Артта қалған азап

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Таңертең ерте тұрыппын. Шынар әлі ұйықтап жатыр. Жеңгесі тұрып кеткен екен. Самауырынның түтінінің иісі мұрныма келді. Төбеден сығыладым. Самауырынға от жағып жүрген кемпір екен. Жерге түстім.
– Амансыз ба, апа?
– Шүкір Алла.
– Екеуі ұйықтап жатыр ма? Шаршаған ғой.
– Шынар жатыр. Жеңгей жоқ.
– А-а?..
Бойым мұздап сала берді. Кемпір қой қораға қарай жүрді. Сезімі алдамапты. «Жарығым-ау» деген зарлы дауыс бүкіл ауылды жаңғыртты.
Асылып қалыпты. Жіптен өзім шешіп алдым. Шынар екеуміз бақшаның аяқ жағынан қабір қаздық. Анасы қалай қазу керектігін үйретіп тұрды. Қабір қазылып біткен соң Шынар анасы екеуі мәйітті жуындырды. Аққа болмаса да кемпір сандығындағы бар матасын шығарып арулап көмді. Жалғыз өзім бірінші мәйітті иығыма салып ішке кіргіздім. Басын құбылаға қаратып жатқыздым. Ауызғы есігін қалап шықтым. Күйеуі көзінің жасын тыя алмаған күйі уыстап топырақ тастады. Екеулеп жерледік. Басында отырып бар білгенімді оқыдым. Үйілген топырақты құшақтай жылаған жігітті жалғыз қалдырып үйге бет алдым.
Үйде жылап Шынар мен анасы отыр екен. Бұдан кейінгі әңгіме ұзаққа созылған жоқ. Шынар екеумізге анасы рұқсатын берді.
— Сіздер ше? Сіздерсіз ешқайда бармаймын, — деді Шынар анасының сөзіне қарсы келіп.
— Жоқ, төртеу болып топ болып жүре алмаймыз. Ондайда көзге тез түсеміз. Сендер кете беріңдер. Мен жазылған соң анамды алып барамын.
— Ағаң дұрыс айтады. Бұл баланы да артық ұстап отыра алмаймыз. Анасы қайғыдан қан жұтып отырған шығар.
Сөйтіп аяқ астынан кештетіп ана мен баланы жалғыз тастап жолға шықтық. Түнделетіп көп жүрдік. Таң қылаң бергенше үлкен жолға шығып алуымыз керек. Кейін кулябтықтардың көлігіне ілігіп жездем мен құдамның ауылына жетсек жақсы болар еді. Олар мені күтіп қалған шығар. Арадан айдан аса уақыт өтіп кетті.
Ел іші кішкене тынышталған. Жолдар ашық. Кулябтықтардың көлігін тоқтатып міндік. Жолымыз болып тез жеттік.
— Қайда келдік, айдала ғой, — дейді Шынар жапан даладан түсіп қалғанымызға таңданып.
— Енді жақын қалды. Қазір тек түнді күту керек. Күндіз қауіпті. Бұл жақтарда ғармдықтар көп болады.
Екеуміз жол жағасындағы қалың ағаштың ішіне кіріп кеттік. Түнімен жол жүрген соң ба қатты шаршаппыз. Оянсақ кеш те қарайып қалыпты. Құр суға қайнаған тұзсыз етті талғажау етіп алдық та тағы жолға шықтық.
— Енді қайда барамыз? – дейді Шынар тағатсыздана.
— Жүр.
Жаяулатып төтелей жүріп кеттік. Тезірек жетсем екен деген сайын жол да ұзара түсе ме білмеймін, жетуіміз қиындап кетті.
— Шаршадым, — дейді Шынар менің екпініме ілесе алмай. Шаршауға мұрша бар ма? Қай қырдан жау шығып қалады екен деп жаныңды шүберекке түйіп келесің.
— Сәл шыда, көз сүрінер бір жерге жетіп алайық.
Айтақыр дала, сүттей жарық түн. Екеумізді көзіне қан толған біреу көрсе атып тастары анық. Осыдан қорқып келемін. Адамның құны бір оқтай болмаған заманда қорықпай бола ма?
Әупірімдеп жүріп біраз қырдан астық. Шынардың аяғы ісіп, табаны ауырып кетті. Сонда да болса менен қалыспай келеді. Түн ортасынан ауған уақытта құдамның кепесі қарауыта көрінді. Қуанғаннан жүрісімізді тездете түстік. Бұрын мына қорада барқ-барқ бақырып, кірш-кірш күйіс қайтарып, мыңғырып мал жататын. Соның бәрін сатып біткен сияқты. Енді міне иесіз қалған
моладай меңірейіп тұр. Қой қораның түбіне жетіп құлай кеттік. Жаннаттың төрінде жатқандай жүрегіміз қуаныштан дүрсілдей соғады. Меңіреу даладан пана тауып ықтағанның өзі қуаныш еді ол кезде. Қыр басынан құдамның кепесі үңірейеді. Жарық жоқ. Ұйықтап жатқан шығар. Әлде, кетіп қалды ма? Соңғы ой миыма келгенде денем шымырлап кетті. Онда не істеймін деген ой бір сәтте тым қорғансыз қалғандай сезімге бөледі. Жоқ, мені тастап кетіп қалуы мүмкін емес. Олай етпейтініне кәміл сенемін. Таң қылаң бергенше осында жатқым келген. Ары қарай жүруге шамам жоқ еді. Мына ойдан кейін кепеге жетуге асықтым. Жақындағанда байқадым, үйдің төбесі құлап түскен сияқты, үңірейіп тұр. Шынарды тастап, үйге қарай жүгірдім. Үй жанып кеткен сияқты.
— Кетіп қалыпты… кетіп қалыпты…
— Енді не істейміз? – деді Шынар шарасыз үнмен.
Ішім әлем-жәлем болса да, Шынардың алдында ештеңеге мойымауға тиіс екенім есіме түсті. Шынарды қорғамақ ойым бар еді, сөйтсем өзімнің тым қорғансыз екенімді осы сәт мойындадым. Әлемде жалғыз қалғандай сезімде болсам да өзімді тез жинап алуға бекіндім.
— Таңды күтейік. Әзірге осында жатайық. Қалғанын кейін ойланып көреміз.
Қарным да ашып кетті. Бірақ ұйқы қысып ұйықтап кетіппін. Әлдекім оятқандай селк ете ояндым. Таң атып келеді екен. Шынарды ояттым. Түйіншекті ашып тамақтанып алдық.
— Қайда барамыз? – деді Шынар баяғы әніне басып.
— Кешегі жолға қайта шығамыз. Қорғантөбеге жол аламыз. Пойызға отыра алсақ елге жетіп аламыз.
Өртенген кепенің алдыңғы жағына шықтым. Ішке кірдім. Құдамның шала жанған заттары шашылып жатыр. Құлап қалған төбенің топырағының бір шетін бар күшіммен көтердім. Астында күйген адамның сүйектері жатқан сияқты. Бойым мұздап кетті. Қой қораға қарай жүгірдім. Құдамның ақшасын тығып жүрген жерін білемін. Қой қораның түбінен ін қазып сонда қойып жүрген. Ақша орнында екен. Яғни, олар кетпеген. Сонда әлгі жатқан құдам мен жездем болды ғой. Бойымнан әл кетіп отыра кеттім.
— Не болды? – Шынардың қалай жаныма жетіп келгенін де білмеймін. Миым дыңылдап барады.
— Оларды өлтіріп кетіпті… Ақшаны таппаған немесе қалған малы мен бар ақшасын алған да, өздерін өртеп жіберген…
Шынар екеумізге тағы да мәйіт көмуге тура келді. Енді біз жер қазбадық. Шелектерге топырақ толтырып, құлаған үйінінің үстіне төге бердік, төге бердік. Оларды үйіндінің астынан ашып алатын күшіміз де жоқ еді. Ішім удай ашыды. «Неге кеттім?» деген ой жанымды жеп барады. Өзімді өзім кінәлай бастадым. Кетпегенде бәлкім мен де осылардың қатарында жатар ма едім деген ой да келді. Бірақ, құдам мен жездемнің туыстарына не айтарымды ойлағанда одан да осылардың қатарында жатқаным артық еді деп ойладым.
Құдам мен жездемнен тізерлей отырып кешірім сұрадым. Құран бағыштадым. Енді елге не деп барамын? Әпкеме не деймін? Көздері жәутеңдеп әкесінің жолын тосып отырған төрт баласына не айтамын?..
Кеш болуын асыға күттік. Ымырт үйіріле өз үйі өзіне қабір болған тағы бір мекеннен ұзай бердік. Қой қораның жанынан өте бере ақшаны алсам ба екен деген ой келді. Жолда керек болар. Болмаса әпкеме апарып беремін, бала-шағасына азық болады ғой. Осы сәт Бахрам сынықшының «ақша – досың емес, жауың. Одан тезірек құтылуға асық» дегені ойыма оралды. Ақша тұрған тесіктің кірпішін қайта қалап кете бардым.
— Жолға ақшаң жете ме? – деді Шынар.
— Жетеді.
— Текке тастап кеткенше балаларына апарып бергенің жөн ғой.
— Жоқ, олай ете алмаймын. Онда менен күдіктенуі мүмкін.
— Ол жағы да бар. Бәлесінен аулақ, алмай-ақ қой. Иесіне бұйырмаған ақша бізге опа берер дейсің бе? Құдай жолымызды оңғарсын.
Шынар түйіншегін көтеріп алдыма түсті. Екі күн жүріп Қорғантөбеге жеттік. Ақшамыз да азая бастады.
— Қаладағы орталық қонақүйге барыңдар, — деп кеңес берді шопыр жігіт. – қазір ол жерді босқындар паналаған. Ақшаларың болса тамақ та бар. Ол жерден қазақ ағайындарды да көргенмін. Мүмкін туыстарың шығар.
Қонақүйге келдік. Бұрын сыртынан көріп, сүйсініп өтетін жеті қабатты қонақүй де соғыстың зардабын бір кісідей тартыпты. Бізге қонақүйдің алтыншы қабатынан орын тиді. Мұнда адам көп екен. Бала-шаға шұбап жүр. Қонақүй емес лагерь дерсің. Коммуналдық жүйесі бұзылған, тазалық атауымен жоқ. Мүлкі тоналған. Қонақүй маңы өлікке толы. Адамгершіліктің соңғы парызы – оларды жерлеуді ұйымдастырудың өзі мүмкін емес. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен деп осыны айтса керек. Кейде сарбаздар келіп өліп жатқан мәйіттерді көлікке тиеп кетеді. Бірақ, екі-үш күнде айнала тағы да мәйітке толады. Күнде-күнде жиып кету қайда.
Шынар екеуміздің бағымызға бір қазақ жанұясымен танысып алдық. Қонақүйдің үшінші қабатында тұратын олар да бізді көргенде туған бауырын көргендей жылап алды. Жылыкөлдің қазақтары екен.
— Біз жақты оппозицияның қаруланған отряды бір күнде басып алды. Мал-мүлкіміздің бәрін тастап, тек құжаттарымызды алдық та қаштық. Аллаға шүкір әйтеуір қашып үлгердік, әйтпесе…
— Соғыс беті жаман ба?
— Түрі құрысын, жаман. Оппозиция бір тонаса, одан қалғанын кулябтықтардың сарбаздары алып жатыр. Одан қалса бұзақылар. Адамдар жауыз болып барады. Жап-жас, мектеп жасындағы қыздарды тоқалдыққа алып жатыр.
— Құдай сақтасын, ақырзаман деген осы шығар…
— Қыздары мен әйелдерін қызғанғандар өз қолдарымен өлтіріп жатыр. Әйтеуір алла ақырын берсін…
Мұны естіп жағамызды ұстадық. Шынарды уақтысында алып шыққаным жөн болған екен.
— Інің ба? – деп сұрады отағасы Шынарды нұсқап.
Басымды изей салдым. Соғыста әділеттілік болмайды. Жауың түгілі досыңа сенбей қалады екенсің.
— Қаржыларың болмаса мақтаға шығыңдар. Мақта аппақ болып ағып жатыр, теретін адам жоқ. Көп болмаса да жейтін тамақтарыңды табасыңдар, — деп жанашырлық білдірді аға.
Ертеңіне таңмен таласа мақта теруге шықтық. Алдымызда тәжік халқының бар байлығы – жібек мақта плантациясы жайқалып тұр. Аппақ. Ағып тұр. Әдетте еңбекқор тәжік халқы мақтаны бұлай ысырап етуге жол бермейтін. Есіме әкем түсті. Әкем айтқан бұл мақтаны ұрлауға, қорлауға болмайды деп. «Неге?» деймін. Ол кезде баламын. Әкем мақтада бригадир болып та істеген. Сонда ізінен еріп жүретінмін. Әкем екеуміз бүкіл мақталықты жаяу аралап шығамыз. Сонда енді ғана паясының түп жағынан аппақ болып ашылып келе жатқан уыстай-уыстай мақталарды қызығып жұлып аламын.
— Жұлма, обал болады, — дейді әкем.
«Мақтаның да обалы бар ма екен, нан болмаса ол» деймін ішімнен. Расында да сәлден соң оны ләңгі қылып аяғыммен теуіп тастаймын. Әкем ренжиді.
— Бұл мақтаны, — дейді сосын мен теуіп тастаған ақ ұлпаны қолына алып, — академик Краснов сонау Египет жерінен үш түйір шитін алып келіп өсірген, жерсіндірген. Бұл оңай болды
деймісің? Үш түйір шиттен бүкіл республиканың мақтанышына айналған өнімді алу үшін аз еңбек сіңбеген балам. Бұл біздің жеп отырған нанымыз, киіп отырған киіміміз.
Мен түсінгендей басымды изеймін. Әлі ашылып үлгермеген жап-жасыл плантацияға қараймын. Жақында бұл алқаптарға самолетпен дәрі шашады. Содан кейін мына жап-жасыл жапырақтар қурап, аппақ түске боялады. О-хо, мұндай аппақ жерлер тәжік жерінде қаншама. Сол үш шиттен мынанша алқапты мақта өсіргенше шынында да қаншама жылдар кетті екен деп ойлаймын іштей.
Міне, сол кез, сол бақытты сәттер көз алдыма келді. Бригадир ұсынған ақ жайманы алдым да Шынармен қатарласа жүйекке түстім. Жібек мақтаның салмағы ауыр болады. Сол себепті күн ұзақ әжептеуір өндіріп тересің. Бірақ, нарқы тым арзан. Таңнан кешке дейін жиған мақтаңның құны кешкі ас ішуіңе ғана жарайды. Талайдан бері ыстық тамақ ішпеген біз қонақүйдің тамағына әзер жетеміз. Екеуміздің жиғанымыз екі тәрелке сорпа мен екі бөлік нан, бір шәйнек шайға жетеді. Таңертеңгі асқа тағы бір бөлке нан сатып аламыз. Күнұзақ сол нанды екеуміз талғажау етуге тырысамыз. Артық ақша жұмсамаймыз. Алда қандай күндер күтіп тұр, кім білсін? Әліміз құрып кешкі асқа әрең жетеміз. Ыстық сорпаға бір бөлке нанды батырып жеп, ауызды күйдіріп ұрттап отырып ешқашан сезінбеген рахатты сезінеміз. Сөйлесуге мұрша жоқ. Тағы бір тәрелке сорпа болса ғой дейсің, бірақ…
— Қандай рахат, — дейді Шынар ағасының күнқағарының астында тақыр маңдайы шып-шып терлеп. – Баяғыда осы қонақүйге кірсем ғой деп армандайтынмын.
— Ия, арманың орындалды. Құдайдың кереметін қарашы, соғыс кезінің өзінде сені қонақүйге жатқызған, — деймін әзілдегенсіп.
— Құрысын, ел тыныш болса осы қонақүйді көрмей кетсем де өкінбес едім.
Екеуміз бөлмемізге көтерілеміз. Сырт көз бізді ағалы-інілі деп ойлайды. Шынар диванда, мен жерде ұйықтаймын. Ұйықтаймыз дегеніміз жай ғана сөз, түннің жартысына дейін есімізге әрнәрсе бір түсіп көз іле алмаймыз. Ол ағасы мен анасын ойлайды, мен үйдегілерді, әпкемнің ендігі тағдырын ойлаймын. Енді көз іле бергенде анда-санда атылып қалатын оқтың даусынан селк етеміз. Шынар дереу түйіншегіне жармасады.
Кей-кейде уақыт тауып темір жол вокзалына барып қайтамын. Елге баратын пойыз бар ма екен деп. Жоқ, жол тоқтатылған. «Қашан болады?» деп сұраймын. Кассир тәжік иығын қиқаң еткізеді. «Білмеймін» дегені.
Қарашаның ортасынан асқанда жолдар ашылыпты, Ресей жаққа жүретін пойыз бар екен деп естідім. Вокзалға жүгірдім. Вокзал маңы ығы-жығы адам. Касса жабық. «Билет жоқ» дейді. Соғыста қайдағы билет. Шұбырған халық, бүрсеңдеген бала-шаға. Бәрі әйтеуір мына дозақ елден кеткісі келетіндер. Өзге ұлт өкілдерінің арасынла тәжіктердің өздері де жүр. Мақталыққа қарай жүгірдім.
— Шынар, Шынар, пойыз бар екен. Ертең кешке жүреді, — дедім қуанып. Шынардың жанарынан жас домалай жөнелді.
— Билет алдың ба?
— Қайдағы билет? Вокзалдағы адамды көрсең. Қалай болмасын ілегісіп мініп кетуіміз керек. Жолсеріктермен сөйлесермін, ақша бар ғой.
Кешке дейін үйіп мақта тердік. Қуанышымызда шек жоқ. Кешкісін рахаттанып тәжіктің «құртобасын» жасап жедік. Елге кете қалсақ тәжік жерін қайта көреміз бе, жоқ па, келеміз бе, жоқ па, кім білсін?!
— Мен қолмен жеймін, — деді Шынар жеңін түріп жіберіп.
— Мен де.
Екеуміз қолымызды жалап, рахаттанып бір тойдық. Бір-бірімізге қарап күліп қоямыз.
— Ертең бірінші болып базарға барамыз.
— Не үшін?
— Енді өзіңе көйлек сатып алуың керек шығар. Әлде біздің үйге осылай барғың келіп тұр ма?
Шынар ұялып кетті. Екі беті алмадай болып қызарып шыға келді.
— Өзіңе қажетті заттарды аласың, — дедім.
— Пойызға жетпей қалмай ма? Қойшы бәрін, алдымен пойызға мініп алайықшы, қалғанын кейін көре жатармыз.
— Жоқ, олай болмайды. Бір көйлек пен басыңа тағатын бір орамал ал.
Таңертең екеуміз базар араладық. Іздегеніміз арзан көйлек. Бірақ, баға удай қымбат. Арзандай бағаға сусылдақ шәйі көйлек таптық әйтеуір. Күн бұлыңғырланып тұрған. Кеше ғана ашық еді.
— Суық емес пе? — дедім шәйі көйлекке көңілім толмай.
— Болады, үстінен костюм киіп аламын.
Үйінен ағасының көйлек шалбарын киіп шыққан Шынар содан бері әлі киім ауыстырмаған. Менің киімдерім де құдамның кепесінде жанып кеткен. Екеуміздің үстіміз сатпақ-сатпақ. Мен де киім алар едім, бірақ, жолымызды ойладым.
— Сен қақпаның алдында күтіп тұр, мен қазір, — деді Шынар. «Жарайды» деп бұрылып кете бердім. Арқама қарасам ішкиім сатып тұрған әйелдің алдында тұр екен. Маңайындағы саудагер әйелдер жырқ-жырқ етіп әлдене деп күледі. Қасына жақындадым. Шынар ренжігендей бұрылып кетті.
— Не болды? – деп сұрадым түкке түсінбей.
— Ештеңе.
— Сен есіктің қасында тұр, мен қазір, — деп ізіме қайтуға ыңғайландым.
— Керек емес, қайда барасың?
— Өзіме керек затты алуым керек шығар.
Жаңағы саудагер әйелге бардым. Езуін енді жиып болған екен.
— Кел, бачам, кел, — деді құрақ ұшып.
— Екі мынадайдан, бір мынадайдан беріңіз, — дедім қолыммен көрсетіп.
— Қандай размерін? Менікіндей ме, әлде одан да үлкен бе?
Жан-жақтағы әйелдер қосылып жырқылдап күлді.
— Ма, ал. Онмың бір жүз.
Он мың рубльді алдына тастадым.
— Яна юз сум.
— Басқа жоқ, — дедім де кете бардым.
— Ха, жоның күйсін, голубой, — деді сыртымнан айғайлап күліп, мәз болып.
Шынарға ұстаттым. Ұялғаннан түйіншегіне тыға қойды. Екеуміз вокзалға жол алдық. Ығы-жығы адам темір жолдың бойына тұрып алған. Біз де сығылысып жүріп алдыңғы қатарға тұрып алдық. Бірақ, бұл қауіпті екен. Пойыз келе жатқанда адамдар алға қарай итермелеуі мүмкін, сонда пойыздың астына түсіп кетуің де неғайбыл. Шынарды сүйрелей жүріп бас жаққа бардық. Белгілі ғой, елдің бәрі орта тұста немесе соңғы жақта болады. Ең құрығанда паравозға мініп алармыз деген ойым болды. Расында да солай болды. Пойыздың қарасы көрінгеннен адамдар бірін-бірі таптай алға ұмтылды. Билетке қарап жатқан ешкім жоқ. Құлаған әйелдің даусы мен жылаған баланың даусынан құлақ тұнады. Таласып-тармасып бірінші вагонға мініп алдым. Адам толы, орын жоқ. Дәліздің ортасында отыруға тура келді. Соған да шүкір дедік.

(Жалғасы бар)

Бақытгүл Ауданова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *