Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін

Жуалы ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Бірлікұлы Қойкеновпен сұхбат

— Мергенбай Бірлікұлы, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы қашан қабылданды және мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берсеңіз.
— Аудан әкімдігінінің 2017 жылдың 25 желтоқсанындағы № 630/1 қаулысымен 2018-2020 жылдарға арналған «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы бекітілген болатын. Бағдарламаның басты мақсаты аудандағы құқық бұзушылық деңгейін төмендету, аудан аумағында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу кезінде мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін біріктіру болып табылады. Бағдарлама аудан аумағында құқық бұзушылықтың деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шаралардың кешенді жүйесі болып табылады, олардың орындалуына кедергі болатын себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған ауқымды шара.
Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімі осы бағдарламаның әр тармағында алға қойылған талаптар мен міндеттерді орындау мақсатында жұмыла жұмыс атқаруда.
— Бағдарламаны қабылдау барысында салада қолданылып жүрген оң тәжірибелер ескерілді ме?
— Әлбетте. Аталған құжат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған ұрлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында қабылданған кешенді бағдарламасы негізінде және ұрлыққа қарсы жедел-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және қылмыстарды ашу мақсатында әзірленген. Осыған сүйене отырып, аудан әкімі мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасын қабылдап отыр. Мәселен, соңғы кездері пәтер ұрлығы бойынша облыстың өңірлерінде «Көршінің қадағалауы» бағдарламасы тиімділігін көрсетіп отыр. Бір жаққа ұзақ сапарға шыққанда бұл туралы көршіңізге ескертіп қойғаныңыз абзал. Осы уақыт аралығында оның құлағы сіздің үй жағыңызға қарай түрік болып, көшеге немесе сіздің үй жағыңызға кімдердің келіп-кеткенін біліп отырады. Бұл пәтер ұрлығын азайту бағытында жақсы тәжірибе болып отыр.
— Бағдарламада қылмыс деңгейін жыл сайын он пайызға төмендету міндеті қойылып отыр. Бұл міндет қаншалықты өміршең?
— Бағдарлама аясында аудан аумағында оқу білім мекемелерінде жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру мекемелерімен бірге бекітілген жоспарға сай оқу орындарында жалпы 296 кездесу өткізіліп, жасөспірімдерге құқық тақырыптарында, жол ережелерінің бұзылуының, діни экстремизмнің, өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы аясында аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы үстіміздегі жылдың сегіз айында аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып өткізді.
— Жалпы, соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтерді салыстырып қарайтын болсақ, ауданда қылмыстық ахуал тұрақтанып келе жатқанын байқаймыз. Бұл нендей шаралардың арқасында мүмкін болып отыр?
— Жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде есепті кезеңде жалпы қылмыстың саны 12,8 пайызға азайған, 156-дан 136 дерекке дейін, ашылу пайызы 14,8 пайызға, немесе 51,42 пайыздан 60,0 пайызға дейін жақсарған.
Қылмыстың түрлеріне талдау жасасақ, соның ішінде зорлау 50,0 пайызға, яғни 2 деректен 1-ге дейін, ашылуы 100 пайызды құраған, өткен жылы 50 пайыз болған. Алаяқтық 41,7 пайызға азайған, яғни 12-ден 7 дерекке дейін, ашылу деңгейі 13,3 пайызға, яғни 70,0 пайыздан 83,3 пайызға дейін жақсарған. Бұзақылық 16,7 пайызға, яғни 12 деректен 10 дерекке дейін азайған.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің 2018-2020 жылдарға бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру мақсатында Жамбыл облысы полиция департаменті мен АПБ қызметкерлері нақты іс-шаралар жүргізу жоспарын әзірлеген. Сол жоспарды орындау нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары түрі 27,3 пайызға төмендеді, яғни 88-ден 64 дерекке дейін, ашылу деңгейі 8,2 пайыз жақсарды.
Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына талдау жасайтын болсақ, мал ұрлығы 52,4 пайызға төмендеген, яғни 21-ден 10 дерекке төмендеді, ашылуы 47,6 пайыздан 60,0 пайызға көтерілді. Пәтер ұрлықтары 5,3 пайызға төмендеген, яғни 19-дан 18 дерекке төмендеген, ашылуы 61,9 пайыз. Ұялы телефон ұрлықтары 65,2 пайызға төмендеген, немесе 23-тен 8 қылмысқа дейін азайған
Сонымен қатар қоғамдық орындардағы қылмыстар 35,5 пайызға, яғни 31-ден 21 дерекке азайса, көшелерде жасалған қылмыстар 38,1 пайызға, немесе 21-ден 13-ке азайған.
Осындай көрсеткіштерге жету мақсатында сонымен қатар көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учакелік полиция инспекторы мен ювеналдық полиция тобы қызметкерлерінің көшелерде күндізгі және түнгі мезгілдерде автопатрульдеу және жаяу патрульдеу шаралары атқарылуда. Оған қоса жыл басынан бері аудан аумағында 39 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді, соның ішінде «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Борышкер», «Сексеуіл», «Қару», «Учаске», «Тұрмыс» және т.т.
«Қылмысқа мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша жеке құрам қоғамдық орындар мен көшелерде, әсіресе, халық көп шоғырланатын орындарда, автобекетте, орталық базарда және басқа да сауда орындарында әкімшілік құқық бұзушылық деректерін анықтау, атап айтқанда, оның ішінде жалпы пайдалану орындарын ластау, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, тыныштықты бұзу, сондай-ақ абаттандыру және жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері бойынша 1 195 дерек әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Оған қоса, есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында олармен алдын алу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылдың сегіз айының есебінде жалпы 790 тұлға тұр, есептен тұратын маскүнемлер мен нашақорлар тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, төрт азамат Тараз қаласындағы мәжбүрлеп емдеу орталығына аудандық соттың шешімімен орналастырылды.
Сонымен қатар, есепті кезеңде аудан аумағында жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстардың саны 50 пайызға, яғни 4-тен 2-ге дейін азайған. Жыл басынан бері ювеналдық полиция тобының қызметкерлері 190 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған.
— Мал ұрлығының бірден-бір себебі, мал иелерінің малдарын қараусыз қалдырудан орын алатыны белгілі. Бұл ретте, қоғамда мал иелерінің де жауапкершілігін арттыру қажеттігі ұдайы айтылуда. Дегенмен, бұл бағытта полиция тарапынан басқа қандай да бір пәрменді шаралар бар ма?
— Ия, бүгінде аудандағы өзекті мәселелердің бірі мал ұрлығы болып отыр. Осыған байланысты аудан көлемінде мал ұрлығының алдын алу және қылмыстық жолмен табылған малдарды анықтау мақсатында, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы негізінде АПБ-нің қызметкерлері, жергілікті ауыл әкімдері және ветеринарлық мекемесінің қызметкерлері қатарынан жұмыс тобы құрылып, әр аптаның сенбі және жексенбі күндері мал базарға құжатсыз мал тасымалдаған, заңсыз ет өнімдерін тасымалдаған автокөліктер тексеріліп, ондаған азаматқа қатысты әкімшілік іс-құжаттар толтырылды.
Жоғарыда айтқанымдай, бірлескен кешенді алдын алу шаралары нәтижесінде биыл ауданда мал ұрлығының орын алуы дерегі төмендеді. Осы көрсеткішті жақсарту мақсатында аудан әкімі, ауылдық округтер әкімдері, жергілікті учаскелік полиция инспекторлары, ветеринария қызметі мен мал (фазенда) иелері, сонымен қатар мал бағушылар арасында келісім-шарт жасалды. Осы шарт негізінде мал иесі мен мал бағушының арасында малға деген материалдық жауапкершілік туындайды.
Аудандық полиция бөлімі ауданда қылмыс деңгейін азайту бағытында алдағы уақытта ІТ-технологиялардың жетістіктерін пайдалануды да көздеп отыр. Мәселен, мал ұрлығын азайтуға әуеде ұшатын аппараттар — дрондарды неге пайдаланбасқа?! Олар автокөліктер мен ат аяғы бармайтын жерлердегі жайылымдарда малдарды қадағалауға таптырмас көмекші болар еді. Біз дрондарды аптаның әр күні әртүрлі бағыттарға ұшырып, сол аумақта жүрген малдың, көліктің және бейсауат адамдардың қозғалысын бақылауды жоспарлап отырмыз.
Қазір аудандық полиция бөлімін материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары жүргізілуде. Облыс әкімі мен облыстық полиция департаменті басшылығының қолдауымен биыл жазда өңірлердегі барлық учаскелік полиция инспекторлары қызмет автокөліктеріне ие болды. Алға қойылған міндеттерді атқаруға кадрлардың біліктілігі де, іс-тәжірибелері де жеткілікті.
— Ауданда жол-көлік оқиғалары саны жыл өткен сайын артып келе жатқаны жасырын емес. ЖКО алдын алу бағытында нендей шаралар атқарылуда?
— Аудандық полицияның жеке құрамы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізіп келеді. Жеке құрамның қызметі өрескел жол ережесін бұзған деректерді анықтау, соның ішінде мас күйде автокөлік басқару, қарама-қарсы бағытқа шығып кету, апаттық ахуал туғызу, бағдаршамның тыйым салған белгісінен өтіп кету және т.б. деректерді анықтауға бағытталуда. Яғни, сегіз айдың қорытындысында жол ережесін бұзу бойынша 2 361 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 1167 хаттамамен 1167 адамға айыппұл салынды. Сонымен қатар адамдардың жарақаттануына және қаза болуына әкелген 38 ЖКО тіркеліп, 10 азамат қайтыс болған, 82 азамат түрлі дәрежеде дене жарақатын алған.
— Халықаралық тәжірибеге сәйкес бүгінде елімізде қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, «түрме халқының» санын азайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте ауданда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандармен жұмыс қаншалықты нәтиже беруде? Олардың қылмысты қайталамауы бағытында нендей шаралар қолданылуда?
— Жуалы ауданы әкімдігінің 2019 жылдың 26 ақпанындағы № 72 қаулысына сәйкес 2019 жылға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгіленді. Осыған байланысты, аудандағы ірі кәсіпорындар саналатын «Жасыл-Жуалы» ШЖҚ МКК-не, «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-не, «Жуалы су» ШЖҚ МКК-на, «Береке-2017» АШӨК-не, «Орақ-балға», «Зылиха» және «Боранды» ШҚ-на бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жалпы жұмыскерлер санынан 2 пайыздық квота қарастырылды.
Жуалы ауданының пробация қызметі халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған жұмыссыздарды (шартты түрде, бас бостандығын шектеу, белгілі бір қызмет түрімен айналысуға шектеу қойылғандар, қоғамдық жұмыс істеуге жазаланғандар) бірінші кезекте жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 18-бабы 2,3,4 тармақтарына сай, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 23 қазандағы № 1134 Қаулысымен бекітілген пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларына сай сотталғандарға жылына бір мәрте әлеуметтік көмек көрсетіледі. Өткен жылы отбасы жағдайы нашар 10 сотталғанға көмек көрсетілді. 2019 жылы да 10 адамға көмек көрсету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда пробация қызметінің есебінде тұрған бұрын сотталғандар арасында жұмыссыздар жоқ.
2018-2020 жылдарға арналған «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы негізінде Жуалы ауданының полиция бөлімінің жеке құрамы аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді нығайту, аудан аумағында қылмыстың жалпы жағдайы мен жедел жағдайды тұрақтандыру, бір сөзбен айтқанда тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аянбай жұмыстар жүргізетін болады.
— Мағыналы, мәнді сұқбатыңыз үшін рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Сұқбатты жүргізген Абылайхан СӘМЕТҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *