Артта қалған азап

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

– Шынар,-дедім қараңғы үңгірге үңіліп.- Шынар. Ешкім тіл қатпады. Қорқып кеттім.
Үйге қайта кірдім.
– Бар ма?-деді кейуана жанары дірілдеп.
– Білмедім, оттық керек.
Кейуана қабат-қабат киімдерінің біреуінің қалтасынан сіріңке шығарып берді. Ішінде үш-төрт тал ши қалыпты. Оны құртсам не болмақ?
Сипаланып жүріп үңгірге түстім. Қап-қараңғы түнектен түк көрінбейді. Ауасы тар. Қолым жып-жылы денеге тиді. Дене селк етті.
– Шынар, мен ғой.
– Сен? Неғып жүрсің?
– Таң атып келеді. Жүр қой соямыз.
Шынарды тар қапастан шығарып алдым.
– Жасырынатын жерің жақсы екен,-дедім.
– Екі рет сақтап қалды.
– Жеңешем қалай, ағам сау ма? Өлтіріп кеткен жоқ па?
– Ағаң жақсы, бірақ жеңешеңді…
– Алып кетті ме? Қораға бекер кірді. Одан да айдалаға қашу керек еді. Қойлар үркіп білдіріп қойды ғой.
Шынар жылап қалды. Оны бауырыма бастым.
– Аман болса келер,-дедім оны жұбатқансып.
– Қалай келеді? Ағам оны жақсы көретін еді, енді не істейміз?..
Мен бір қойды дырылдатып сүйреп келдім.
– Уақыт жоқ Шынар, пышақ алып кел. Таң атып келеді.
Шынар мал бауыздайтын үлкен пышақты алып шықты. Екеулеп сойып, амалдап тазалап алдық.
– Самаурынға от сала бер, балам,-деді кемпір маған сыбырлап. –Шынар екеуміз ішек-қарынды тазалап алайық.
Таң қылаң бере үлкен қазанға ет астық. Шынар екеуміз бір-бірімізге ұрлана қарап қойыпбас-сирақ үйіттік. Есіме сонау бейбіт заман түсті. Аста-төк той жасап қонақ шақырғанда осылай таңда оянып үлкен-үлкен қазандарға ет асушы едік.
– Еркем, отын әкеліп тасташы…
– Мырзам, қазанның астын қалап қойшы,-деген жеңгелерімнің қиыла сызылғандары көз алдымда көлбеңдей берді. Шіріген қозаның ащы түтініне ашыған жанарыма сағыныш жасы тығылды. Өзімді тия алмай қалдым. Көз жасым мөлт-мөлт ағыла берді. Жөргектен кейін шын жылағаным осы шығар.
– Көзің ашыды ма,-деді Шынар жүзіме жымия қарап. Ащы түтіннен оның да жанары қызарып кетіпті.
– Жылауық екенсің…
Екі бетінің шұңқыры ойнап күлді. Оған қосылып мен де жымиған болдым. Бірақ…
Жас малдың еті лезде болбырап пісті. Біз жеп алдық. Ал, Шынардың ағасы дәм татқан жоқ. Теріс қарады да жатты. Бірақ, жағдайы күннен күнге нашарлай берді.Әлде бір жері сынған ба денесі гүп болып ісіп кетті. Енді кету мүлдем арман болып қалған сияқты. Шынарды мен тастап кете алмаймын, Шынар ағасы мен анасын тастап кете алмайды. Осылай жіпсіз байланған күндер өте берді. Бұрынғыдай үйге келіп мазамызды алмаса да әр кезде атылып қалатын оқтың даусынан зәреміз қалмайды. Ауылды ғармдықтардың алғаны әр жерге байланған ақ шүберектерден білініп тұрады. Яғни, әзірге шығуға жол жоқ. Шынардың түні қой қораның артындағы үңгірде өтеді. Мұны оған ағасы қазып беріпті. Алғаш вахабистер үйіне келгенде жеңгесі екеуі әжетханаға тығылып жан сақтап қалыпты. Кейін ағасы осы орды қазыпты. Әйеліне арнап тағы біреуін қазбақ болып жүр еді, бірақ үлгермеді…
Шынардың шашын алып тастадым. Өз қолыммен. Анасының ақылы бұл. Әлдеқандай жағдай болса қыз екенін білмесін дедік. Ұзын, қолаң шашын алдымен қайшымен тықырлап қыйдым. Көзінің жазы шашымен қосылып еденге мөлт-мөлт төгіліп жатты. Ұстараны қолыма алдым. Көзімнің жасын тия алмай дөп-дөңгелек басын жылтыратып қыра бердім. Қайтемін, бұл да қу құдайдың басқа салғаны.
– Жыламаңдар, бас аман болса шаш деген өсер. Бақабистердің қолына түсіп қалмасаңдар болғаны. Еркек деп атса атып тастасын, тек алып кетпесін. Күлайша сорлым не күйде екен, жарығым-ау…
Кемпір тағы зарлады.
– Өлтіріп бір жерге домалата салған шығар, баламды. Өлігі ит-құсқа жем болды ма, құрт-құмырсқа басып жатыр ма? Маңдайым-ау, не деген сор маңдай едім, қу құдай.
– Апа, жыламашы, ағам бетер қиналады ғой.
Күнұзағына еститінім Шынар мен анасының жылаған даусы, ағасының жан ауруына шыдамай ыңырсыған үні.
– Апа, жақын маңда сынықшы бар ма?-деп сұрадым. Қолы мен аяғының сынғанын анық сезетін сияқтымын.
– Көрші ауылда тәжік шал бар еді. Сынықшы Бахром деген. Бар ма, жоқ па құдай біледі.
– Онда мен соған барып келейін.
– Құдай тілеуіңді берсін балам. Ғұмырың ұзақ болсын. Көрші ауыл дегені досым Шұхраттың ауылы болып шықты. Шұхратпен жолығудың тағы бір сәті түсті. Айтсам, өзі-ақ тауып береді. Аузымнан «біссімілләмді» тастамай жүріп көрші ауылға да жеттім. Қыркүйектің алғашқы күндері болса да жаздың аптап ыстығы қайтпаған. Ауыл көшелері тып-тыныш. Жан баласы көрінбейді. Әр жер, әр жерде жаңадан үйілген төмпешіктер. Ауыл емес, мазарат дерсің. Досымның үйіне жақындадым. Есігі аңқиып ашық жатыр. Терезелері түгел қираған. Есіктен кірген жерге есек тезек тастапты. Бұл үйдің иесіз қалғанының белгісі. Терезе тұсындағы өткенде өзім жатқан төсектің үсті шұрқ тесік. Оқ жауып өткен сияқты. Ішкі үйге бас сұқтым. Сасық иіс қалқамды қапты. Құрттап кеткен екі адамның мәйіті жатыр. Бірі ер, бірі әйел. Қол-аяғымнан дәрмен кетіп, сыртқа әрең шықтым. Басым айналып, көзім қарауытып кетті. Қанша отырғанымды білмеймін, мойныма тақалған әлденеден денем дір етті. Екі қолымды төбеме қойып, жерге құлай кеттім.
– Кимсан?-деп өзбекшелеген дауыстан есімді жидым.
– Қазақпын.
– Қазоқ.
Басымды көтеріп жүзіне қарадым. Бет-аузын жүн басқан шал. Қауқары әлсіз болса да жанары суық. Қолында жалаңдаған өткір пышақ. Іштей кәлимәмді қайтардым. Тілім күрмеле берді.
– Не істеп жүрсің?-деді шал даусы жұмсарып.
– Досым еді, іздеп келіп ем…
– Дос іздейтін заман ба?
Білегіндегі ақ шүберекке көзім түсті де тіпті үрейім ұшты. Вахабистің қолына түстім. Өлген жерім осы шығар. «Қош бол өмір» деп күрсіндім.
– Көмесің бе?-деді ол теріс бұрылып.
Вахабис емес екенін ұқтым. Тек соларға беріліп тірі қалған біреу.
– Көмектесіңіз,-дедім.
Ол үйге жол алды. Екеуміз үйдің еденін ұзақ бұздық.
– Далаға көмбейміз бе?
– Көріп қойса өзің де осылардай құрт-құмырсқаға жем боласың.
– Сіз ғармдықсыз ба?-деп сұрадым бір-бірімізге үйреніскен соң.
– Тірі қалудың қамы ғой…
Екеуміз екі күрек тауып алып қабыр қаздық. Қабыр деген аты ғана, әйтпесе қазғанымыз тізе бойлайтын таяз шұңқыр ғана.
Екі мәйіттің де денесі ұстауға келмейді. Ылбырап кеткен. Аппақ-аппақ құрттар бірі кіріп, бірі шығып жүр. Досымның беті мүлде жоқ, еті іріп су болып ағып кеткен. Екі мәйіттің үстіне бір-бір көрпе жаптық та күрекпен шұңқырға итердік. Кейін үстіне топырақ үйдік. Шал даусын шығармай құран оқыды.
– Жақсы адамдар еді,-деді сосын бәсең үнмен. –Сатылмады. Аямай азаптады. Аузына қайнаған су құйып өлтірді оңбағандар. Бұл дүниеде жасағандары о дүниеде қайтады ғой, қайтады…
Сасық иістен қашып үй артына бардық.
– Мені қайдан көрдіңіз,-деп сұрадым.
– Ауылға кірген беттен көргенмін. Ізіңнен аңдыдым. Тура осында тарттың. Не үшін жүрсің өзің?
– Сынықшы іздеп келген ем. Осы ауылда Бахром деген сынықшы бар екен. Танисыз ба?
Бұл кезде күн сәскеден ауып қалған еді. Әңгіменің төркінін түсінген ата аз-кем ойланып тұрды да:
– Кешке дейін осында күт, кешке келем,-деп жолға шығып кетті.
Күн ұзақ білінбеген екен, қарынымның ашқанын жалғыз қалғанда сездім. Мұрынды жарған шабдалының иісіне тамсанып тұрмын. Шаршаппын. Тұрып баруға шама жоқ. Қарын ашта көзіңе ұйқы да келмейді. Еріне басып бауға кірдім. Қызара піскен шабдалылар уылжып тұр. Жерде шіріп жатқаны қаншама. Анарлардың сабағы жемісін көтере алмай иіліп тұр. Иісі мұрын қытықтайды. Уылжыған шабдалыға тойып алдым. Сәлден кейін-ақ түгі денемді қышыта бастады. Әлі жарылып үлгермеген анарларға қол салдым. Анау сырты алаудай болып тұрғандары қызыл анарлар, қышқыл болса керек. Ал мынау ақ анар. Біздің үйде де осындай бау бар еді. Анарларды сабағымен қиып алып шатырда сақтайтынбыз. Ой шіркін, қысымен анар жеп жүретін жылдар-ай десеңші.
Ауылымызда Ақай деген әже бар еді. Шын аты есімде жоқ. Шын атын ешкім білмейтін шығар. Әйтеуір болар-болмасқа ұрыса беретін айқайшыл еді. Сол себепті де Айқай аталып кеткен. Кейіннен «Айқай» дың «й»-сы түсіп қалып «Ақай» аталып кетті. Ауылымыз тамаша еді ғой. Бәрінің үйінде бау бар еді. Онда не жоқ демеңіз. Бәрі бар. Шие мен өрікке қарамаймыз. Тұттың не түрі, бадам, құрма, айва, алма, алмұрт, лимон… Қараөрікті көк кезінде тұзға батырып жемесек піскенде қарамаймыз да. Бір-бірімізге былшылдатып лақтырып ойнаймыз. Шабдалының не атасы біздің ауылда. Байқап қарасақ біздің ауылда әнжір Ақай кемпірдің үйінде ғана бар екен. Үйдегі уылжыған не түрлі шабдалыға қарамай есіл-дертіміз Ақай кемпірдің әнжіріне ауады да тұрады. Апамызбен сол үйге баруға тым құмармыз. Ақай кемпір соны білгендей әнжірін қызғыштай қорғайды. Бір түйірін татырмайды. Ал күзде анар піскен кезде етек-етек анар теріп кетеді. Бұған қалай зығырданың қайнамасын. Әнжір ұрлаймыз деп Ақай кемпірдің талай таяғын жегеніміз бар. Әлі есімде, Ақай кемпірге анар бермей қойғаным. Анарды әдетте әкем жарылмай тұрып тергізетін. Жарылып кетсе сақтау қиын болады. Шатырда тұрғанда ішіне өрмекші ұя салып алады. Сол жылы да бір күнде анарды өзім қырқып алдым. Әкем менің істің көзін біліп келе жатқаныма қуанды. Әкем өзі шатырға шығып іліп шықты. Содан бір күні есіне түсті ме анар жеуге Ақай кемпір келді.
– Әй келін, анарыңнан әкел ауыз тиейік,-деді келе сала.
Шешем маған шелекті ұстата қойды. Білемін біреуін жейді, қалғанын үйіне әкетеді.
– Апа, анар жоқ қой,-дедім теріп алғанымызды есіне салып.
– Әй, одан бері тағы піскен шығар, барсай,-деп кейіді анам.
Әдейі өңшең қызыл анардан теріп келдім. Өзімнің қолымда жарылған ақ анар. Ақай кемпірдің қарсы алдына отырып алып күрт-күрт жеп отырмын. Кемпір де бір анарды қолына алды да жерге бір ұрып жарды. Қып-қызыл суы аға жөнелді. Суын «уфп»деп сорып қалды да әжімдеріне дейін дірілдеп кетті. Анардың қышқыл суынан кішкентай көзі тіпті сығырайып «әй, мынауың у ғой» деп шелекке қайта сала салды. Ал мен күрт-күрт жеп отырмын. Кемпір анда-санда қарап қояды. Сол кезде жүзімді тырыстырып «ащы» деп қоямын. Ақай әжемнің түрі одан бетер тырысып кетеді. Сол ащы анарлар тұра беріп көктемге қарай біз үшін тәтті болып кетеді.
Өткен күнді еске алып жатып бау ішінде ұйықтап кетіппін. Әлдекімнің түрткенінен ояндым. Айнала көзге түртсе көргісіз. Шал екен «кеттік» деді. Екеуміз ауыл сыртына шықтық.
– Сынықшыға апармадыңыз ғой,-дедім мен.
– Сынықшы Бахром менмін.
Сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Бәлкім, шын вахаббис болып аңду үшін бара жатқан болса… Не де болса Шынар тығылып қалған болса екен. Бәрібір сенім жоқ. Түн болды ғой, тығылған шығар.
Түн ауа үйге жеттік. Кемпір әлі ұйықтамапты. Баласының жанының ауырғаны шыдатпаған-ау мен кіріп келгенде балаша қуанып кетті.
– Барсың ба, балам? Аман келгеніңе шүкір. Үһ, жанымды шүберекке түйіп отыр ем.
– Ә, кемпір, сен әлі тірісің бе?-деді шал кемпірді көре сала.
– Ризығымыз таусылмаған екен. Жүрміз ғой.-деп күрсінді кемпір.
– Ә, әлі бұл күндер де өтер, сәл шыдайық. Балаң қайда?
Шал төргі бөлмеге өтті.
– Оңдырмапты ғой,-деді әлден соң.-Әйтеуір тірі қалыпсың. Оң білегің мен балтырыңның сүйектері шытынап кеткен. Оңай жұмыс емес. Көп уақыт керек.
– Бахром ака, жаным садаға емдеп беріңіз…
– Емдейміз, қорықпа. Тек жүрегі мықты болса болды.
Бахром шал бізді далаға шығарып жіберіп Шынардың ағасын әбден шыңғыртты. Әлден соң жаныма келіп өзінің кетіп бара жатқанын айтты.
– Ісігі біраз күннен кейін қайтуы керек. Салдым. Орнынан қимылдамай, қозғалмай жатсын. Үш-төрт күнде келіп қалармын.
Қалтамнан бір бума ақша шығардым.
– Рахмет амак,-деп ұсындым.
– Керек емес, бұл ақша қазіргі кезде досың емес, жауың. Одан сен де тезірек құтылуға асық.
Иығымнан қақты да қараңғыға сіңіп кете барды. Үйге кірсем Шынардың ағасы ұйықтап кетіпті. Түн әлі жылы болған соң үйден гөрі далада жатқанды жөн көремін. Әсіресе, қой қорының үсті таптырмайтын орын. Шынарды да қасыма шығарып алғанмын. Тар шұңқырда түнегеннен тәуір. Ағасының күнқағарын басып киіп қол созым жерде ұйықтап жатыр. Анасы мен ағасы білмейді. Білсе анасы өзі келіп ортамызға жатып алар.
Шынарды ойлаймын. Қыркүйектің аспаны тұп-тұнық, Баяғы бала кезімізде санайтын жұлдыздар сол қалпы. Өзгермеген. Анда-санда алыс-алыстардан жарыса атылған оқтың дауысы естіледі. Мұндайда Шынар селк етіп оянып кетеді.
– Қорықпа,-деймін мен.-Алыста…
– І-і,-дейді ол жастыққа қайта бас қойып. Қайтып үнсіз қалады. Ұйықтап кетті-ау.
– Шынар, -деймін сыбырлап.
– Ау,-дейді ол теріс қараған күйі.
– Сынықшыны алып келдім. Ағаңның аяғын салды. Енді аз күнде жазылып кетеді.
– Жақсы болған екен. Көп қиналды ғой ағам. Жеңгем қайда екен? Ендігі өлтіріп тастаған шығар.
– Қыз-келіншектерді қаруға айырбастайды деп естігенмін.
– Қай жаққа?
– Ауғанға.
– Сорлы жеңешем-ай. Тағдырының қандай сыйын тартып жүр екен.
Шынар орнынан тұрды.
– Тұрма, жат,-деймін қорқып.
– Қайтемін, қаным қайнап барады.
– Амал не, тағдыр солай болса.
– Қашан бітеді екен?
– Не?
– Соғыс.
– Біз қашуды ойлауымыз керек.
– Қалай қашамыз?
– Көреміз ағаң тәуір болып кетсін.
– Оған әлі көп күн бар сияқты…
Шынар үнсіз күрсінді. Одан соң тіл қатысқан жоқпыз. Аспандағы сансыз жұлдыздарды санап, қол созым жерде жатқан бір-бірімізге жете алмай, жанардағы жасты ішке жұтып жаттық.
Тағы үш күн өтті. Ағасының беті бері қарап, ісігі қайта бастады. Сынықшы Бахром тағы келіп кетті. Түнді тағы да шатырда қарсы алдық. Ұйықтап кетіппін. Әлдебір көліктің ышқына келіп тоқтаған даусынан шошып ояндым. Дарақылана күлген дауыстарынан жүрегім атқақтап кетті. Шынар да жастықтан басын алмай тыншып қалыпты. Көлік көп кідірген жоқ, қайта от алды да жүріп кетті. Аспанға екі-үш оқ атып құтырғандар алыстады. Әлден соң әйел баласының жылаған даусы естілді. Сыртқы есіктің «шиық» еткен даусы естілді.
– Жарығым-ау, күнім-ау, барсың ба? Е, Алла көрсеткеніңе шүкір.
Анасының даусын естіп Шынар орнынан атып тұрды. Екеуміз де жерге түстік. Жеңгесі келіпті. Үсті-басының сау жері жоқ. Жылай береді, жылай береді.
– Үйге кір,- деді енесі сүйрелей.
– Кірмеймін, апа, мені кешіріңдер. Дарханға айтыңызшы мені кешірсін.
Қыстығып жылаған келіншекті көндіру мүмкін емес еді. Мен үйге кірдім.
Дархан теріс қарап жатыр екен.
– Жеңгей келді,-дедім бәсең үнмен. Басын жастықтан жұлып алды.
– Тірі ме?-деді.
– Иә.
Басын қайта жастыққа қойып үнсіз қалды. Қайта сыртқа шықтым. Енесі бәйек болып тұр.
– Қарның аш шығар, балам?
– Жоқ, ештеңе жемеймін.
– Су іш, жеңеше, үйге кір.
– Жоқ, кірмеймін.
– Ағамды көрмейсің бе? Сол күннен бері енді жақсы болып келеді.
– Оған көрінетін не бет бар дейсің мен де, апа.
Енесінің бауырына басын қойып жылаған келіншек ұзақ солқылдады.
– Бұл құдайдың басқа салғаны, сенің кінәң жоқ қызым.
Келіншек үнсіз басын шайқады.
– Жарайды апа, жеңешем менімен бірге жатсын.
– Екеуің бірдей сыймайсыңдар ғой.
– Сиямыз.
Кемпір үйге кіріп кетті. Шынар екеуміз дәрменсіз келіншекті шатырға алып шықтық. Шынардың орнына құлай кеткен келіншек үнсіз қалды. Бұдан кейін әркім өз ойымен жатып ұйқтап кеттік.

(Жалғасы бар)

Бақытгүл Ауданова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *