Жемқорлыққа жол жоқ!

Бүгінгі жемқорлықпен күрес еліміздің мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселелерінің біріне айналып отырғаны ақиқат. Сондықтан, қоғамымыз жемқорлықпен күрес тәсілдерін жетілдіріп, жыл сайын кешенді түрде жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруда. Өйткені, кеңестік дәуірден бастау алған, жең ұшынан жалғасқан «бармақ басты, көз қысты» әрекет әлі де болса қоғамымызда көрініс табуда. Сол себепті, ел Президенті атап өткендей, жемқорлықпен күрес тоқтамақ емес.
Қазір көптеген елдер жаңа қауіптерді ескере отырып, сыбайлас жемқорлықпен күресте өздерінің әдіс-тәсілдерін жетілдіру үстінде. Біздің елімізде де осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр.Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту туралы жаңа заңдар қабылдануда. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін көзқарас пен құқықтық сананы қалыптастыру, мемлекетті, қоғам мен бизнесті осы әлеуметтік кесапатқа қарсы жұмылдыру негізгі мақсаты болып табылатын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы» қабылданды. Бүгінде бағдарламаның мақсатына сай, халық арасында жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті тудыру және халықты биліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылдаған шаралары тұрғысынан ақпараттандыру шаралары үздіксіз жүргізілуде. Соның арқасында елімізде жемқорлық деңгейі жыл өткен сайын төмендеп келеді.
Бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық инфрақұрылымын құрудың, азаматтарды лауазымына қарамастан жауапқа тартудың, жемқорлыққа қатысты түйіткілді мәселелерді ашық талқылаудың негізгі міндеттері шешімін тапты. Бүгінде елімізде қандай қызмет атқарғанына қарамастан, жемқорлардың аяусыз жазаланып жатқаны байқалады. Сондай-ақ, олардың қоғамға келтірген залалын еселеп қайтару мақсатында бұл бағыттағы қылмыстардың айыппұл түрінде орнын толтыру шаралары қарастырылған. Және бір айта кетер нәрсе, қазір еліміз сандық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Заманға сай бейімделген цифрлы жүйе де жемқорлықтың алдын алуға бағытталып отыр. Осы орайда, мамандар мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекеттік қызметтерді сандық жүйеге алмастыру барлық тараптағы мемлекеттік мекемелерде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің жұмысын жеңідетіп, пара алу, пара беру, жалпы жемқорлық мәселесінің азаюына ықпал етіп, мемлекетті кәсіби басқаруға қол жеткізгенін айтады.

Шолпан Асанова,
Сарысу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *