Қымбатшылықта жәрмеңке жәрдемші бола ала ма?..

Нарықта астықтың бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Қыстың қыр астында тұрған шағында бағаның қыспаққа алуы қарапайым халыққа, әрине, қолайсыз. Осындай құбылмалы уақытта қала тұрғындарының қорқынышын сейілтіп, қымбатшылықты болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкелері өткізіліп отырады.

Осыған орай, өткен апта соңында Тараз қаласының орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жамбыл облысының 80 жылдығы және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне орай ұйымдастырылған шараға облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласының тауар өндірушілері атсалысты.
Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, екі күнге жалғасқан жәрмеңкенің алғашқы күні Тараз қаласы және Байзақ, Жуалы, Талас, Мойынқұм, Шу аудандарының тауар өндірушілері мен тұрақтандыру қорының өнімдері нарық бағасынан 8-20 пайызға төмен бағада өткерілген. Ал, екінші күні, яғни жексенбіде Жамбыл, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандары мен Тараз қаласы және тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылған.
Жалпы, жәрмеңкеге жиылған жұрттың қарасы қалың болды. Әрқайсысы күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктерін қажетінше алып жатыр. Біздің байқағанымыз жалпы алғанда жәрмеңкедегі ет өнімдері базардағы бағаға қарағанда едәуір арзанырақ. Ал өзге өнемдердерден аса арзаншылық байқалмайтынға ұқсайды. Мұны жәрмеңкеге келген тұрғындарда айтып отыр.
– Жәрмеңке болады дегенді естіп, арнайы келдім. Өзім қала сыртында тұрамын. Қант-шай, ет пен сүт секілді өнімдер халықтың тұрақты тұтынатын өнімдері ғой. Бүгін ең бірінші осыларды көбірек алуға тырыстым. Әдетте азық-түліктерді ұннан бастап, тұрмыстық химияға дейін «Ауыл-Береке» базарынан алатынбыз. Бағалардан аса айырмашылық біленбейді. Көп болса 5-10 теңге ғана айырмашылық бар. Десе де соғым уақыты жақындап қалған шақта мұндағы еттің қол жетімді бағада сатылып жатқандығы көңіл қуантты. Мәселен базардағы ет бағасы 2000 теңгеден асып жығылады. Ал бұл жерде 1800 теңгеден төмен. Тағы да құрт, ірімшік, сүзбе, айран секілді сүт өнімдерінде базардағыдан айырмашылық бар әрі сапасы да жақысы, – дейді Әлия Байназарова есімді Бурыл ауылының тұрғыны.

Жалпы аталған жәрмеңкеде ұсынылған ауыл шаруашылығы тауарларының құны 89,9 млн. теңгені құраса, көлемі 314 тонна. Оның ішінде, ішінде 20 тонна ет, 8 тонна сүт өнімдері, 6 тонна шұжық өнімдері, 8 мың дана жұмыртқа, 4 тонна балық, 2 тонна бал, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4 тонна макарон өнімдері, 0,8 тонна тұз және 266,7 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.
Ал олардың сатылу бағасы келесідей деңгейді көрсетті. Мәселен, қой еті 1550 мен 1650 теңгенің аралығында болса, жылқы мен сиыр етінің бағасы 1700-1800 теңге аралығында.
Үйдің сүті мен айраны 160 теңгеден, ірімшік және қаймағының бағасы 1300 теңге болса, сары майдың бағасы 1800 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, үй сүзбесі 600, құрт 1400 және ірімшік бағасы 1400 бен 2300 теңге аралығында ұсынылды.
Күнбағыс майы 350 теңге, қант 180 теңге, бал 1300, макарон өнімі 150, тары мен талқан бағасы 730 теңгені құрады.
Ысталған шұжық 750-1500 теңге, бұқтырылған шұжық 750-1400, тауық еті 820 теңге және тауық жұмыртқасы 18-27 теңге аралығында сатылды. Аталмыш жәрмеңкеге келген «Молзавод» сүт өнімдері фабрикасының сатушысы өздерінен шығатын тауарлардың өлкемізде кеңінен сұранысқа ие әрі таза, табиғи өнім екендігін айтады.
– Жәрмеңкеге біз де атсалыссақ деген ниетпен өзіміздің зауыттан шығарылатын сүт өнімдерін алып келдік. Сүзбенің келісін 800, сары майды 2000 теңгеден сатып жатырмыз. Құрттың килограммын 2000-нан, ал жекелеп 100 теңгеден сатып жатқан жайымыз бар. Айран бағасы 220 теңгеден, қоюлатылған сүт бағасы 500 теңге, брынза 1300 теңге. Тұрғындарыдң біразы үй сүті өнімдері ме деп сұрап жатыр, алайда барлығы зауытта жасалған. Біздің өнімдер бүгінде жақсы сұранысқа ие. Тұрақты тұтынушыларымыз осы жерге де арнайы іздеп келіп, тауарларымызыд алып кетіп жатыр, – дейді «Молзавод» сүт өнімдері фабрикасының сатушы қызметкері Ботагөз Сыдықова.
Ал жәрмеңке болса тауарларды көптеп алып, қор жинап алуға тырысатын қала тұрғыны Талғат Жүнісов мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып, әлеуметтік сауда орындары көбейсе дейді.
– Ет бағасы күннен күнге шарықтап барады. Жәрмеңкеге келе салысымен бірнеше келі ет сатып алдым. Себебі, базардағы бағаларға қарағанда 200-300 теңге шамасында арзан екен. Мұның өзі не тұрады, жақсы емес пе. Ал картоп, пияз секілді көкөністерді қабымен алып қойдым. Олардың бағасы қарапайым базардан төмендеу, қолжетімді болып тұр. Қазір көптеп жиып алсақ, қыстан қысылмай шығармыз деген ой ғой. Кім біледі, нан бағасының өзі жиі-жиі өсіп жатқанда, бұл өнімдер де ертең лезде көтеріліп шыға келеді. Жалпы жәрмеңкенің болып тұрғаны қала тұрғындары үшін жақсы ғой. Қымбатшылық қарқын алып тұрғандықтан әлеуметтік сауда орындарын көптеп ашу қажет. Басқа сауда орындарынан бағасы төмен болса, сонда жеке кәсіпкерлер де бағаны тым аспандатып жібермейді деп ойлаймын, – дейді ол.
Расында еліміз бойынша қымбатшылық едәуір қарқын алып барады. «Ас атасының» бағасы дүркін-дүркін өсуі себебін мамандар егіннің аздығымен түсіндіріп отыр. Ет бағасының да шарықтап кетуіне олардың жем-шөбінің қымбат болуы әсер етті дейді шаруалар. Мәселен былтырғы жылы осы уақытта 900 бен 1000 теңгенің көлемінде сатылған кебек биыл 1300 теңгеден басталып, толық 25 келісі 1600 теңгеден сатылуда. Мал бордақылауға қажетті қара бидайдың келісі сапасына қарай 80 мен 84 теңгенің арасында. Ал мал бордақылауға аса қажетті таза салмағы 50 келі тартатын екінші сұрыпты қара ұнды қазір таба қоюыңыз екі талай. Жемханалардың біразына қара ұн келмейтін болған. Саудагерлердің айтуынша, қара ұнның өзі де нан шығаратын зауыттарға қоспа ретінде тікелей тасмалданып жатқан көрінеді.
Ал осындай жайттардан кейін қорадғы малын кемі үш-төрт ай байлап машақаттанатын шаруаларға бордақысын қалайша арзанға сат дей аламыз?! Ет жеуде қасқырдан кейінгі екінші орында тұратын қазекең қыс түссе жылқы етін жемей тұра алмайтыны айтпаса да түснікті. Сондықтан бағаның бас білдірмей тұрғанына қарамастан, амал жоқ алуға тура келеді, алып та жатыр.
Осы ретте, аймақ билігі тұрғындарды қымбатшылықтың құрсауында қалдырмаудың түрлі амалдарын қарастырып жатқанын айта кету керек. Мәселен, күні кеше облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов бағаны жуық арада тұрақтандыру мәселесін көтерді. Бұл мақсатта Асқар Исабекұлы әлеуметтік сауда орындарын көбейтуді тапсырды.
Аталған жиында облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев облыс әкімдігінің қаулысымен қабылданған жаңа қағида аясында атқарылатын шаралар туралы баяндады. Ол бұл бойынша комиссия құрылып, жыл басында тауар тізімін, шекті бағаны, үстеме ақыны, ең төменгі қор көлемін бекітіп отыратынын жеткізді. Сондай-ақ, бағаны тұрақтандыру бойынша тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану, ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізу, көтерме-тарату орталықтарын ашу, азық-түлік бағаларының жаңа тетіктерін енгізу шаралары ұдайы назарда екенін айтты.
Бүгінде аталған қор есебінде 294,5 миллион теңге ақшалай және құны 750,6 миллион теңге болатын 5 мың тоннаға жуық тауардың бар екенін жеткізген басқарма басшысы қазірге дейін облыс орталығы – Тараз қаласында кеңейтілген 25 жәрмеңке өтіп, онда 857,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері нарық бағасынан 8-20 пайызға төмен бағада сатылғанын тілге тиек етті.
Ол ғана емес, шаһардағы «Ауыл-Береке» базарының қасынан «Тараз «Көтерме тарату орталығын» және «Үш-Бұлақ» теміржол бекетінің маңынан «Жамбыл «Көтерме тарату орталығын» салу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру тетіктерін жүзеге асыру» қағидасы аясында екі бағыт қарастырылып отыр. Олар – тұрақтандыру қорының қызметі және кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру. Бірінші тетік бойынша тұрақтандыру қорына қажетті 11 әлеуметтік маңызы бар тауардың тізімі айқындалып үлгеріліпті. Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясы тарапынан қалыптастыру шаралары жүргізіліп, максималды бағалардың мөлшері және минималды қордың көлемі айқындалуда.
Жиында қала ішіндегі әлеуметтік дүңгіршектердің жайы да жан-жақты сөз болды. Бүгінде шаһарда мұндай 10 дүңгіршек болса, тағы он жетісін ашу көзделіп отыр. Аймақ басшысы бұл бағытта қажеттіліктер мен нысандардың өзіндік құның анықтауды тапсырып, дүңгіршектерді барынша көптеп ашу мәселесін уақыт созбай шешудің маңыздылығына көңіл бөлді. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы бағаны бақылау, тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығын баса айтып, ол бойынша күнделікті атқарылуы тиіс шаралардың кестесі бекітілуі керектігін ескертті. Жаңа қағида бойынша да жұмыстардың жоспар-ережесін әзірлеуді тапсырып, ол үшін тиісті тұлғаларға он бес күндік уақыт берді.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *