Күре жолдың құрылысы қалай жүруде?

Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағында республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының 7-273 шақырымдарын қайта жаңғырту жобасын іске асыру жұмыстары басталғаны белгілі. Жүзеген елдімекенді бір-бірімен жалғаған күре жолдың құрылысы барысымен жуырда облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бастаған топ арнайы барып танысып қайтты.

Қазіргі кезде мұнда 150 техника мен 309 адам тұрақты жұмыс істеуде. Бас мердігерлер «Син Синь» ЖШС мен «АБК-Автодор НС» ЖШС өздеріне тиесілі жолдың құрылысын бір мезетте бастап, бүгінде бірқатар жұмыс атқарып үлгерген.
Нысан басында облыс әкімінің орынбасары Е. Дауылбаев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрағасының кеңесшісі Ж. Ауғалиевпен жобаға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Оның ішінде, жергілікті тұрғындарды жұмысқа жұмылдыру, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу қарқынын жеделдету, сондай-ақ, жоспарлы жұмыстар көлемін уақытылы орындауға қажетті жол техникаларын, еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Өз кезегінде, тапсырыс беруші мен мердігерлік мекеме басшылықтары әкімдік тарапынан жобаны іске асыру барысында барлық туындаған мәселелердің оң және жылдам шешілуіне ықпалдасуда екендігін атап өтті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Айжан Туғанованың айтуынша, төрт жылға жоспарланған жобаның биылғы кезеңіне 11 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі таңда оның 3 миллиард теңгесі толық игеріліпті.
Десе де, Еркебұлан Дауылбаев жұмыстың жоспарлы түрде жүріп жатқанына күдікпен қарайтынын жеткізді. «Қазіргі кезде 3 миллиард теңгені игергендеріңізбен, алдағы 2-3 айда мердігер компания қалған 8 миллиард теңгені игеріп үлгере алатынына сену қиын. Сондықтан жұмысты жоспарлы түрде жүргізу қажет. Сонымен қатар мердігерлер тарапынан Қордай, Меркі, Шу және Мойынқұм аудандарына жергілікті тұрғындардан 800 адамды жұмысқа алатыны туралы хабарландыру жіберілді. Олар төрт жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтылатыны да айтылды. Алайда, аудан әкімдігі осындай мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай отыр. Әкімдік тиісті ұйымдастыру жұмыстарын атқара алмағандықтан, жұмыс беруші мен жұмысшының арасында делдалдар пайда болып, заңсыз табыс табуда» — деген Е.Әбілханұлы аудан әкімі Ж.Айтақовқа осы мәселелерді ретке келтіруді тапсырды.
Жобаның іске асырылуы, тұрғындарының қауіпсіз көліктік қатынасуын қамтамасыз етумен қатар, халық тұрмысының жақсаруы мен жалпы өңірдің дамуына үлесін тигізіп, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттырмақ.

Еркін САЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *