Зейнетін Зеңгі баба түлігінен көруде

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы-қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек» – деп атап көрсеткен еді.

Ал, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында аталған кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің бірқатар мүмкіндіктері қарастырылған.
Расында да өзінің іскерлік қарым-қабілетінің арқасында ауылдық жерде шағын және орта бизнестің дамуына айрықша үлес қосып отырған азаматтар жетерлік. Негізінен мына заман кәсіптің заманы. Осы қағиданы ауыл тұрғындарының уақыт өткен сайын сезіне түсуі көңілге қуаныш ұялатады. Жұмыс жоқ деп қол қусырмай, кәсіппен айналысуға ден қойып, мемлекет тарапынан шағын несие алып, шаруасын шалқытып отырғандар қашан да көпке үлгі. Әсіресе ер азаматтар тәуекел ете бермейтін кәсіпке әйел адамдардың ұмтылуы азаматтық. Мәселен Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны Динара Бибазарова осыдан 3 жыл бұрын «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалынан 6 миллион теңге несие алып, ол қаржыға 18 сиыр сатып алған. Ол бастапқыда қандай кәсіппен айналысуға болатынын әбден зерделеп, ақыры ауыл шаруашылығы саласына бет бұруға бел буған екен. Десе де несиеге қол жеткізу өте ұзақ мерзімге ұласатынын, екінің бірі мемлекеттік қолдауға ие бола бермейтінін өзгелерден естігенде, көңілі су сепкендей басылған көрінеді. Десе де кәсіппен айналысуға деген ынтасы оның үйде бекерге қарап отыруына ерік бермеген.
– Несие алу үшін қаптаған құжат жинаудан шаршайтын, әр мекемеге бір сабылып, орта жолға келгенде қолын бір-ақ сілтеп, алған бағытынан кері шегінетін адам мен емес. Сондықтан өзіме «Өз алдыңа бір істі бастауға назарың ауды ма, ендеше сол істі соңына дейін жеткіз» деген биік мақсат қойдым. Міне, соның арқасында қазір өз ісімді дөңгелетіп отырмын. Осы ретте мемлекеттің көмегіне, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына айтар алғысым шексіз.
Жалпы, мал шаруашылығымен айналысатын адам сатылатын малдың бағасына емес, оның дені сау болуына, барған жерін жерсіне алатын артықшылығына қарау керек. Шаруашылығың сүт бағытында болса сүтті, ет бағытында болса етті мал алуға басымдық берілуі қажет. Өйткені мен әйел адам болғандықтан, істің көзін табу оңай болған жоқ. Күйеуім мен енем күндіз жұмыста болғандықтан, мал-жанға қарау өзіме жүктелді. Сиырды сатып алған жылы 5-еуі белгісіз жағдайда өліп, айтарлықтай шығынға баттық. Десе де қалғанын бағып-қағу, жем-шөп үшін тығырықтан шығудың жолын жолдасым Нариман екеуміз бірге қарастырдық. Шынын айтқанда, біразын бордақылап саттық. О бастағы мақсатым, ірі қараның басын төлі есебінен көбейту болған еді. Алайда мүйізді ірі қараның кейбірін бордақылап сатып, одан түскен қаржыны несиені жабуға, сауын сиырлардың жем-шөбін алуға, сатылған малдың орнын толтыруға жұмсау арқылы тығырықтан шықтық. Бүгінде сиырларымның есебі түгел. Күніне екі мезгіл 5-6 сиыр сауамын. Өзім ашқан «Айару» жеке кәсіпкерлігі қазір Аса ауылына қарасты бала бақшалар мен бірқтар ауыл тұрғындарын сиыр сүтімен қамтамасыз етіп отырған жайы бар, – дейді Динара Шералықызы.
Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразов бұрын кәсіптің нәсібін көрем деген азаматтарға «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы үлкен демеу болып келсе, 2017 жылдан бері бұл бағдарламаны орнын «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы алмастырғанын айтады.
– Бұл бағдарлама ауданымызда жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, шағын несие алып, кәсібін дөңгелетемін дегендерге қазірде айрықша қолдау көп. Биылғы жылдың жарты жылдығының өзінде 74 адам шағын несиемен қамтамасыз етілді. Олардың 70-і несиеге «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы қол жеткізсе, қалғаны «Атамекен – Тараз» шағын несие ұйымынан алды, – дейді А.Жанқоразов.
Биыл мемлекеттен шағын несие алып, оған сауынды сиыр сатып алғандардың бірі аталған ауыл тұрғынының бірі – «Шадияр» жеке кәсіпкерлік иесі Жұбаныш Айниязов. Ол да «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы арқылы 4 миллион теңңге алып, оған 14 сиыр сатып алыпты.
– Несиені 6 пайызбен 5 жылға алдым. 14 мүйізді ірі қараның бесеуі сауын сиыр. Оны ауылдағы үйде қолда ұстап отырмын, қалғанын бір шаруа қожалықпен келісіп, ақыға бақтырып жатырмын. Мал шаруашылығымен айналысуыма ауылдастарымның ісі арқау болды. Нақты айтқанда, бұрыннан азық-түлік сататын дүкенім бар еді. Дүкеніме үйінде бір-екі сиыр ұстап отырған көршілерім сауып отырған сиыр сүтінің өздерінен артылғанын әкеліп қойып жүрді. Ал ол сүтті келген келгенінше тұтынушылар талап әкететін. Осы жайттар көз алдымда болып жатқан соң, несиеге болса да сиыр алып, сүтін сатуға бел будым. Қазіргі таңда күніне суылған 25-30 литр сүттің әр литрін 130 теңгеден өткерудемін. Табысымыз өзімізге жетеді. Алдағы уақытта қосымша жұмысшылардың көмегімен мал шаруашылығының өрісін кеңейтіп, өз алдына ауыл сыртынан шаруашылық ашсам деген ойым бар, – дейді Жұбаныш Қуанышбайұлы.
Мал шаруашылығымен айналысу қазаққа жат емес. Біз сөз еткен, ата кәсіпті арда тұтқан кәсіпкерлердің алдағы уақытта қолға алған ісін кеңейте түсетініне сенеміз. Осы ретте түлік басын көбейтіп, бордақылау, мал сою алаңын ашып, ішкі нарықты етпен қамтамасыз етемін, шаруашылықты тек сүт бағытында ғана дамытып, айран, қаймақ, май секілді сүт өнімдерін өндіретін цех ашамын дегендерге де мемлекет тарапынан қолдау көп. Бастысы – жұмыс жоқ деп қарап отырмау, өзгеге алақан жаймау.

Н. БОЛАТҰЛЫ,
Жамбыл ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *