Зейнетақы қорындағы ақшаны алу – маңызды қадам

Қазақстанның зейнетақы жүйесі – халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтитын сала болғандықтан ондағы өзгерістер жайында жергілікті жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды.

Негізінен осы жылдың 1 тамызына қарай жарналардың барлық түрі бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,17 триллион теңгені құрап, жыл басынан бері 8 пайызға, ал бір жыл ішінде 1,6 триллион теңгеге немесе 19 пайызға өсті. Сондай-ақ осы 1 тамызға дейін жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны жыл басынан бері 152 мыңдай шотқа көбейіп, 10,3 миллион бірлікті құрады.
2019 жылдың жеті айы ішінде зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 124 миллиардтан астам теңгені құрады. Салыстырып қарасақ, былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 110,9 миллиард теңге болған. Бұл ретте жасына байланысты төлемдер – 43,9 миллиард теңге, ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты кетуге байланысты төлемдер – 26,2 миллиард теңге, ал сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 35,5 миллиардтан астам теңге болды.
Биылғы жылғы жаңа енгізілімдердің бірі – жеке зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылуы. Яғни, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін Қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның Қорда міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылған шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен кезде шот автоматты түрде ашылады.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату мақсатында зейнетақы заңнамасына мынадай өзгерістер енгізілді:
— егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті болса, жеке тұлғаларға, олардың ішінде фрилансерлерге берілетін табыстан міндетті зейнетақы жарналарын осы салық агенті төлейтін болады;
— егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жеке тұлғамен жасалған болса, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу – фрилансердің міндеті емес, құқығы болып табылады;
— егер жеке тұлға жалдамалы жұмысшы болса және азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасаса, онда осы шарт бойынша міндетті зейнетақы жарналарын төлеу оның міндеті болып есептелмейді. Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауы тиіс.
2019 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауында отандық зейнетақы жүйесіне ерекше көңіл бөлгені барлығыңызға аян.
2020 жылдан бастап жарналардың жаңа түрі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланған еді. Бұл жарналардың көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Ауқымды бизнес үшін бұл қорқынышты емес шығар, бірақ шағын кәсіпкерлікке ауыр болатыны анық. Осы жәйттарды Мемлекет басшысы ескере отырып аяғынан енді тұрып келе жатқан кәсіпкерлерге жасалған жеңілдік, қолдау ретінде жұмыс берушінің 5 пайыз көлеміндегі міндетті зейнетақы жарналарын енгізу 2023 жылға дейін кейінге шегерілді.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Мен үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін, мысалы үй сатып алу немесе білім алу мақсатына пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын», деді.
Адам өзі жұмысқа орналасып, қаржысын тауып, сол арқылы өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартуы тиіс. Жастардың білім алуы, баспаналы болуы да проблема. Мемлекет басшысының зейнетақы қорындағы ақшаны алу мүмкіндігін беруі бұқара арасында үлкен серпіліс туғызып үлкен үміт сыйлайды деген сенімдемін. Бұл орынды да уақытылы жасалған қадамдар, биліктің қалың бұқараға бет бұрғанын көрсетеді.
Біз Мемлекет басшысының Жолдамада айтылған бастамаларын, ұсыныстарын толығымен қолдаймыз.

Асылбек ОШАНОВ,
БЖЗҚ АҚ-ң облыстық филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *