Тұрғындар мәселесіне құлақ түрді

Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы жалпы өңір халқының арасында кең қолдауға ие болуда. Пилоттық жобаға енген он ауылдық округтен бөлек басқа да елдімекендердің тұрғындары игі бастамаға қызығушылық танытып, ол бойынша жұмыс жасауға деген жоғары ниеттерін білдіруде. Бұл туралы облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметовтың Байзақ ауданында өткізген қоғамдық қабылдауында айтылды.

Партияның аудандық филиалының ғимаратында өткен қабылдауға ауданның бес тұрғыны қатысып, көкейлерін өзекті сауалдарын жолдап, орамды ой-пікірлерін ортаға салды. Айталық, Түймекент және Қызыл жұлдыз ауылдық округінің тұрғындары Жомарт Мұхамбетжанов пен Асылбек Өмірзақов ауылдықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаның маңыздылығына көңіл бөліп, өз округтерінің жобаға қашан енетінін сұрап, ауылдастары да жоба аясында тер төгіп, тұрмысын тіктеуге асық екенін жеткізді. Түймекенттік Жомарт Мұхамбетжанов ауылдастарының мал шаруашылығына бейім, үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеріп, екі айналымда өнім алуға дайын екендігін айтып, тек қолдау болса деген ниетін білдірді. Ал, қызылжұлдыздық Жомарт Мұхамбетжанов округінде кооператив құрып, тиісті жұмыстарды бастап кеткенін айтты.
Асқар Исабекұлы жобаның бүгінде пилоттық режимі жүзеге асып жатқаның айтып, тиісті қаражат қараша айының басында түсетінін тілге тиек етті. Он ауылдық округтегі пилоттық жоба өз нәтижесін берсе, келер жылы өңірдегі барлық ауылдық округ түгелдей қамтылатынына назар аудартты. Сондай-ақ, өңір басшысы жауапты тұлғаларға барлық ауылдық округтердің жобаға дайындығын барлап, пысықтауды бүгіннен бастауды, ол үшін жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Қоғамдық қабылдауға жазылған өзге де тұлғалар түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Сарыкемер ауылының тұрғыны, зейнеткер Қыдырәлі Оралов тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандардың өтінішін білдіріп, жер телімдерін беру мәселесін шешіп беруді сұрады.
Ауылдың Бас жоспарына сәйкес елді мекен шегін кеңейту мақсатында 217,33 га жер телімі енгізілген. Аймақ басшысы ол жердің құнының тым қымбат екендігіне көңіл бөліп, оңтайландыру керектігін айтты. Сондай-ақ, ол жердің суармалы алқап екенін ескеру қажеттігін жеткізіп, Байзақ ауданының халық тығыздығына назар аудартып, жер телімдерін өзге аудандардың бос аумақтарынан берудің маңыздылығына тоқталды.
Қабылдауда байзақтықтар ауыз су, газ тарту мәселелерін де көтеріп, нақты жауаптар ала білді. Айта кетейік, облыс әкімінің қоғамдық қабылдауы алдағы уақытта басқа да аудандар да жалғасын таппақ.

«Ауыл-аймақ»-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *