Сертификаттар табыс етілді

«Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстары аясында «Жас кәсіпкер» жобасының V легін бітірген екі топтың 131 қатысушысына Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының бизнес жаттықтырушылары Гүлзат Искакова мен Диана Муратова болашақ кәсіпкерлерге өз жеке бизнесін ашуда сәттілік тілей отырып, арнайы дайындалған сертификаттарды табыстады.

Болашақ кәсіпкерлердің басымы мал шаруашылығын дамыту бағытын таңдаған екен. Атап айтқанда, жылқы мен ірі қара мал өсіру (көбейту және қымыз өндіру), қой шаруашылығы (ол, уақ малын, романовский тұқымды қой мен заанин сауын ешкілерін өсіру). Сонымен қатар, шошқа өсіру, кондитерлік өнімдер өндірісі орнын, консервілеу цехін және азық-түлік дүкенін ашу, ұлттық киім тігу шеберханасы мен жылыжай ашу (қияр, қызанақ пен жүзім өсіру бағытында), сондай-ақ жолаушыларды тасымалдайтын көлікті сатып алу болып отыр.
Аталмыш жоба аясында өткен бір айлық оқыту сабақтарына 18 бен 29 жас аралығындағы жастар, көп балалы аналар мен әкелер, тұрмыс жағдайы төмен отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмысқа жарамды мүгедектер де қатысып, бизнесті жоспарлау мен жүргізудің қыр-сырын жетік меңгерді, маркетинг пен менеджментті оқып, кәсіпкерлік негіздері бойынша дәріс алып шықты. Сертификат алған кәсіпкерлердің 200 айлық есептік көрсеткішке, яғни 505 мың теңгеге дейінгі соммада грант алуға конкурсқа қатысуға, сондай-ақ «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Акционерлік қоғамының «Игілік» бағдарламасымен 4 млн. теңгеге дейін және «Атамекен Тараз» шағын несие ұйымынан 6 млн. теңгеге дейін төмен пайызбен несие алуға құқықтары бар.

Гүлжан Русланқызы,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *