Салмақты жиында салиқалы ойлар айтылды

Өткен апта соңында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Eldik elge bailanysty» қоғамдық форумы ұйымдастырылды. Аталған форум спикерлері жаңа технологиялар дәуірінде ұлт болып ұйысу, ынтымақ пен бірліктің бағасын білу, күнделікті жиын-тойларда ысырапшылдық пен мақтангершілікке жол бермеу және ұрпақ тәрбиесінің ең өзекті мәселелері турасындағы ойларын ортаға салды.

Қазақтың тарихы мен бүгінгі бет-бейнесі, жаңа ғасыр бедеріндегі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің, өмір сүру дағдысының бағыт-бағдары төңірегінде пайымды пікірлер айтылған форумды облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік ашып, жүргізіп отырды.
Форумда алғаш болып сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің сана мен мәдениет, ұлт бірлігі жайындағы оралымды ойлары көпшіліктің көкейінен жол таба алды. Сонымен қатар, Мейрамбек Мылтықбайұлы өз сөзін қазақы дәстүрдегі бала тәрбиесі, той мәдениетіндегі даңғазалық туралы ойларымен жалғады.
Бүгінде қоғам назарын ерекше аударар мәселенің бірі жастар саясаты екені белгі. Заман ағымымен мың құбылған жастардың ой-өрісі, таным түсінігі тым басқа. Ел ертеңі саналатын өрендердің ертелі кеш смартфондар мен компьютерге үңіліп, тәлім-тәрбиені, үлгі-өнегені ғаламтордан алып жатқаны да жасырын емес. Осы бір өткір мәселеде дәстүрлі қазақ қоғамының айнымас бөлшегі саналғанымен бұл күндері желісі үзілген жастар тәрбиесінде қариялардың ықпалын күшейту қажет-ақ. Форумда сөз алған еңбек ардагері, баталы қария Әбілқасым Ергебековтің де ойы осы төңіректе өрбіді.
Ал «һибатула Тарази» облыстық орталық мешітінің наиб-имамы Бақтияр Әміреев көпшілікті қайғы қуанышта ас та төк дастархан жайып, қала берді дүниеден қайтқан кісінің басына белгі қоюды бәсекеге айналғандардың әрекетіне тыйым салуға шақырды. Әрі бұл тұрғыда қадым заманнан қолданыста жүрген халқымыздың әдет-ғұрпы мен өмір сүру жоралғысы мысал етіп, құдайы тамақ берудің Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұсынған ас мәзірімен таныстырды.
Қоғамдық форумда көтерілген мәселелердің негізгі үлесі ұрпақ тәрбиесінің еншісіне тиді. Текті ұл мен қыздың тәрбиесін талбесіктен, отбасы-ошақ қасынан бастау керектігі жайында байламды пікірді ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова айтты.
Ұстаз ойын облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев та құптады. Өз сөзінде спикер ұлт үшін өзекті саналатын ұрпақ тәрбиесін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қатар ұштастырудың маңызы зор екендігіне баса назар аударды.
Форум барысында ұлттық құндылықтар, той мәдениетін заман ағымына қарай бейімдеу, әлеуметтік желіні кәдеге жаратудың әдебінен аттамау секілді мәселелер де қаузалды. Бұл орайда «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестегінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың ұсыныстары да қызу қолдауға ие болды.
Ал дәрігер Сағындық Ордабеков ХХІ ғасырдағы әлемге күллі қазақты танытудың тетігі ұлттық құндылық екендігін алға тартады.
Форум спикерлерінің ізін ала сөз тізгіндеген Батырбек Құлекеев те той мәдениеті мәселесіне айрықша тоқталып, ондағы даңғазалық пен бос мақтангершіліктің дәурені өткенін жеткізіп, заман ағымымен мұндада әлемдік тәжірибенің озық үлгісін мәселесін тілге тиек етті.
Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, форум қатысушыларының облыс жұртшылығына үндеуін жариялады.
Жиын соңында алқа мүшелері осы үндеудің негізінде тағы да ой қосатын болып тарқасты.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *