ТЕРІСТЕГІ ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІКТЕР

Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы мен Бәйтерек ауылдарының арасын жалғайтын жолмен шығысты бетке алып шыққанда солтүстік-шығысқа қарай Көкбастау ауылдық округі көсіліп сала береді. Ауылдық округ шығысында Қызыларық, ал солтүстігінде Нұрлыкент ауылдық округтерімен шектеседі.

Көкбастау – осындағы әулиелі бастаудың атауы. Ауылдық округ орталығы — Теріс ауылының бергі тарихы шамамен көршілес Нұрлыкент ауылымен сабақтаса өрбиді. ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басында Ресейдің ішкі аймақтарынан Жуалы өлкесіне қоныс аударған орыс қарашекпенділерінің күшімен әуелі өзеннің сол жағасынан Бурное (кейіннен Бурно-Ивановск, Бурнооктябрьск аталған), ал оң жағасынан Теріс селолары пайда болған.
Переселендер өзеннің сағасы мен сай-салаларда егін салып, мал бағып күнелтіп отырған отырықшы қазақ әулеті Беркімбай ұрпақтарын тауға ығыстырған. Беркімбайдың Бектеміс атты ұлы Теріс өзенінің сағасынан арық қазып, су шығарған. Оның арығы бүгінде де елдің қажетіне жарап тұр. Теріс ауылындағы бір көше Бектеміс Беркімбайұлының атына берілген.
Бертінде, кеңес заманында Теріс ауылы шаруашылығы өркендеген «Большевик» колхозының орталығына айналып, ауылдың шығыс бөлігінен жаңа көшелер түсіп, типтік үлгімен салынған үйлер мен сәулетті, бойшаң ғимараттар көптеп бой көтерді. Сөйтіп, ауылдың бұрынғы бөлігі «Ескі Теріс», ал кейінгісі «Жаңа Теріс» деген атауға ие болды. Бүгінгі Көктөбе, Қосбөлтек, Теріс және Бақалы ауылдары сол «Большевик» колхозының бөлімшелері болған.
«Өткенге – салауат». Көкбастау ауылдық округі 1993 жылы бұрынғы «Большевик» колхозының аумағында құрылған жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік. Теріс ауылы ауылдық округ орталығы болып белгіленді. Ол аудан орталығынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ауылдық округтің жер көлемі – 40,6 мың гектар, оның 31,5 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, соның ішінде 9,0 мың гектары – егістік жерлер. Бүгінде ауылдық округтің құрамындағы ауылдардағы 530 аулада 3 155 адам тұрады. Аймақтағы экономикалық белсенді халық саны — 1 673, 570 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыса, 1103 адам жалдамалы жұмыскерлер санатында. Жыл басынан бері жұмыспен қамту органына жұмыс іздеуші ретінде ешкім бармаған.
Округте екі шағын және орта бизнес субъектісі, мал бордақылау бағытындағы бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 121 шаруа қожалығы, 83 жеке кәсіпкер тіркелген. Көкбастау шаруалары 2019 жылдың өнімі үшін 398 гектар бидай, 1 652 гектар арпа, 10 гектар дәндік жүгері, 45 гектар қант қызылшасын, 410 гектар картоп, 50 гектар көкөніс, 1 250 гектар майлы дақылдар отырғызып, барлық алқаптардың өнімдерін дер кезінде жинап алды.
Ауылдық округке қарасты елді мекендерде екі орта, бір бастауыш мектеп, үш балабақша, төрт кітапхана жұмыс істейді, тұрғындарға 2 медпункт, почта байланысы бөлімшесі қызмет көрсетеді. Ауылдық округ әкімдігінің мәліметтеріне қарағанда, округ аумағында аз қамтылған 22 отбасындағы 139 адам мемлекеттен жәрдемақы алады. Ауылдық округтің ауылдары жолаушылар көлігі қатынасымен қамтылмаған. Тұрғындар іргеде тұрған аудан орталығына бару үшін жекеменшік адам тасымалымен шұғылданушылар қызметіне жүгінеді.
Осы Көкбастау ауылдық округінің аумағында Жылқышытөбе деген төбе бар. Бұл соңғы бірер жылда астынан ескі қаланың жұрты табылуымен әйгілі болды. Бақалы ауылының кіреберіс батысында орын тепкен осы төбеде және Теріс ауылының астында тұнып тұрған тарих бары, ықылым замандарда қала мәдениеті өркен жайғаны ауылдықтарға осыған дейін беймәлім болып келген. Жергілікті тұрғындар бұған дәлел боларлықтай құнды жәдігерлерді төбенің маңынан және өз аулаларынан тауып алып жүрген. Археолог-ғалымдар назарына ертеректе ілінген бұл табылымның сырын ашу өткен жылы ғана шындап қолға алынды.
Сол Жылқышытөбеде және оның төңірегінде былтыр және биыл ала жаздай қазба жұмыстары қызу жүргізілді. Онымен ҚР Ұлттық ғылым академиясының Әлкей Марғұлан атындағы Археология ғылыми институтының қызметкерлері шұғылдануда. Қаланың орны шартты түрде «Бурнооктябрьское-1» деп аталады. Ғылыми институттың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Дөкей Тәлеев көне қаланың жасы екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласынан да әріге кететінін айтып отыр. Бұл болжамды қазба жұмыстарының басы-қасында болған белгілі тарихшы, академик Карл Байпақов растап, қаланың қаңлы мемлекеті дәуірлеген тұспа-тұс өмір сүргенін, қаңлылардың қаласы болған деген қорытындыға келген.
Бойы екі қабатты ғимаратқа тең көміндіге айналып, топырақтың астына шомған байырғы қала тұрғындары негізінен егіншілікпен және мал шаруашылығымен шұғылданған. Мұны археологтар тапқан тұрмыстық бұйымдар – көне қыш құмыралар мен темір ыдыстардың сынықтары, пеш орындары, жануарлардың сүйектері дәлелдейді. Олар қазір көмінді астынан аршып алған кіреберіс пен екі бөлменің төбесін жауып, консервациялауда.
Жылқышытөбеден бөлек, бүгінде Теріс ауылының аумағынан «Бурнооктябрьское-2», «Бурнооктябрьское-3» деген шартты атаумен екі бірдей қаланың орны анықталып отыр. Бұйырса, қазба жұмыстары ендігі кезекте осында жалғасады.
Іргелес қоныс тепкен қос бірдей әкімшілік-аумақтық бөлініс орталықтары Теріс және Нұрлыкент ауылдары бағзы заманнан тонның ішкі бауындай араласып жатқан өңірлер. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан жұртты тек ортақ тарих қана емес, жер-суының, жайылымының, тіптен өмір сүру дағдарысының бірлігі біріктіреді. Кешегі кеңес заманында, бүгінде де еңбек ресурстары бірінен біріне өтіп, сеңдей сапырылысып жатады.
Екі ауылдың арасын жол қылып, ерсілі-қарсылы жаяу жалпылап қатынайтындар Теріс өзенінің үстіне салынған темір көпірден өтеді. Халықтың сұранысымен бұл көпір өткен жылы күрделі жөнделді.
Теріс ауылындағы мәдениет үйі 1960-жылдары салынып, отыз жылдан астам халықтың мәдени-рухани дамуына қалтқысыз қызмет етіп келді. Алайда, ол 90-жылдардың аяғында оңтайландыру саясаты тұсында жабылып, қараусыз қалды. Соның салдарынан ғимарат аяусыз тоналып, қабырғасынан басқа ешнәрсесі қалмады. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметіне қарағанда, ескі мәдениет үйі пайдалануға жарамайды. Есесіне, аудан әкімдігі «Большевик» ұжымшарының кеңсесі болған екі қабатты ғимаратты жекеменшіктен мемлекет меншігіне сатып алып, мәдениет үйін ашу бағытында жұмыс жүргізіп жатқанға ұқсайды.
Ауылдың орталық көшесінің бойынан ауыл тұрғыны Нұрсұлтан Райқұлов деген азамат өз меншігіндегі ғимаратты жөндеп, спорт кешені етіп қайта ашу қамында. Бұйырса, бұл арадан спорттың дзюдо, күрес, еркін күрес бөлмелері және жаттығу залы ашылмақ. Бүгінде ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеуі аяқталып, ішкі жылыту жүйесі жүргізілген.
Ауылдық округ аумағын жанай өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің аудан тұрғындарына біраз қолайсыздық әкелгені туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мәселен, күрежолдың бойынан Теріс ауылына кіретін, шығатын жолайрықтар ескерілмеген. Аудан орталығынан ауылға қарай кіреберіс бұрылыс бар болғанымен, шығаберісі жоқ. Ауылдан аудан орталығына шыққан көлік жолдың арғы жағына өту үшін Нұрлыкент ауылына дейін бірнеше шақырымды артық жүріп өтіп қана, артқа қайырылуға мәжбүр. Жолдың арғы бетіне тоқтаған көліктен түскен жолаушыға да дәл солай жайсыз. Үлкен жолдың ауыл жақ бетіне өту үшін жаяу жүргіншілер аралықтағы белуардан келетін темір кедергіні аттап өтуі тиіс.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *