«Айша бибі» – пәк сезімнің бойтұмары

Театр – руханият ордасы, Ұлы өнердің темір қазығы. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов бұл жайында: «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деп баға берген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында өнер саласына жіті назар аударылғаны белгілі. Хас сұлудың көз жасындай сұлу саланың бір пұшпағы – театрдың халықтың жан сусарына айналған рухани бұлағы екендігіне дау жоқ.
Бұл ретте Жамбыл облыстық қазақ драма театры да облыс тұрғындары мен қонақтарын саф өнермен сусындатып, жан-дүниесіне рухани нұр құятын мәдениет мекеніне айналған. Күні кеше ғана өнер ордасының 84-ші жаңа маусымының ашылуына орай жазушы-драматург Болат Бекжановтың «Айша бибі» драмасының тұсаукесер қойылымы өтті.

Драманы сахнаға дайындаған – белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Ал сценографиясын жасаған қоюшы-суретшісі – Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева. Режиссердің шешімі бойынша спектакльге музыкалық жан бітіріп, әрлеу мақсатында «Тұран» этнографиялық ансамблінің музыкалары пайдаланылған.
Маусымашар кеште әуелі сахнаға театрдың директоры Болат Бекжанов шығып, 84-ші ашылу маусымның ашылуымен көрермен қауымды құттықтады. Сөз арасында театрдын түлеп ұшқан талай тарлан таланттардың елеулі еңбектірін сөз етіп, бүгінгі трупанның бет алысы жыл санап жоғарылап келе жатқанын ерекше атап өтті.
Жалпы спектакльді жұртшылық жылы қабылдады. Сахнадағы қай туындысына да жаңалықпен келу, өзгелерге ұқсамау, өнердің бар мүмкіндігін шегіне дейін пайдалану секілді қасиеттерімен ерекшеленетін белгілі. Бұл тұрғыда режиссер Нұрғанат Жақыпбайдың кезекті қойылымын асыға күткеніміз рас.
Қойылым басында сахнаға жас жауынгер Қархан мен оның тәлімгері Шоман-дүр шайқас өнеріне дайындық үстінде жүгіріп шығады. Көзінде от ойнаған Қарахан батырды «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков ойнаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі салмақты да, ұшқыр ойлы әрі ширақ қимылдайтын Шоман-дүр образын керемет бейнелеп берді. Жауынгерлік дайындық үстінде Шоман-дүрге жас сұлу Зеңгінің қызы Айша келеді. Қос жастың жанарындағы махаббат ұшқыны да осы сәтте тұтанған еді. Айша рөлінде ойнаған жас актриса Назым Ақылова өз образын мол ашып, жоғары деңгейде сомдады. Айшаның әкесі – Зеңгі қарияны Қазақсатан Республикасының еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан ойнаса, анасы Әнуар-бегімді Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова ойнады.
Қос ғашық арасындағы махаббат оқиғасы бұдан әрі сәт сайын құбылып, өзгере түседі. Қараханды Оғұлшақ ханның қызы Гүлхан ұнатып, Айша екеуінің арасында қызғаныш деген қызыл ит бұлаң береді. Ал Айшаға ханның өзінің ой түсіп, Қарахан мен Айшаны ажырату мақсатында сан түрлі қитұрқы әрекеттерге барады. Бұл қастандықтан құтылу үшін Айша сұлудан отбасымен үдере көшіп, бас сауғалаудан басқа амалы қалмайды. Өанатынан айрылған құстай ішқұса болған Қарахан батыр ханның бұл бассыздығын тоқтату үшін Баласағұн қаласындағы әскерін бастап келіп, Оғұлшақты тақтан тайдырады. Қуанышты хабарды естіген Зеңгі Айшаны алып елге оралады. Оқиға соңы қос ғашықтың қуанышқа толы қауышу сәтінде, Гүлхан ханшайымның тәлімгері Шербеттің Айшаның мойнына қасақана жылан салып жіберіп, өлтіруімен аяқталады.
Расында Қараханның жаулары мен билікке таласушылар Айшаны өлтіру арқылы Қараханды мұқатпақ болған жаулық ой-пиғылдарын, ақыры орындап тынады. Айша бибі жау пиғылды сатқындар қолынан қаза тапты.
Көрермен қауым осы драма оқиғасы арқылы есімдері көне Тараз қаласының тарихымен тікелей байланысты айтылатын кіршіксіз таза да құдіретті махабаттың қос символы Айша бибі мен Қараханның тағдырымен және олардың мәңгілік өшпес жырға айналған махаббат дастанымен танысты.
Сондай-ақ, Айша бибі мен Қарахан бейнелері арқылы халқымыздың бай рухани құндылықтарымен, терең тарихымен, көне Тараздың Қараханидтер дәуіріндегі тылсым тыныс-тіршілігімен, Әулиеата жерінің сакральды географиясымен танысуға да мүмкіндік алды.
Анар Сағымбекова тарихтан аты жақсы таныс, Айшаның тәлімгері – Бабаджа-хатын образын сомдады. Ал Тараздың билеушісін Оғұлшақ ханды Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков ойнады. Берде ханымды Жастар одағы сыйлығының лауреаты Анара Алтыбаева, Гүлхан ханшайымды жас актрисса Ақнұр Елемесова, Гүлханның тәлімгері Шербетті Қазақсатн Республикасының еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетова, Қараханның серігі Өстамур сарбазды Мәмбет Қожалиев, Яхуди уәзір образын Руслан Оразалиев, әскербасы Әбіл-Хасанды Жандар Қырықбаев сәтті сомдап шықты.
– Тоғызыншы ғасыр мен он үшінші ғасырдың аралығында өмір сүрген Қараханидтердің өз мәдениеті, өз сарыны, өз өмір салты болған. Ол шақ бізге тылсым. Сол тылсымның махаббатынан сондай «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты, «Қыз Жібек» сияқты ұлттық құндылығымызға керемет махаббат тақырыбын қоссам деп жүргенмін. Сол мақсатым орындалды ғой деп ойлаймын. Қойылымдағы оқиға тарихта жоқ, бұл негізінен бізге аңыз болып жеткен. Сол аңызда жыланның айтылатыны анық, бірақ қалай шағып өлтіргені бізге беймәлім нәрсе. Мен бұл турасында біраз аңыз әңгімиелерді жинадым. Бұл спектакльде менің айтқым келгені қастандық мәселесі. Адамдардың бір-біріне жасайтын жауыздығы. Қархан мен Айшаның ерекше махаббаты. Басты кейіпкер спектакльде өлсе де ол бәрімізден биіктігін, қандай тосқауыл болса да махаббатың өлмейтінін көрсеткім келді, – дейді шығарма авторы әрі театр директоры Болат Бекжанов.
Тұсаукесер соңында жиналған жұртышылық актерлерге ұзағынан қол соғып, құрмет көрсетті. Жалпы театрдың актерлерінің құрамы бүгінгі таңда жас та, талантты, талапты өнерпаздармен толығуда. Әсіресе көзі қарақты көрерменге труппаның вокалдық үйлесімділкпен, бірізділікке төселіп шығарманы көркем жеткізгендігі ұнаған.
Халық жазушысы, драматург Ғабит Мүсірепов айтқандай «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер». Рухани ордаға жақында қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың есімін беру туралы мәдениет қайраткерлері мен жамбылдық зиялы қауымның сұранысы да оң шешімін тапқалы жатқандығын естіп қалдық. Тарихи қаланың тамыры тереңде жатқан жауһар қазынасы – жамбылдық театрдың әлі де талайды тың туындыларымен таңдандыратыны ақиқат.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *