«Еңбегің болмаса, елге өкпелеме»

«Ықтасының болмаса, желге өкпелеме, еңбегің болмаса, елге өкпелеме» дейді халық даналығы. Расында, бүгінгі заман билікке өкпелеп бүк түсетін немесе «алма піс, ауызға түс» деп керіліп жататын кез емес. Кәсіп аш, еңбек қыл, бұл – бүгінгі нарықтың талабы.

Мемлекет кәсіп ашып, ырзық табуға ықыластыларды қашанда қолдап келді, қолдай да бермек. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратындығын атап өтіп, ол ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтатындығын баса айтқан болатын. Сол секілді ауылды жерде кәсібін ашып, бірнеше адамға тұрақты жұмыс беріп отырған кәсіпкерлердің бірі – Мұратбек Нысанбеков.
Ол 2013 жылы Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылынан өз күшімен халыққа ең қажетті техникалық жөндеу орталығын ашқан. Көлік саны күн санап артып келе жатқан қазіргі шақта оның ашқан орталығын кеңейту қажеттігі туындаған. Әрине, мына заманда қаржысыз шаруаңды тіктеу мүмкін емес. Сондықтан жеке кәсіпкер Мұратбек аудандық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қайырылыпты. Ондағы мамандар кәсіпкерге «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі бар екендігін айтқан. Осылайша, орайы келіп тұрған жеңілдіктен қағылғысы келмеген Мұратбек Нысанбеков 2017 жылы 3 миллион теңге несие алып, «Әсем» техникалық жөндеу орталығын қайта ашыпты. Сөйтіп онда көршілес Қытай елінен жаңа қондырғылар сатып әкеліп, көлік жуу, мотор жөндеу, дөңгелек түзету, компьютерлік тексеру, көліктің қозғалтқыш бөлігін жөндеу сынды қызмет түрлерін бір сәтте ұсына бастапты. Бүгінде жұмысы жанданып, аудан орталығындағы біршама тұрғындардың көліктерін жөндеп беріп, алғыс арқалап жүр.
– Бүгінгі заманның талабы – кәсіп ашып, жұмыссыздарға жұмыс тауып беру. Бұл орайда, мен де өз күшіммен кәсіп ашқан едім. Бірақ сұраныс артқаннан кейін кеңейту мүмкін болмады. Осы тұрғыда мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезініп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алдым. Мұның тиімділігі – 6 пайызбен 5 жылға дейін береді. Әрі қаржы қолыма тигеннен кейін 6 айлық каникул берді. Яғни, тіршілігім алға басқанша банкке ешқандай қаржы құймадым. Жарты жылдан кейін ғана кесте бойынша ай сайынғы ақшамды сала бастадым. Қазір жұмысым алға басып келеді. Қосымша дәнекерлеу цехының іргетасын құйып, қабырғасын қалап қойдым. Алдағы уақытта ол да іске қосылмақ. Бүгінде техникалық жөндеу орталығында 12 адам тұрақты жұмыс істеп жүр, – дейді М.Нысанбеков.
Ашқан кәсібі кеңге қанат жайған Мұратбек түскен пайданы оңды-солды шаша бермей, техникалық жөндеу орталығы жанынан тағы бір ғимарат салып ауылдағы ағайыннан сүт қабылдай бастапты. 2017 жылы бастаған оның бұл ісі де бүгінде тұрақты түрде жүріп келеді. Техникалық жөндеу орталығынан түскен пайдадан 2 үлкен сүт жинайтын танкер сатып алған. Оның қуаттылығы күніне 8 тоннаға дейін сүт жинап, мұздатуға мүмкіндігі бар. Сөйтіп аудан орталығынан жинаған сүтті кәсіпкер күнделікті Байзақ ауданындағы «Лесняк» жеке кәсіпкерлігіне өткізіп отыр. Бүгінде ол бұл ісі арқылы 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтыпты. Оның ішінде лаборант мамандар мен сүт тасушылар бар. Мұндағы 4 маман әлеуметтік жұмыс орындары арқылы келіпті.
– Жұмысшылардың барлығы ауданымыздың азаматтары. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалған. Айлық-жалақымыз кешіктірілмей төленеді. Айта кетерлігі, сүт қабылдау орталығындағы 16 жұмысшының 10-ы сүт тасымалдаушылар. Олар әр ауылдан сүт жинап, бізге әкеліп тапсырады. Қазіргі таңда тәулігіне 4 тонна ғана сүт қабылдап жатырмыз. Себебі күз сүттің азаятын кезеңі. Ал басқа кезде 8 тоннаға дейін жинаймыз, – дейді есепші Жандос Молдабеков.
Сайып келгенде, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы Мұратбек секілді кәсіпке икемі бар азаматтардың халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында құрылған. Жалпы облыс бойынша осы жылы 11,6 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 7,4 миллиард, жергілікті бюджеттен 4,2 миллиард теңге бөлініпті. Сондай-ақ 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 22906 адам тартылса, оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына – 8842 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 3081 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1440 адам, жастар практикасына 2108 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 4609 жұмыссыз тартылған. Ал 1208 адам «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыса, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 575 адам оқуға жолданыпты. 597 адам шағын несие алып, кәсіп бастап кеткен.

Ш. СЕЙДУАЛИЕВ,
Жуалы ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *