Агроөнеркәсіп даму жолына түспек

Мемлекет басшысының биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына Жолдауының «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» деп аталатын екінші бөлімінде ауыл шаруашылығы саласына ерекше басымдық бергенін байқадық. Оған қоса, кәсіпкерлік пен кәсіп иелеріне берілетін қаржылай қолдаулар туралы да нақты шешімдер қабылданатыны айтылған. Тек қолдаулар жайында емес, ел Президенті сондай-ақ, түйткілді мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.

Мәселен, жоғарыда аталған екінші бөлімде «Ауыл шарушылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді» — деп, асыраушы саладағы негізгі мәселені қаузап, оның шешілу жолын да жеткізді.
Осы Жолдау арқылы еліміздің қазіргі ауыл шаруашылығына тың бастама мен серпін керек екенін түсінгендейміз. Солардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау ісі де үлкен маңызға ие екенін айта кету керек. Мемлекет басшысы биылғы жылдың басты құжатында осы мәселені де тілге тиек етіп, экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керектігін баса айтты. Оның орнына өнім өңдейтін кәсіпорындар салып, оның әлеуетін мейлінше тиімді пайдалану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін ең әуелі өңірлерге инвесторлар тартуды мықтап қолға алған жөн. Инвесторлардың көмегі арқылы «Құлан жортса тұяғы талатын, қыран ұшса қанаты талатын» иен даланың мызғып жатқан байлығын кәдеге жаратуға болатыны сөзсіз. Міне, дәл осы мәселе күн тәртібінен ешқашан түспейді. Сондықтан аймақтағы әкімдер қолынан келгенше инвестор тартудың жолдарын қарастырғаны абзал. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға еліміздің әрбір азаматы мүдделі деп ойлаймын.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытуға ерекше мән берілуі ең әуелі ауыл тұрғындарын қуантады. Себебі, ауыл – бәріміздің туып-өскен алтын бесігіміз. Бүгінгі күні ел халқының жартысына жуығы нәпақасын сол ауылдық жерден айырып отыр. Сондықтан, ауылды өркендету – мемлекетіміздің әр саласын дамытудың тірегіне айналмақ. Ол үшін, ең алдымен еліміздің әрбір тұрғыны Жолдаудағы жоспарлы мақсаттарды орындауға барынша атсалысуы қажет.

Бақыт БЕТПАЕВ,
Шу ауданы әкімдігі
ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *