Өнегелі отбасынан үлгілі ұрпақ өседі

Ел арасында «Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбересін әлпештей өсіріп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың көптігі ризалық сезіміне бөлейді. Халық өсімі – ел өркендеуінің өзегі. Сарысу өңіріндегі демографиялық өсім де жыл санап жақсарып келеді.Бұл үрдіске Жайылма ауылының тұрғыны Жанбөрі Убайдуллаұлы Сыздықовтың да отбасы да өзіндік үлес қосып отыр.

Жайылма ауылынан 10 шақырым қашықтықта «Ұялыағаш» аталып кеткен жерде мекен еткен, шаруақожалықтың иесі Жанбөрі Сыздықов пен Жазира Мамбетованың отау құрғандарына биыл 13 жыл толыпты. Осы жылдар арасында шаңырақтарында татулық пен ауызбіршілік салтанат құрған. Қазіргі уақытта 6 баланы өсіріп, тәрбиелеп отыр. 35 жастағы көпбалалы ана бала тәрбиесінде — үнемі ізденіс, еңбекқорлық пен әділдікті басшылыққа алады екен.
Жазира Мамбетова – көпбалалы ана. Отанасы үй шаруасы мен бала тәрбиесінде, ал отағасы мал шаруашылығымен айналысып жанұясын асырап отыр.Еңбекпен есейген Жанбөрі қашанда балаларына адал еңбек етіп, үлгілі болуларын айтып отырады.
– Бізге ешкім үйіп-төгіп бере салған жоқ. «Убайдулла» шаруа қожалығын ашқанан бері біртіндеп еңбек етумен бүгінгідей халге жеттік. Сондықтан өкімет тарапынан беріліп жатқан, ауылшаруашылық басқа да жеңілдіктерді алу арқылы тұрмыс тіктеу бұл әлдеқайда дұрыс тіршіліктей, – дейді Ж. Сыздықов.
Жары Жазира тұрмысқа шыққан күннен бастап үй шаруасымен қоса 50 ге тарта түйе сауумен айналысып келеді.
Сүті сусын, еті тамақ, жүні киім осы бір түлік қадірлі болған соң, қазақтың «Мал өсірсең, түйе өсір, өнімі оның көл көсір» дейтіні.
Президент Қ.Тоқаев аграрлық саланы жіті назарында ұстап, дамытуға басымдық беру елдің экономикалық әлеуетінің артуына серпін болатынын әркез айтып жүр. Ауылшаруашылық саласындағы өндірістің көлемін ұлғайтып, шеттен келетін азық-түлік өнімдерін импорттауды азайтып, керісінше, өзіміздің тапқан тауарымызды экспортқа көптеп шығару керектігін үнемі қаперге салып келеді.
Осы жерден үй салып, егіс егіп, жүзге тарта түйе-жылқы іріқара малын ұстап отбасын асырап, халқына да пайдасын тигізіп отырған Жанбөрі «Убайдулла» шаруа қожалығының иесі.
Тек түйе,жылқы ғана өсірмей, отбасында жары Жазира қызанақ, алма, қияр, басқа да түрлі жеміс ағаштарын күтіп баптауда шебер.
Жалғыз үйлі емес, бұл жерді бейне жер жәннаты деуге тұрарлық. Кептерлер мен тотықұстардың түрлері, есік алдында қолдан жасалған ауқымды аквориумда 10-нан аса балық түрлері суда шоршып түсіп, көздің жауын алады.
Балық түрлерін тартылған өзендер мен көлдерден, су жағалауларынан алып келіп, осындай жағдай жасап отырғандықтарын айтып, бұл күнде балықтар көбейіп, қыста су астында, жазда бетінде ойнақтап, бұл да бір тіршілігімге айналды дейді.
Жаны керектің бәрі осы үйден табылған отбасы көпке үлгі, өнеге.
«Ешкімде ешкімнен артық немесе кем көрмеймін», — дейді Жанбөрі. Алланың берген 5 қыз 1 ұлын бірдей жақсы көремін дейді. Расында да біздің ұлттық құндылықтарымыздың бастауы – отбасы.
Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі.
Менің ойымша, бақытты отбасы шаңырағынан бақытты ұрпақ тәрбиеленіп шығады.
Бақытты ұрпақтан құралған ұлт та, қоғам да бақытты болады. «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде оларға жасайтын имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңірсек,тәлім-тәрбие берсек,сонда ғана рухы дамыған, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерінде де үлкен мән бар.
«Әке — асқар тау,
Ана — етегіндегі бұлақ,
Бала — жағасындағы құрақ» .
Олай болса қашанда «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі»,- дейміз. Шынында отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі, негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады.
Ата-анасын, аға-сіңлілерін сыйлай білген, жақындарына жақсылық тілеген адам, болашақта еліне, оның дамуына көп септігін тигізеді.
Жанбөрінің айтуынша, кез-келген қазақ отбасындағыдай бұл әулетте де үлкенді құрметтеу,кішіге ізетпен қарау қағидасы бірінші орында тұрады.
Бұл шаңырақта әлі күнге дейін үлкенге «сен» деп сөйлемек түгілі, алдын кесіп өтпеуге мән беріледі.
Үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемейтіндігі сияқты жазылмаған ережелер қатаң сақталады.
Бұл бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке- жеке мән беріп қарастыратын қазақ отбасының өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысы.
Отбасы мүшелерінің арасында бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған Жанбөрі мен Жазира – нағыз еңбекқор, текті жандар деп ел алдында мақтана көрсетуге тұрарлық.

Дариха Үмбетиярова,
Сарысу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *