Өз өлкесін сүю – әр азаматтың парызы

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар» деп атап көрсетілген.

Осы орайда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында «Өз өлкеңді тани біл» атты шара өтті. Шараға аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова және орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен ауылдық кітапханалардың кітапханашылары қатысты.
Кездесуде алғашқы сөз аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, «Қазақстан Республикасының үздік өлкетанушысы» медалінің иегері Дәулетжан Жамалбекұлына берілді.
— Әрбір азаматтың кіндік қаны тамған атамекені, қасиетті туған жері болады. Сол туған жерді қадірлеп-қастерлеу — әр азаматтың парызы. Біздің, аға ұрпақтың міндеті — кейінгі өскелең ұрпаққа туған өлкенің тарихын, шежіресін зерттеп, оны танып білуге септігімізді тигізу болып табылады. Бұл тұрғыда мен осы уақытқа дейін біраз зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кітаптарды жарыққа шығардым.
Алғаш рет №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық етіп жүргенімде білім ошағынан музей аштым. Сонымен қатар, 14 оқушыға ғылыми жұмыстар жазғызып, еңбектерін сәтті қорғауға септігімді тигіздім. Ал, биылғы жылы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысына «Баркуаб қаласының тарихы» және «Боралдай тауы» тақырыптарында ғылыми жобасын жазуға көмек бердім. Бұл — мен үшін үлкен еңбек.
Ал, ауданда өткен жылы тарихи-өлкетану музейі ашылған болатын. Музейде біздің ауданға жасалған зерттеу жұмыстарынан табылған тарихи заттар көрмеге қойылған. Яғни, онда туған өлкеміздің тарихымен толықтай танысуға болады. Жалпы, Жуалы туралы жазылған еңбектер көп емес. Сондай еңбектердің қатарына тағы да бір кітап қосылды. Ол «Жуалы жер-су атауларының этимологиясы» деп аталады. Аз ғана данамен жарық көрген кітапта өлкеміздің тарихы түгелдей қамтылған. Алдағы уақытта қолдау болып жатса, таралымын көбейтіп, оқырмандарға тарту ететін боламыз, — деді өлкетанушы.
Жиында өлкетанушы Дәулетжан Жамалбекұлы Жуалы жерінің жер-су атауларының шығу тарихына тоқталғанда, өлкеміздің бірнеше атауы болғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Жуалы деген атау тек ХІХ ғасырдан бастап кездеседі екен.
Өлкетанушы туған жердің тектоникасына, яғни табиғатының, жер-суларының қалыптасуына тоқталды. Яғни, Баркуаб қалашығының зерттелуі, Шақпақ асуының қалыптасуы, Теріс өзенінің теріс ағуы, Берікқара желі, Ұлы Жібек жолы туралы кеңінен мағлұмат берді. Өлкеміздің бірқатар киелі жерлері Шақпақата ауылындағы «Шақпақ Әулие үңгірі», Ынтымақ ауылындағы «Қырық қыз әулие», Көлбастау ауылындағы «Момыш бұлағы» және Бақалы ауылындағы «Баркуаб қалашығы» туралы әңгімеледі.
Келесі кезекте түрлі түсті теледидардан отандық Астана телеарнасының «Ғажайып Қазақстан» бағдарламасында түсірілген Берікқара шатқалы туралы бейнефильм көрсетілді. Ол шатқалдың тарихы мен шежіресіне, табиғатына толықтай түсірілген бағдарлама екен. Елді мекенде бірнеше түрлі қызғалдақ және жабайы жеміс-жидектер өсетіні, сирек кездесетін Берікқара терегінің барлығы, аң-құсқа бай екені және Әбдіқадыр ауылы мен Берікқара шатқалының аралығында 420 оба жатқандығы, оның әлі күнге дейін зерттелмегені баяндалды.
Бейнесюжеттен кейін аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова сөз алды. Ол өз саласы бойынша, ономастика жөнінде айтып, ауданда 14 ауылдық округ, 49 елді мекен, 273 көше бар екенін және олардың атауы толығымен қазақшаландырылғанын жеткізді. Мұндай көрсеткіш ешқандай ауданда жоқ екенін алға тарты. Сонымен қатар, аудандық тарихи-өлкетану музейіне, тарихи орындарға көшпелі семинар өткізу керектігі жөнінде ұсынып тастап, кітапханашыларға ономастиканы дамытуға, өлкемізді жастарға танып-білуге атсалысуға шақырды.
Ал, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаева кештің әрбір қатысушы үшін маңызды екеніне тоқталып, алдағы уақытта да осындай маңызды шаралар өтетініне сенім білдірді.
Кешті Дәулетжан Байдалиев «Күзгі шуақ» кітабындағы «Туған жер туралы толғауы» өлеңін оқуымен қорытындылады.

Абылайхан СӘМЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *