Ауылдарда шағын зауыттар салынбақ

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының атқарылу барысы қаралды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашов жоба аясындағы пилоттық он ауылдық округтер бойынша бекітілген жұмыс алгоритмнің орындалуы туралы баяндады.

Басқарма басшысы жобаға қатысушылардың өтінімдерін қабылдаудың күнделікті жоспары белгіленгенін айтып, ол бағытта қызу жұмыстар жүрігізіліп жатқанын жеткізді. Бүгінде «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 1 421 құжат өткізіліп, оның 1 350-і қабылданған. 71 құжат қайта қаралуға жіберілген. Сондай-ақ, сатып алынатын мал басының, тұқым мен тыңайтқыштың, жем-шөптің жоспарлы көрсеткіші мен құрылған кооперативтердің қажетті техникамен қамтылу жүйесіне тоқталды.
Асқар Исабекұлы Үкіметте бекітілген тиісті қаражаттың бүгін-ертең түсетінін тілге тиек етіп, құжат қабылдау шараларын толығымен аяқтауды тапсырды. Ол бойынша жоспарды толық орындамаған аудандардың сылбыр жұмыстарын сынға алып, нақты міндеттер жүктеді.
Облыс басшысы жоба аясында ауылдарда құрылған кооперативтердің техника базаларының орналасу аймағына көңіл бөліп, алдағы уақытта ауылдық округтер маңынан шағын қайта өңдеу зауыттары салудың маңыздылығына назар аудартты. Ол бойынша жоспарлы жұмыстарды қазірден жүйелей беру керектігін ескертті.
Айта кетейік, тұтастай халық игілігіне негізделген жобаның пилоттық режиміне өңірдегі он ауылдық округ енген десек, бұған дейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов барлық ауданға ат басын бұрып, таңдалып алынған ауылдарға қайтара арнайы барған болатын. Жергілікті тұрғындармен тікелей тілдескен өңір басшысы жобаның маңыздылығы мен оған барлық ауылдықтарды жаппай қамту мәселесіне айрықша көңіл бөліп, ол үшін барлық тиімділіктер қарастырылып жатқаның тілге тиек еткен-ді.

«Ауыл-аймақ»-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *