырып, бес күн уақыт берді.
Бұдан соң Асқар Исабекұлы «Козин» жеке кәсіпкерлігінің наубайхана жұмысымен танысты. 2000 жылы құрылған наубайхана нан және кондитерлік өнімдер шығарумен айналысады. Бүгінде тәулігіне 25 мың бөлке нан шығаратын кәсіпорында 100-ге жуық адам қызмет етеді. Қазіргі таңда 0,8 гектар аумақта қосымша наубайхананың құрылысы жүргізілуде екен. Жоба іске асқан уақытта тағы 100 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Өңір басшысы нанның бағасын ұстап тұруға қатысты жүйелі шешімдер қабылдау керектігіне көңіл бөліп, солтүстіктен жеткізелетін жоғары сапалы ұнмен қатар, өз облысымызда өсірілетін бидайды да ұтымды ұқсатудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда өңірімізден шығатын бидайды сапасына сәйкес белгілі бір дәрежеде наубайханаларда өндеу ісі қолға алынбақ. Осылайша жол шығыны мен сапасына орай нан бағасын төмендетуге қол жеткізуге болады. Бұл тұрғыда анықтау, талдау шаралары жүргізілмек.
Сонымен қатар облыс әкімі Тараз қаласының коммуналдық базарына ат басын бұрып, ондағы жылқы, сиыр, қой еттерінің және өзге де тауарлардың сатылым бағасын шолып шықты. Мұндағы бағалардың нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен екендігін бағамдаған аймақ басшысы тұрғындарды барынша

хабардар етіп, тарту керектігін, осылайша бағаның негізсіз өсіміне тойтарыс беруге болатынын жеткізді.
Қаладағы нысандарды аралау барысында аймақ басшысы «Айвенго» ЖШС-нің тігін цехы және газ плиталарын құрастырумен айналысатын «Alima Delux» ЖШС-нің жұмыстарымен танысты.
Аталмыш тігін цехы жылына 500 миллион теңгенің өнімін өнідурге қауқарлы десек, ағымдағы жылдың басынан бері небары 20 миллион теңгенің өнімін шығарған. Кәсіпорында тоқсан тігіншінің бір мезетте жұмыс жасауына қажетті барлық жағдай мен техника жеткілікті болғанымен, бүгінде онда бар-жоғы 12 ғана тігінші іс тігуде. Цехта медициналық халаттар, жамылғылар, көрпелер, түрлі киім-кешек шығарылуда. Директоры Любовь Попова барлық өнімдерге таза, табиғи жергілікті өнімдер қолданып жатқандығын жеткізіп, сапасының жоғары, бағасының тиімді екендігін тілге тиек етті.
Сол сияқты «Alima Delux» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де газ плиталарын құрастыру ісімен айналысып отырғандарына екі жылдан асқан. Айына 150 дана газ плитасын құрастыратын кәсіпорында қазіргі таңда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестік басшысы Әлия Көмекбаева алдағы жоспарымен бөлісіп, үлкен зауыт салуды көздеп отырғандығын, ол үшін жер мәселесі және басқа да қажеттіліктер бойынша қолдаулар керектігін айтты.
Асқар Исабекұлы кәсіпорындар өнімдерінің сапалы әрі баға тиімділігіне назар аударып, олардың нарықтағы әлеуетін арттыру үшін жергілікті әкімшілік тарапынан тиісті қолдаулар жасалынатынын білдірді. сондай-ақ, аймақ басшысы облыс тұрғындарының табысын арттыру жобасымен қатар кәсіпорындарды дамыту жобасы да қолға алынып жатқандығын жеткізді. Ол бойынша кәсіпорындардың жұмысын жандандырып, мүмкіншілігін арттыруға қолбайлау болып отырған мәселелер анықталып, оларды шешуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспары бекітілмек. Бұл орайда өңірдегі әлеуметтік мекемелердің сұранысын жергілікті кәсіпорындар тарапынан қанағаттандыру жайы да жобаға аясында шешімін таппақ. Осыған басымдық берген облыс әкімі барлық кәсіпорындардың бүгінгі жай-күйін саралап, ондағы түйінді түйткілдерді тарқатуға айрықша мән берілетінін атап өтті.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *