«Еңбектің» бағдары айқын

Байзақ ауданында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі іске асырылуда. Оған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өткен пресс-тур барысында көз жеткіздік.

Ауданға сапарымыз барысында әуелі №3 Байзақ колледжіне бас сұқтық. Мұнда аталған бағдарламаның І бағыты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту барысына қанықтық. Қазіргі таңда оқу орнында дәнекерлеуші және фермер ісі оқытып жатыр екен. Кәсіптік білім алуды шілде айында бастаған тыңдаушылар бүгінде әртүрлі өндіріс ошақтарында өндірістік тәжірибеден өтуде.
– Бұл бағдарламаның жұмыссыздар үшін тиімділігі көп. Себебі қысқа мерзімді оқу арқылы олар шәкіртақы алады. Сондай-ақ ауданда тұрмайтындар үшін тұрғын үй мен жол-пұлдарына қаржы бөлінеді. Яғни, осы 3 ай аралығында барлық шығынды Үкімет төлеп береді. Оларға тек білім алу керек. Біз өз тарапымыздан тыңдаушыларға теориялық біліммен қатар тәжірибе арқылы мамандық игеріп кетулеріне бар жағдайды жасап отырмыз. Ол үшін техникалық базамыз жеткілікті. Алдағы уақытта бізден алған білімі арқылы жұмыс тауып немесе кәсіп ашып кететіндігіне сенімдіміз, – дейді колледж директоры Мұхит Нысанбаев.
Мұнан соң аталған бағдарлама арқылы кәсібін жаңадан ашқан Гаухар Құдайбергенованың жұмысымен таныстық. Ол маусым айында «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіптің әліппесін үйреніпті. Сөйтіп аталған бағдарлама арқылы 6 пайыздық үстемемен жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Үкіметтен 3,5 миллион теңге несие рәсімдеп, бұл қаржыға 9 жылқы сатып алыпты. Бүгінде ол Қамбар ата тұқымдарын бордақылап, етін нарыққа шығармақшы. Оның айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының жаңадан кәсіп ашқан адамдар үшін тиімді тұстары көп. Себебі, ол алған қаржысын әр алты ай сайын 398 мың теңгеден 6 жыл төлемек. Есесіне осы аралықта қорасындағы малын нарыққа шығарып, белгілі көлемде пайда да көріп үлгереді. Сондықтан ол алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жұмысымды одан ары жандандырамын деп отыр.
Сондай-ақ шара барысында бағдарламаның шарапатын көріп, шаруашылығын шыңдап отырған Айман төбе ауылындағы «Шүкір» жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен таныстық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге несиеге 16 сиыр сатып алған Күләш Махамбетова бүгінде 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алғаш кәсібін Сарыкемер ауылында бастаған ол жер тарлық еткеннен кейін Айман төбе ауылынан шаруашылыққа қолайлы жер сатып алып, бүгінде кәсібін сонда дөңгелетуде. Бүгінде 15 сиырдан тәулігіне 50-60 литр стү алатын оның тұрақты тұтынушылары да бар екен. Одан түскен қаржыны оңды-солды шаша бермей жылыжай бизнесінде бастап кеткен. Қазіргі таңда 11 сотық жерді алып жатқан жылыжайда қияр мен қызанақ егіліп жатыр екен. Мұның барлығын жұмысшылардың арқасында жасап жатқан кәсіпкер мемлекет қолдауына алғысы шексіз. Өйткені тұрақты жұмыспен қамтып отырған әр адам басына Үкімет 17500 субсидия береді екен.
– «Шүкір» жеке кәсіпкерлігінде жұмыс жасап жатқаныма бір жылдай болды. 4 балам бар. Ауылда осындай жұмыс жасау біздер үшін қуаныш. Айлығымыз 50 мың теңге. Ай сайын зейнетақы қорымызға да қаржы құйылып тұрады. Әрі мұндағы жұмыс маусымдық емес. Яғни, қысы-жазы болып тұрады, – дейді жылыжай жұмысшысы Тұрғанкүл Құлжанова.

Ш. БИДІЛДӘҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *