Халықтың әл-ауқатын көтерудің тиімді тетігі

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов Талас ауданына жұмыс сапарымен барғанында аудандағы «Ақбас» шаруа қожалығында болып, ондағы оң жұмыстарға жақсы бағасын берді. Төрт түліктің барлық түрін өсіріп отырған шаруа қожалықтың шырайы келісіп-ақ тұр. Мал өнімділігін арттыру үшін барлық тиімділіктерді кәдеге асырып отырған құрылым өзінің жайылым өрісін сумен қамтуға мемлекеттен сәл демеу болса дейді. Мақсаты – құдық қазу. Айта кетейік, ондай әр құдықты қазуға шамамен 6 миллиондай қаражат кетеді десек, Талас ауданында бүгінде 150 құдық қазу қажеттілігі сезілуде екен. Жалпы 900 миллион теңге қаржы керек. Бұл бір ғана аудандағы көрсеткіш. Асқар Исабекұлы осыған назар аудартып, қаржыны тиімді жұмсау жолына көңіл бөлді. Ол үшін өңірімізде құрылған механикалық жасаққа арнайы техникаларды алып беріп, соның есебінен құдық қазуды жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Бұдан соң облыс әкімі Үшарал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуда аймақ басшысына облыс халқының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысы баяндалды.
Ауқымды жобаның алғашқы кезеңі бойынша пилоттық негізге таңдалынып алынған он ауылдық округтің біріне саналатын Үшаралға аумақтағы үш елді мекен қарайды. Ондағы 326 аулада 2207 адам тұрады. Округтағы бұл 326 ауланың үй іргесіндегі жер көлемі 44,17 гектарға тең. Оның ішінде толық сумен қамтылғаны 22,34 гектар болса, 21,8 гектары судың жоқтығынан пайдаланусыз жатыр. Осы орайда жобаның алғашқы бағыты бойынша 261 аула өтінім берген. Олардың дені көкөніс түрлерін өсіруге ниетті. Қарбыз мен қауын егіп, табысқа кеңелем деушілер де жоқ емес. Асқар Исабекұлы мүмкіндігінше округтегі барлық аула-тұрғындарын жобаға тарту керектігін баса айтты. Су мәселесін де жоба аясында шешуді тапсырды.
Аталмыш ауылда мал шаруашылығы бойынша да төрт түлігін еселеп, өнімділікті арттыруға ниеттеніп отырғандар аз емес. Олардың саны – 246 аула. Бүгінде бұл бағытта «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына барлығы 26 өтінім түссе, оның 15-інің құжаттары қабылданған. Ал, 11 өтінімнің құжаттары қайта қаралуға жіберілген. Өңір басшысы, жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығымен айналысам деушілердің қарасы қалың екендігін тілге тиек етіп, ата-кәсіпті жандандырып, тұрмысын түзегісі келетіндердің салын суға кетірмеуге аса көңіл бөлді. Алайда түгел бір бағытта емес, қосалқы шаруашылықты жан-жақты табыс көзіне айналдыру керектігін ескертті. Сондай-ақ, бұл пилоттық жоба өңірдегі он ауылда жемісті жүзеге асса, облыстың барлық округтерінде, одан кейін ел көлемінде қолға алынатынын жеткізіп, алғашқы кезеннің жауапкершілігін сезіндірді. Тұрғындар да өз кезегінде жобаның ауыл болашағы үшін баянды бастама болып отырғанын айтты. Олардың арасында бүгінде қосалқы шаруашылық тиімді табыс көзіне айналдырып, екі айналымда өнім алып отырғанын, өзгелерге тәжірибесімен бөлісуге дайын екендіктерін білдірді. Жұртшылық бүгінде жобаның барысын жете түсініп, әу бастағы күдіктен толықтай арылған. Жұмыла жұмыс жасауға дайын.
Тұрғындармен кездесуден соң облыс басшысы Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектепке атбасын бұрды. 1980 жылы пайдалануға берілген білім ордасы 2014 жылы есік-терезе, едені бойынша күрделі жөндеуден өтсе, 2017 жылы ғимаратының «Д», «В» блогы және мектеп айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде онда 255 оқушы білім алуда. Аудандағы сапары барысында өңір басшысы Үшарал ауылындағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылысты мердігер «Корпорация ЖилСтрой-Тараз» ЖШС-і жүргізуде. Жобалық құны 246,1 миллион теңгені құрайды. Бір мезетте 42 спортшыны қабылдауға қауқарлы екі қабатты спорт кешенінде үлкен ойын залы, таэквандо, күрес залдары, тамбур, вестибюль, инструкторлар бөлмесі орналасқан. Нысан облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілмек.
Облыс әкімінің Талас ауданындағы жұмыс сапары Ақкөл ауылдық округінде орналасқан «Бекен» шаруа қожалығында түйінделді. Аталған шаруа қожалықтың құрылғанына отыз жылға жуықтаған. Осы жылдар ішінде шаруасын барынша шалқытуға күш салған.
Бүгінде мал шаруашылығы және егіншілікпен қатар айналысып отырған шаруа қожалық төрт түлігін өрбітіп, егістік алқабын жайқалтып отыр. Өздеріне қажетті техникалары да түгел. 8 адамды тұрақты, 25 адамды маусымдық жұмыспен қамтыған қожалық оларға орташа есеппен 75 мың айлық жалақы төлеуде. Бүгінде қызылша, картоп, сәбіз, пияз, жержаңғақ өсіруде. Биыл алғаш рет сынама ретінде екі гектар аумаққа жержаңғақ өсіруді қолға алған қожалық иесі Нұржаппар Исахметов бұршақ тұқымдасына жататын бұл майлы дақылкөлемін келер жылдан бастап кеңейтуге ниеттеніп отырғанын тілге тиек етті. Асқар Исабекұлы жержаңғақ өсірудің шығыны мен табысын зерделеп, тиісінше жеке қосалқы шаруашылықтарда да өсіруді ұйымдастыру керектігін баса айтты.

Келесі кезекте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жұмыс сапары Байзақ ауданында жалғасын тапты. Онда аймақ басшысы Қостөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Қостөбе – облыс тұрғындарының тұрмыс табысын арттыруғ а арналған жобаға енген пилоттық 10 ауылдық округтің бірі. Ауылдық округке үш елді мекен қарайды. Ондағы 1222 аулада барлығы 6710 тұрғын тұрады.
Аталған ауқымды жоба бойынша қостөбеліктер шаруасын шалқытып, тұрмысын тіктеуге дайын. Бүгінде жобаның бірінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықты дамыту бойынша 832 аула тиімді несиеге қол жеткізуге ниет білдірген. Бұл аулалардағы жалпы жер көлемі 85,7 гектарды құрайды. Қазіргі таңда қажетті құжаттар барысы жинақталып, өтінімдер түсуде екен. Қалған аулалардың басым бөлігі бұған дейін де үй іргесіндегі жерлерін ұтымды ұқсатып, бау-бақша ретінде табыс көзіне айналдырып отырғаны белгілі болды.
Қостөбеліктер жоба шарты бойынша аулаларына екі айналым бойынша өнім алудың бар мүмкіндігін қарастыруды көздеп отыр. Олар негізінен қияр мен қызынақ егуді жоспарлауда. Сондай-ақ, ауылдағы төрт аула жылыжай арқылы өнім көлемін еселеп арттыруды ойластырып қойыпты.
Ол ғана емес, екінші бағыт – мал шаруашылығы бойынша ауылдан жобаға 137 қатысушы анықталып, құжаттары түгенделуде. Жоба аясында округте барлық саланы қамту бағытында «Қостөбе-2019» кооперативі құрылған. Құрылым бүгінде ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, жем-шөп даярлау, техникамен қамту бойынша жұмыстар жоспарын әзірлеуде.
Кездесуде ауыл тұрғындары көкейдегі көп сауалдарын жолдап, жоспарларымен бөлісті. Аймақ басшысы сұрақтарға нақты жауаптар беріп, жобаның маңыздылығы туралы баса айтып өтті.
Тұрғындармен кездесуден кейін Асқар Исабекұлы Қостөбе орта мектебіне барып, онда қосымша ғимарат салу секілді өзекті мәселелер барысымен танысты.
Айта кетейік, 450-ден аса оқушысы бар Қостөбе орта мектебіне жанама спорт зал, акт зал, асхана және 3 оқу бөлмесі, газбен жанатын қазандық ғимаратын салу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 млн. теңгеге «Күмбез Тас» ЖШС-і арқылы жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Бастапқыда жоба құны 601,2 миллион теңгені құраса, қазіргі таңда аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан жоба құны 388,6 млн. теңгеге ықшамдалып, облыстық басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылған. Асқар Исабекұлының мәселенің өзектілігіне назар аударып, құрылыс шараларын уақты созбай бастауды тапсырды.
Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Сарыкемер ауылдық округіндегі жеке тұрғын үй құрылысына жоспарланған суармалы жер алқабымен танысты. Ауылдық округте бүгінгі таңда халық санының қарқынды өсуіне байланысты округке қосымша жер қажеттігі сезілуде. Елді- мекен шегін кеңейтуге қажетті алқап көлемі 150 гектарды құрайды.
Бүгінде Сарыкемер елді — мекенінің бас жоспарына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алынатын 15 шаруа қожалыққа қарасты 67 гектар жерді мемлекет мұқтажына алу үшін тиісті жұмыстар жүргізілген. Өңір басшысы аталған алқаптың суармалы екенін ескеріп, бұл мәселенің қайта жан-жақты қаралатынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын аймақ басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл және Жуалы аудандарында болған еді.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *