Пай, пай, қазақтың келіндері-ай!

Жуалыда инабатты, ибалы, өнерлі келіндер сайысқа түсті. Жақында аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйытқы болуымен «Келіні жақсы үйдің — керегесі алтын» атты аудандық келіндер сайысы өтті.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік және ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға ауданның ауылдық округтер мен мекемелерден 11 келін қатысып, жиналған көрермендер мен әділқазылар алқасына өзінің инабаттылығын, ақыл-парасатын, қолөнерлерін көрсетті.
Байқауды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков ашып, келіндерге сәттілік тіледі. Келіндер қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен, ісмерлік пен қолөнер шеберлігінен бақ сынасқан сайысқа аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінің тілшісі Абылайхан Сәрсен, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бөлім меңгерушісі Айдана Еркебаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаева қазылық етті.
Келіндер байқауы төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы таныстыру кезеңінде қатысушылар өздерін өлеңмен, домбырамен таныстырып, шыққан тегін, ата-енесінен алған өнегелі тәрбиесін көпшілікке таныта білді. Байқаудың екінші «Шеберлінің қолы алтын» атты екінші кезеңде келіндер жұрт санасынан ұмыт қалып бара жатқан ұршық иіру, шұлық тоқу сынды өнерлерін көпшілік алдында көрсетті. Үшінші кезең «Өнерлі елдің тұтқасы» деп аталды. Мұнда «Қыз ұзату», «Сыңсу» секілді дәстүрлерден сахналық көріністер көрсетілсе, қазақтың салт-дәстүрлерінен, жер-су аттарынан сұрақ-жауапқа құрылған ақтық «Ойлы болсаң, озып көр» бөлімінде келіндер тапқырлығымен, ойлылығымен ерекшеленді. Алдыңғы кезеңдерде үздік шыққан қатысушылардың бірқатары осы кезеңде мүдіріп жатты.
Байқау қорытындысында барлық кезеңдердің тапсырмасынан сүрінбей, көрермендер мен әділқазы алқасы мүшелерінің көңілінен шыққан аудандық аурухананың мейірбикесі Ұлжан Мамыр бас жүлдені, № өнер мектебінен Жанерке Байсақова І орын, № 19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиядан Мақашова Мөлдір, № 5 М.Ломоносов атындағы орта мектептен Тәуекелова Салтанат ІІ орын, № 3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептен Нұргүл Қадырбаева, № 1 мектеп-гимназиядан Камила Ибраева ІІІ орын иеленді. Ходжаева Гүлзира «Парасатты келін», Алтайбекова Айман «Инабатты келін», Ізбасарова Гүлнар «Талантты келін» номинацияларымен марапатталды. Қалған қатысушыларға мекеменің Алғысхаты табысталды.

Абылайхан СӘРСЕН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *