Ата кәсібін таңдаған азаматтар егістік жер көлемін арттыруға ынталы

Тағдырдың талайымен Кеңес өкіметі келмеске кетті. Енді Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып шаңырақ көтерді. Колхоз кеткен соң өмірге кооператив, қожалықтар келе бастады. Сол кезде аудандағы тұңғыш шаруа қожалығын Жалпақсаздан марқұм Ерлік Омаров құрған болатын. Содан бері де 27 жыл өтіпті. Ал, Құрман (шын ныспы Мұқанғали) Құрамысовтың ашқан қожалығына биыл он жеті жыл болады.

– Қолыңда техникаң, құрал-сайманың болмаған соң біреуге кіріптар болып қалады екенсің,- дейді жасы 68-ге келген «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Қ.Құрамысов.- «Путь к коммунизму» колхозы тарағанда техника да, мал да, жер де көп еді.
Олар ат төбеліндей аз адамдардың иелігінде қалды. Жер дейтін, сол кезде менде он гектар ғана жер бар болатын. Оған еккенің шығарған шығыныңды жаба алмайтын. Әйтеуір, әбиүр болғанда аудан орталығынан «Құлан-Дән» несие серіктестігі ашылып, соған құрылтайшы болып кіріп едік, бір жылдан соң үш миллион теңге несие алдық. Осы қаражаттың өзі еңсемізді сәл де болса көтеруге күш берді. Одан құтылған соң алты миллион теңгеге қол жеткіздік. Сөйтіп, ел қатарына қосылдық. Қазір қожалық иелігінде 130 гектар жер бар. Балаларым Мақсат пен Мұраттың жалға жер алып жұмыс істеуі жұмысымызды анағұрлым ілгерілетті. Техника да көбейді, тәлімі жерден алатын өнім де молайды. Енді бізге бұрынғыдай емес көлемді егістік жер керек. Өйткені машина-трактор паркінде төрт «К-700», төрт «Беларусь» тракторы, төрт «Нива» астық комбайны, екі жүк машинасы, көптеген ауыл шаруашылығы техникалары бар. Осыншама техникамыз бола тұрып ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға байланысты өткізіліп жатқан тендрлерге қатысқанымызбен одан жарытып жер ала алмай отырмыз.
Қазан айы өтіп қараша келгенімен диқандар күзгі егіс-дала жұмыстарын әлі ірке қойған жоқ. Біз Каменка ауылына келгенде қоңыр күздің жауыны сіркіреп тұрған. Артынша жапалақтап қар жауа бастады. Бұл іргеде қыс қылышын сүйретіп келіп қалғанынан хабар әкеліп тұрған ең алғашқы қар еді. Құрман қарт бізбен ілесе далаға шыққанда күні кеше ғана егін орағы науқанына құлшына қатысқан комбайншы-механизатор Сәрсен Сатыбалдиев пен қожалық басқарушысы Мақсат Құрамысов үйге ентелей кіріп келе жатыр екен.
– Мына жігіт биылғы науқанның жеңімпазы. Оның ерен еңбегін бағалап, оған «Мерседес» автокөлігін мінгіздік. Сондай-ақ, механизаторға 200 мың теңге көлемінде сыйақы ұстаттық,- дейді Мақсат Құрманұлы.Шаруашылықтағы барлық науқандық жұмыс Құрекеңнің осы екі баласының қолында екенін ауланы аралап көргенде байқадық. Мақсаттың інісі Мұрат жабдықтаушы болған соң 5,5 мың тонна астық сиятын үш қойманы сұқ саусағымен нұсқап көрсетіп: «Биылғы өніміміз осы қамбада. Биыл астықтың бағасы да көтеріліп, бидайды 90 теңгеден, арпаны 60-65 теңгеден пұлдап жатырмыз» деді де алақанына бір уыс қызыл бидайды алып сапырып тұр еді Мақсат: «Зертханада біздің астықтың қамырланғыштық қасиетін 27 пайызға бағалады. Демек, алымсақ көп болады» деді төңірегіндегілерге риза пейілмен көз тастап.
Иә, биыл қожалық 1200 гектар ақ егістің әр гектарынан 15 центнерден өнім жинап алыпты. Күздік бидай түгелдей элита, енді осы күзге дайындалған мың гектар алқапқа бірінші репродукциялы тұқым себуді аяқтап та қалыпты. Механизаторлар Нұржан Әлденбаев, Еркін Әртаев және Михаил Туниговтердің еңбегі өнімді. Ал, қожалықтың қырманында жүз гектар танаптан жиналып алынған мақсары дәні де жатыр. Мақсат Құрамысов бізге соңғы кезде бұл дақылдарға субсидия берілмей жүргенін айта келіп, алдағы атқарылатын істерге жан-жақты тоқталып өтті. «Біз шаруашылықтың өндірістік базасын нығайтсақ дейміз. Ол үшін техникалық қызмет көрсететін паркті жаңғыртып, алдағы жылы «Казагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке екі «Ново» астық комбайнын және бір «Беларусь-920» тракторын алуға өтініш беріп қойдық. Комбайндардың әрқайсысының құны 38 миллион теңгені құрайды. Әрине, қымбат, алайда жаңа техниканың аты жаңа ғой. Сонымен қатар, біз мал шаруашылығын дамытуды да қолға алсақ деген ниеттеміз. Қазір қолда қырық бір бас жылқымыз бар. Келешекте аналық бас малды көбейтсек дейміз. Барлық мәселе жерде болып тұр» дейді шаруашылықтың ісін жүргізіп жүрген Мақсат Құрамысов.
Шағын шаруа қожалығының атқарып жатқан ісі көңіл көнші­тер­ліктей-ақ. Әйткенмен, шешімін күткен проблемалар да жоқ емес. Сондықтан аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы келешекте қожалықтың жер көлемін көбейтуіне ықпал етеді деген үміттеміз.

С.Қожеке,
Т. Рысқұлов ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *