Сексенінде тұлпар жаратқан Тұрсекең

Шынтуайтында, адамзаттың бүгінгі мәдениеті мен өнерінде Ұлы дала өркениетінің өзіндік орны бар. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы дала жұртының көпқырлы қам-қарекетін жан-жақты қамтып қана қоймай, тарихымызды терең пайымдап, жете түсінуге, әлем тарихына қосқан үлесіміз бен жаһандық даму үрдісіне тигізген зор септігімізді қайта зерделеп, дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейді.
Осының бәрі айналып келгенде, қазақ халқының ежелден ат баптап, жылқының қасиетті жануар екенін ұғынғанын білдіреді. Сол себепті атқа міну мәдениетін орнықтырған қазақ дегенге ешкімнің таласы болмас.

Билікөл аймағындағы алыс-жақын ағайынға бір кісідей сыйы бар, сексеннің бел ортасына дендей енсе де, көкпар дегенде делебесі қозып тұратын көнекөз қариялардың бірі — Тұрсынбай Паширов. Бүкіл ғұмыры ауылда өткен ол арман қуып, әуелі Жамбылдағы мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға түскен. Алайда, көп ұзамай, жас жігіт мал дәрігерлік техникумның есігін ашады. Ондағысы, ауылда өсіп, төрт түлік малдың жайын ойлағаннан, кейінгі өмірі мал бағумен байланысты өтетінін білгеннен шығар. Оның үстіне бала кезден ат жалын тартып мініп, көкпарды тақымға басып үйренген жеткіншекке қала өмірі мүлдем қы¬зықсыз көрінген-ді.
Осы қарсаңда кеңшар биязы жүнді меринос қойын өсіруге жаңадан бет бұрып, әкесі Луговойдан әкелген бір отар қойды қабылдап алған. Міне, Тұрсынбай техникумды бітіріп келген бойда, әкесі Паширдың қолынан шопан таяғын алып, ата кәсіпке біржола ден қойды.
Әлі есінде, 1960-жылдардың басы болса керек. Мұның көкпарға икемі бар екенін естіп, ауылға «Әулиеата» ат спорты клу¬бының басшысы, танымал көк¬паршы Нәби Момынов келді. Қасында кілең қарулы, тақымы мықты жігіттер. Алғашқы таныстықтан кейін Нәби ауылға жиі келгіштеп жүрді.
Бірде Нәби көрші қыр¬ғыздарда көкпар болатынын айтып, сонда шақыр¬ды. Бұрын сыртқа шықпаған жігіт көп ойланбастан баруға бел буады. Намысқа барынша тырысып, алғашқы көкпарды тар¬тысты өткізді. Ауылда тақымы бос қайтып көрмеген Тұрсынбай бұл жақтан да олжалы оралды. Небір азулы қарсыластарға дес бермей, оза шапты.
Сол сәтті сапардан кейін қырғыздарға жиі барғыштайтын болды. Көп ұзамай, ондағы көкпаршыларға өз атымен танылып үлгерді. Жеңілген күреске тойған ба, барған сайын ондағылар мықтыла¬рын сайлап отыратын. Көкпардың қызығына әбден берілгені сондай, ет қызумен аяқ-қолын, бұғанасын сындырып та алды.
Бүгінде жасы сексеннен асып, ата сақалы аузына түсіп отырса да, Тұрсекең көкпар болады десе, елеңдеп тұрады. Қазір үйінде айғыр баптап отыр.
— Жылқының қасиетін бір білсе, қазақ біледі ғой. Әйтпесе, ат үс¬тінде осылай селкілдеп отырар ма едік? Біздің елдің жігіттері көкпар десе ішкен асын жерге қояды. Кеңшардың кезінде ауданда, облыста малшылар жиындары жиі ұйымдастырылып тұратын. Онда басқа ойын-сауықтармен қатар ұлттық ат спорты ойындарына да жақсы мән берілетін. Бойда қызу қан бар, отыз-қырық жас аралығында көкпардың басы-қасында біз де жүретінбіз. Ар жақтан, Жамбыл ұжымшарынан Мамбаев Жандар деген шабандоз жігіт шықты, Қазақстанда одан асқан мықты көкпаршы жоқ еді. Осы Кененнің Қордайда өткен бір тойына барғаным есімде. Әлгі Жандар деген жігіт аударыспақта тоғыз адамды бірінен кейін бірін лақтырды. Ауданның құрама командада Шыңбұлақтан Әділбек Тастеміров деген шабандозбен бірге шаптық. Өкініштісі, ол тұста қатар шапқан жігіттердің көбі бүгінде арамызда жоқ. Мықты еді-ау, біздің жігіттер! — дейді қария бізбен әңгімесінде.
— Аттың бабын табу өте қиын. Бабы дұрыс келмеген ат бәйгеге шаппайды. Адам да сондай, ылғи қырып шаба бермейді, тек бабы келіссе ғана шабады. Өзінің бір орайы келеді, сол кезде одан ешкім де көкпарды тартып ала алмайды. Негізі, ат адамға үйренеді. Адамның ыңғайына үйренген ат иесінің ықпалында болады.
Бірде көкпарға барсам, бір үлкен ағамыз астымдағы айғырды сұрады. Мен атымнан түсіп, оған бердім. Ол айғырды мініп, көкпарды алып келе жатыр еді, бір уақта ат кілт бұрылғанда, ағамыз аттан құлап түсіп, бұғанасын сындырып алды. Аттың пиғылын білмейді. Ағамды үйіне апарғанда жеңгеміз «Әй, албасты, сенің денең ауыр, атқа баяғыда шапсаң, шапқан шығарсың, қазір аттың жағдайын білмейсің» деп тілімен безегені бар емес пе?
Ат езуінен қайтады. Қалай бұратыныңды иесінің емеурінен танып, сезе қояды. Егер тіке шапсаң, шаба бересің. Аттың ең жақсысы, екі жағына бірдей қайтуы. Ондай көкпаршының тақымы мықты болады, — дейді Тұрсекең тұлпар баптаудың қыр-сыры туралы бізбен әңгімесінде.
Көкпарға қызығушылығы әке қанымен ұлдарына да беріліп, Әбілсейіті «Әулиеата» ат спорты клубының белді мүшесі, ал Болатбегі де ат құлағында ойнайды.
Бүгінде әулеттің Жылыбұлақ ауылындағы шаруашылығының мал фермасында үлкен ұлы Асқар отыр. Тұрсекең Құдай қосқан қосағымен екеуі Алладан ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің амандығын тілеп, жүріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *