Кәсіпкерлердің жұмысымен танысты

Бүгінде азаматтарды кәсіпкерлікке баулу, оның қыр сырын үйрету – мемлекеттің маңызды бағыттарының бірі. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып жүрген «Атамекен» кәсіпкерлік палата қызметкерлерінің еңбегін елеп, ерекше атап өткеніміз жөн болар. Жуырда аталмыш палатаның аудандық филиалы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ілкімді іс-шаралардың бірі өтті.

Шара барысында Құлан ауылшаруашылығы колледжінің студенттері мен мектеп оқушылары кәсіпкерлермен кездесіп, олардың атқарып отырған жұмыстармен жақын танысты. Студенттер мен оқушылар ең алдымен палатаның аудандық кеңсесінде жиналып, онда филиал директоры Нұрлан Сапарбеков жастарға экскурсияның мақсат-міндетін түсіндірді. Одан бөлек Нұрлан Гиззатұлы кеңсеге келіп, кәсіпкерлікке қатысты тегін кеңес алуға болатынын, бизнес жобаны жасау жолдарын, кәсіпкерлердің құқықтарын, «Бастау бизнес» пен «Жас кәсіпкер» бағадар­ламаларының шарттарын баян­дап берді.
Ізінен шарапаты мол іс-шара экскурсияға ұласты. Студенттер мен оқушылар отырған микроавтобус ең алдымен «Кәусар» сән салонына келіп тоқтады. Студенттер онда салонның жұмысымен танысып, кәсіпкермен жеке тілдесті. Айта кету керек, салон иесі Дәрия «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, мемлекеттік гранттың иегері атанған. Келесі аялдама «Қалимаш» кондитерлік цехы болды. Білімгерлер онда әр түрлі тәтті өнімдердің даярлануын өз көздерімен бақылады. Сонымен қатар, жастар «Зейнеп», «Тастанбеков Б.Т.», «Аққу» жеке кәсіпкерліктерін аралап, жиһаз жасау, құс және ешкі шаруашылығының жұмыстарымен жақын танысып, үлкен әсерге бөленді.

Жәнібек Сәдуақас,
Т. Рысқұлов ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *