ҚЫЗЫЛША АЛҚАБЫНДА – ҚЫЗУ ЖҰМЫС

Берекесі мол күз айларында диқандар үшін аса маңызды дақылдардың бірі саналатын қант қызылшасын жинау науқаны басталды. Қазіргі таңда агроқұрылым алқаптарында жұмыс қызған. Тәтті түбірді қар астында қалдырмай, жылдам жинап, зауытқа жөнелту жұмыстарын қолға алған шаруаларда тыным жоқ.

Жалпы, аудан бойынша 490 гектар алқапқа себілген қант қызылшасының биылғы шығымы жақсы. Заманауи технологияларды пайдаланып, техника мен тыңайтқыштарды тиімді қолдануды үйренген шаруалар өнімнің мол боларына сенімді. Қазірдің өзінде Бетқайнар ауылдық округінде орналасқан «Алмаз» шаруа қожалығы 980 тонна, «Мақұлбаев» шаруа қожалығы 186 тонна қант қызылшасын Меркідегі қант зауытына өткізіп үлгерген. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, жалпы аудан диқандары қант қызылшасын 181 гектар алқаптан жинап, 3996 тонна өнім алып, қант зауытына 1662 тонна қызылшаны жеткізген. Әсіресе, Ноғайбай, Қақпатас және Қасық ауылдық округтерінде «балтамырды» жинау жұмыстары қарқын алған. Өнімді шашау шығармай жинауға техника да сақадай сай. Үш дана қызылша жинайтын комбайн, сегіз дана пәлек кескіш (ботворез), үш тиегіш, сегіз дана арнайы қызылша қазғыш техниканың көмегімен жұмыс көрігін қыздырған диқандар бұл науқанды жемісті аяқтауға үмітті.

Сайын ТҰРЛЫХАН,
Қордай ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *