БАСТАМАЛАРДЫҢ НЕГІЗГІ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Кәсіпкерлікті дамыту жұмыссыздықты азайтып, мемлекетке деген масылдық психологиялық арылуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы бизнесті қолдау мақсатында Ұлттық қордан 100 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп отырғанын айтып, сонымен қатар, микро және шағын бизнес компанияларын табысқа салынатын салықтан үш жылға босату туралы Үкіметке заңды негіз құруды тапсырды.
Жолдауда атап көрсетілгендей, экономиканы әртараптаптандыру мақсатында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қосымша 250 млрд. теңге бөлінетін болады. Бұл өз кезегінде отандық агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына да оң ықпалын тигізбек.
Мемлекет басшысының айтуынша, бірқатар құрылымдық міндеттер тиімді іске асырылатын болса, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады. Сондай-ақ, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, бар күшті өндіруші елге айналу міндетіне жұмсау, еңбек өнімділігінің нақты өсімін кемінде 1,7 есеге арттыру керектігі баса айтылды. Халықты қатты толғандырып жүрген ең негізгі мәселеге арнайы тоқталып, жердің бір телімі де шетелдіктерге сатылмайтынын және оған заң жүзінде тыйым салынатынына кепілдік берді. Жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға байланысты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына биыл бөлінген 30 млрд. теңгеге қосымша алдағы үш жылға қосымша 90 млрд. теңге бөлуді тапсырды.
Ауылдың заманауи талаптарға жауап беруі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін және өнеркәсіпке қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге қабілеттілігіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда ауылды көркейту ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттердің қатарында қала береді. Осы мәселеге баса назар аударған Президент «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігін айтты. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырды.
Тағы бір маңызды мәселе – ел бюджетін екі негізгі мақсатқа бағыттау. Яғни, экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік саладағы басты мақсаттың бірі –білім беру сапасын жақсарту, сонымен қатар мамандар даярлаудың отандық жүйесін қалыптастырып, оның нақты еңбек нарығымен байланысын күшейту.
Жолдау міндеттеген тапсырмаларды орындау үшін елімізде білім мен ғылымға барынша көңіл бөлінуде. Бұл жолда жастарға патриоттық тәрбие мен заманға сай білім беретін жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жауапкершілік арта түспек. Сол себепті де мемлекет тарапынан білім-ғылым саласын қаржыландыру өсуде. Мұның бәрі ең алдымен ел болашағы үшін атқарылып жатқан игі бастамалар. Жолдау – осы бастамалардың негізгі кілті, қозғаушы күші.

Болат САҒЫНБЕКОВ,
Байзақ ауданы әкімдігі
ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *