Асыл тұқымды мал басын арттыруда

Мал бағу – қазақтың ата кәсібі. Енді осы кәсіпті заман талабына сай бейімдеу оның жаңа қарқынмен дамуына септігін тигізері анық. Қақпатас ауылдық округінде сүтті бағыттағы ірі қара өсіретін шаруалар көп. Сондай-ақ, үй іргесінде асыл тұқымды ірі қараны өсіріп жүрген азаматтар да бар.

Беріктас ауылының тұрғыны Алмас Данышпанов осыдан екі жыл бұрын тәуекел етіп, 10 бас «Швед» және «Галстин» тұқымды ірі қараны сатып алып, қорасына кіргізген болатын. Бұл асыл тұқымды ірі қара жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Дұрыс күтім жасаса, күніне 25-30 литр сүт беретін ойсыл қара тұқымын баптау да оңай емес. Алмас Данышпановтың айтуынша, асыл тұқымды мал өсіру үшін біраз уақыт қажет. Үлкен күш-жігер жұмсап, үздіксіз жұмыс істемейінше, нәтиже шығару қиын. Десе де, қиындыққа мойымайтын азамат бұл істі мықтап қолға алып, бүгінде малдан төл алып жатқан жайы бар. Бүгінде сауылған сүтті жергілікті кәсіпкерлер жақсы бағамен алуда. Келешекте сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап жатқан азаматтың кәсібі берекелі боларына күмән жоқ.

Еркін Қатбеков,
Қордай ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *