Шет елдермен әріптестік қатынас беки түседі

Нидерландылық «Farm Frites» компаниясы аймақта ірі зауыт салуға ниетті

Жамбыл облысының географиялық тұрғыда тиімді орналасуы аймаққа инвесторларды тартуға үлкен септігін тигізіп келеді. Осының арқасында өңірде шетелдік ірі компаниялармен бірлескен бірнеше өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар салынып, жұмыс істеуде. Десе де Әулиеата жеріне инвесторлар тарту ісі тоқтамақ емес. Осы орайда, жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов Нидерланды мемлекетінің «Farm Frites» компаниясының өкілі Йос ден Бурмен кездесіп, аймақта бірлескен кәсіпорын ашу туралы келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар 2022 жылдың қыркүйек дейін облыста картоп фриін өндіретін зауыт салу мәселесін талқылады.

Бүгінде картоп фриі өндірісі бойынша әлемдегі ең үздік 5 компанияның бірі саналатын голландиялық кәсіпорын тамақ өнеркәсібінің алпауыттары «McDonalds» мен «KFС»-ді шикізатпен қамтамасыз етіп келеді. Алғаш өнімін жарты ғасыр бұрын шығарған Farm Frites келер жылдың басында «Тараз» химиялық паркі» еркін экономикалық аймағынан картоп фриін шығаратын зауыттың құрылысын бастамақ.
–Біздің компания Қазақстан нарығына 2015 жылы келді. Осы аралықта біз Қазақстанның барлық аумағындағы картоп алқаптарынан сынама алдық. Дәл осы Жамбыл өңіріндегі сынама жоғары өнімділік көрсетті. Оған қоса біздің жобаға «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы қызығушылық танытып, «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағында жұмыс жасауды ұсынды. Біз бұл ұсынысты қуана қабылдап, еркін экономикалық аймақтың мүмкіндігін зерделедік. 2020 жылдың сәуір айында зауыт құрылысын бастап, 2022 жылы алғашқы картоп фриін нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Өндіріс орнының қуаттылығы жылына 70 мың тоннаны құрайды, – деді «Farm Frites» компаниясының жобалық директоры Йос ден Бур.
Компанияның өндіріске қатысты жоспарымен танысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің зауытты шикізатпен қамтудағы жоғары әлеуетін ескеруді айтты. Мәселен ағымдағы жылы облыста 10 мың гектар алқапқа картоп егілген. Өңір шаруалары картоп алқабын сұранысқа байланысты ұлғайтуға ниетті.
– Біз де өз тарапымыздан бұл жобаның тиімділігі көріп отырмыз. Картоп фриінің өндірісі инвестициялық жоба ғана емес. Әрі ауыл шаруашылығының әлеуеті көтерудің тағы бір мүмкіндігі.Жамбылдық шаруалар компанияны шикізаттың қажетті қорымен қамтамасыз ете алады. Оған қоса өңірге ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу саласында заманауи жабдықталған зауыт қажет. Осы факторларды ескере отырып, біз жобаның іске асырылуын құптаймыз. Келісімді ресми түрде рәсімдеп онда жобаны жүзеге асырудағы әкімдік жауапкершілігін де ескерген жөн, – деді Асқар Исабекұлы.
Өңір басшысы кездесуде голландиялық компания өкілдеріне картоп фриі зауытына қажетті кадрларды дайындаудың мүмкіндіктері де қарастырылатынын жеткізді.
Өз кезегінде «Farm Frites» компаниясының жобалық директоры Йос ден Бур облыс әкіміне нәтижелі кездесу үшін ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «QAZAQ SODA LLP» компаниясының директоры Исмайл Жейланды қабылдады. Кездесу барысында тараптар Сарысу ауданында қолға алынған кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша жұмыс жасайтын өндіріс ошағын ашу мүмкіндіктерін талқылады.
«QAZAQ SODA LLP» компаниясының директоры Исмайл Жейлан облыс әкімінен электрэнергиясымен туындаған мәселені шешіп беру туралы өтінішпен қайырылды. Сондай-ақ компанияға өнімді тасымалдау үшін қажетті теміржол құрылысын бастау үшін жер қажет. Өз кезегінде өңір басшысы инвесторларға қажетті инфрақұрылым желілерін тартуды бюджеттен қаржыландырудың өз талаптары бар екенін ескертті. Сондықтан келер жылға бюджеттік өтінім беруге үлгермеген өндіріс ошағының басшылығына қажетті жұмыстарды әзірге өз қаржысымен жасауға тура келеді.
Түркиялық тарап бұл талапқа келісім беріп, оны арнайы құжатпен рәсімдеуді ұсынды. Жобаның алғашқы кезеңінде компания 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Ал өндіріс ошағы ашылған сәтте мұнда жұмыс жасаушылардың 95 пайызын жергілікті тұрғындар құрамақ. Сәйкесінше кездесуді қажетті кадрларды даярлау мәселесі де сөз болып, тараптар өзара келісімге келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *