Ауыр дертті қымызбен емдейді

Заманауи медицинада ұлттық сусынның түрлі ауруларына қарсы тұру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Әсіресе өкпе ауруларын емдеуде жаңа сауылған саумал мен қымыздың пайдасы зор. Дәл осы мақсатта Байзақ ауданында орналасқан облыстық туберкулезге қарсы ересектерге арналған санаторий жанында Қамбар ата түлігін күтіп-баптауға арналған қоражай ұйымдастырылып, ем алушыларға саумал беріле бастады. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап санаторий жанындағы қоражайда «Ақназаров» жеке кәсіпкерлігі 7 бие байлап, ем алушыларға бір мезгіл саумал сусынын ұсынып келеді.
Санаторийдің бас дәрігері Ержан Әбдіхалықов та өкпе дертін емдеудің осынау ерекше әдісі емделушілердің көңілінен шыққанын айтады
– Облыстық туберкулезге қарсы ересектерге арналған санаторийінің негізгі қызметі бұрын өкпе ауруымен ауырған және созылмалы өкпе қабынуына ұшыраған азаматтарға ем-дом жасау болып табылады. Оларға күнделікті емдік шаралар кезінде сүт және сүт өнімдерінің тәуліктік қажеттілік нормасы 500 миллилитрді құрайды. Біз бұл норманың 250 милилитрін саумал ретінде бере бастадық. Қазір санаторийде 58 адам ем алып жатыр. Олар тәулігіне 15 литр саумал ішеді. Өкпе ауруымен бұрын ауырғандарға саумалды сауылғаннан кейінгі 30 минутта ішкен дұрыс. Саумал ем алушыларға санаторий жанынан тігілген киіз үйде беріледі.
Ал өкпе ауруының белсенді түрімен ем алып жатқан науқастарға қымыз жақсы көмектеседі. Сондықтан бізден артылған бие сүтінен тәулігіне 30 литр қымыз дайындалып, Тараз қаласындағы облыстық фтизиопульмонология орталығына жібереміз. Келесі жылы бие басын көбейтіп, Тараз қаласындағы облыстық туберкулезге қарсы балаларға арналған санаторийін де қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз,– дейді Ержан Әбдіхалықов.
Өз кезегінде денсаулық сақтау мекемесінде ем алушылар да емдеу шараларында ұлттық сусынды кәдеге жарату тәжірибесінің құптарлық қадам екенін алға тартады.
–Тараз қаласындағы №2 емханасында созылмал бронхит диагнозымен диспенсерлік есепте тұрамын. Содан емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы жолдама алып осында келдім. Мұндағы дәрігерлер мен мейірбикелердің қызмет көрсету сапасы көңілімнен шықты. Санаторийдегі тағы бір ерекшелік түрлі медициналық препараттармен бірге саумалдың берілуі деп айта аламыз. Әрі ол осы мекеменің дәл қасындағы қоражайда сауылады. Бұл бастама осындағы ем алушылардың барлығының көңілінен шығып отыр, –дейді Керімбек Әйтекеев.
Емдеу ісіндегі жаңашылдықты осында екінші жыл қатарынан келіп ем алған Тараз қаласының тұрғыны Күлсара Әбдімомынова да байқаған.
–Бұл санаторийде 2 жыл қатарынан ем қабылдадым. Биыл мұнда емделушілерге жаңадан сауылған саумал беріле бастағаны қуантады, –дейді К.Әбдімомынова.
Жалпы бүгінде облыс аумағында бұрын туберкулезбен ауырған немесе созылмалы бронхитке, өкпе қабынуына ұшыраған 7012 адам арнайы есеп алынған. Олар жылына бір рет емдеу мекемелерінен 14 күн ем алады.
Тек 2017-2018 жылдар аралығында облыстық туберкулезге қарсы ересектерге арналған санаторийінде 2269 адам ем алған. Ал жыл басынан бергі 8 айда санаторийде 959 адам ем-дом қабылдаған. Олардың дені дертіне дауа табуда ұлттық сусынды қолдана отырып, сауықтырудың тың тәсіліне жүгінгендер.

Сайын ТҰРЛЫХАН,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *