Жұмыс жайымен танысып қайтты

Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев жұмыс сапарымен Байзақ ауданында болды. Мұратхан Жүнісәліұлын аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков күтіп алды. Облыс әкімінің орынбасары алғашқы жұмыс сапарын Бурыл ауылдық округінде орналасқан «Нұрислам» шаруа қожалығынан бастады.

Шаруа қожалық он гектар алқапқа егілген қант қызылшасы дақылын жинау үстінде екен. Мұндағы егілген тәтті түбірден гектарына 650 центнерден өнім алынуда.
Шаруаның тындырымды тірлігіне табыс тілеген Мұратхан Жүнісәліұлы Көктал ауылындағы «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты. Серіктестіктің құс фабрикасында қарбалас жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұндағы қайта құрылымдау жұмыстарынан хабардар еткен серіктестік басшысы алдағы жоспарларымен бөлісті. Келер жылдың күзінде пайдалануға беріледі деп жоспарланған фабрикаға қосымша облыс көлемінен 30 гектар жер қажеттігі, оған қоса көлемі бес гектарды құрайтын, инфрақұрылымы жүргізілген ауылдық жерлерден шағын отбасылық құс өсіретін орындар ашу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, Диқан ауылдық округіндегі «Бақыт» шаруа қожалығы да отыз гектар алқапқа егілген қант қызылшасын техника тапшылығынан қолмен жинауда екен. Шаруа қожалық жетекшісі бұл жердегі дақылдың гектарына 250-300 центнерден айналуын кеш егілгендігімен әрі дәрілеу жұмыстарында кеткен олқылықтармен түсіндірді. Сапар барысында «Сәмбет» каналына жүргізіліп жатқан тазалау жұмыстары да назардан тыс қалмады.
Нысандарды аралағаннан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді. Алдымен қабылдауға келген Бурыл ауылының тұрғыны Наталья Шейрер тұрғын үйге көршілес орналасқан консервілеу цехының құрылысына наразылығын білдірсе, сарыкемерлік тұрғын Мархаба Реимбаева үйінің артындағы бос жатқан жер учаскесін алып, мал өсіруге қаражат сұрай келіпті. Аймантөбе ауылының тұрғыны Гүлханыс Нұржігітова сапар барысында облыс әкімінің орынбасары куә болған жағдайға қатысты қант қызылшасын жинауға арналған комбайн алу үшін көмек сұраса, сарыкемерлік тұрғын Шапай Таңатаров егін егетін жер беру туралы өтінішпен келген. Ал, Суханбаев ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасұзақ Момбаев «МР-3», «МР-4» каналдарын тазалауға қатысты өтінішін айтты. Қабылдау барысында айтылған ұсыныс-өтініштердің кейбірі шешімін тауып, кейбір мәселелерге байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Сапар соңында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданның агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді.
Кеңесте Мұратхан Жүнісәліұлы кеңес отырысына дейін аудандағы бірқатар ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы нысандарының жай-күйімен танысқанын жеткізді. Ауданға қатысты ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер, су және тағы басқа өзекті мәселелер кеңінен қаралды. Осы бағытта облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев, ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Шыршынбаев, жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жамалбек Әсембаевтар өз салалары бойынша ауданға қатысты мәселелерді баяндады. Баяндамада көтерілген өзекті мәселелер талқыланып, кейбір кемшін тұстары айтылды. Тез арада берілген тапсырмаларды бақылауға алып, жүзеге асыру туралы тиісті сала басшылары мен аудан әкімдігіне тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау барысында нақты тапсырмалар беріп, бос жатқан жерді анықтауды, кеңесте көтерілген барлық мәселелерді бақылауға алып, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Облыс орталығынан келген басқарма басшылары өз салалары бойынша айтылған мәселелердің аудандарда орындалуына талдау жүргізіп, нәтижесін апта сайын баяндап отыратын болды.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *