Жүкетелген міндет орындалуымен құнды

Өткен аптада облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен   аймақ  активінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың   «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы  әңгіме  арқауына айналды. Сондай-ақ алда тұрған міндеттер айқындалып,  жоспарлы жұмыстар межеленді.

Жиында ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова баяндама жасап, Жолдау жүктеген талаптар мен міндеттер бойынша өңірде атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
— ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында заманауи талаптарға жауап беретін дамудың басты бағыттарын белгілеп берді.
Еліміздің даму жолын әлем мойындап, «Назарбаев» моделінің негізінде өркендеудің жаңа кезеңіне шығу жолы айқындалды.
Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі ретінде бес міндет алынды. Біріншісі – заман талабына сай тиімді мемлекет. Екіншісі – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үшінші міндет – қарқынды дамыған және инклюзивті экономика. Төртінші міндет – әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Бесінші міндет – қуатты өңірлер – қуатты ел.
Біріншіден экономикалық өрлеу және әлеуметтік саланың барлық бағыттары бойынша саяси реформалар кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеті тұр.
Билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог орнату алдағы уақытта атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу аса маңызды, -деп сөзін бастаған Сұлушаш Сәтбекқызы одан әрі халықпен тығыз байланыс орнатудың тиімділігін тілге тиек етті.
— Президент Жолдауда «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» , — деп ерекше атап өтті. Осы орайда облыс әкімінің 13 наурыздағы №70-ө өкімімен жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмдері бекітілген болатын. Алгоритмге сәйкес, қала, аудан әкімдері 5 күн бұрын басылымдарда, әлеуметтік желілерде, ресми сайттарда тұрғындармен өткізетін кездесу орны, мерзімі туралы хабарлау керек. Алайда жергілікті әкімдер тарапынан алгоритмді жүзеге асыру барысында көптеген кемшіліктерге жол беріліп, әлі де болса тұрақты жүйе қалыптаспай отырғаны анықталды.
Мәселен бірқатар аудандарда аудан әкімінің округтерді аралау кестесі аудан әкімімен бекітілмеген және елді мекендерге шығу кестесі облыс әкімінің бас инспекторына ресми жолданбаған. Сондай-ақ өткізілген жиындардың хаттамаларында округ әкімінің, жергілікті мекеме басшылары есептерінің тыңдалғаны, олардың жұмысына нақты баға беру, көтерілген мәселер бойынша қабылданған шешімдер, оған жауапты лауазым иесін бекіту секілді мәселелер енбеген. Рәсімделген хаттамалардың орындалуына талдау жасалмаған.
Бұдан бөлек, инспекторлар тарапынан зерделеу барысында әкімдердің елді мекендерді аралау кезінде азаматтарды жәке сұрақтармен қабылдау мәселесі де жүйеленбегені белгілі болды.
Осылайша алгоритм қабылданғалы жарты жылға жуық уақыт өтсе де көптеген ауыл әкімдері апта сайын тұрғындармен өтетін кездесулерге немқұрайлы қарауда, — деп облыс әкімінің орынбасары аудан мен ауыл әкімдерінің жүйесіз жұмысын бір сынап өтті.
Бұдан кейін Сұлушаш Құрманбекова облыс әкімінің 2018 жылғы 6 тамыздағы №142-ө өкімімен жергілікті атқарушы органдардың интернет кеңістікте жұмыс жүргізуіне тоқталды.
— Тәртіпке сәйкес, бірінші басшылар интенет ресурстар мен ақпараттық жүйелерде, әлеуметтік желілердегі парақшаларға түскен сұрауларға, хабарламалар мен өтініштерге, түйткілді мәселелерге жедел ақпаратты 1-3 сағаттың ішінде, ағымдағы ақпарат 1-2 күн ішінде, қосымша нақтылауды қажет ететін ақпараттар 3-5 күн ішінде ресми жауап ретінде жолдауы тиіс. Алайда қазір бұл нормалар сақталмай, тіпті оларға жауап қайтармау фактілері тіркелуде.
Үстіміздегі жылдың 28 тамызында «Жамбыл облысы әкімінің және облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларының әлеуметтік желілердегі парақшаларын, облыс әкімдігінің ресми сайтын, ҚР электронды Үкіметіндегі облыс әкімінің «Ашық диалог» порталын жүргізу жөніндегі нұсқаулық» бекітілді. Ендігі кезекте басқарма басшылары және Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің тоқсан сайын осы бағыттағы жұмыстары қаралатын болады. Яғни, бірінші басшылар азаматтардың мәселелерін барынша жергілікті деңгейде шешіп, орталық органдарға немесе Президент Әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр еткізбеуі керек,- деді облыс әкімінің орынбасары.
Баяндамасында Сұлушаш Сәтбекқызы бұдан бөлек Жолдауда айтылған митинг өткізу тәртібі, қоғамдық келісімді нығайту, адамдардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру, тиімді шағын және орта бизнесті қала мен ауылдарда дамыту сынды мәселелер төңірегінде де ой қозғап, бұл бағытта облыс көлемінде алдағы уақытта қолға алынатын жоспарлы жұмыстар жайлы баян етті.
Баяндама тыңдалғаннан кейін бірқатар азаматтар жарыссөзге шығып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа арнаған Жолдауына қолдау білдірді.
Ал актив отырысын қорытындылаған облыс әкімі Асқар Исабекұлы арыз-шағымдарға берілген жауаптарға қанағаттанбаушылық сол салада күрделі түйткілдердің бар екеніндігін көрсететінін ашып айтты.
— Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың жұмысы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектеріне заңнама шеңберінде жедел әрі қайта қайырылмайтындай жауап беруіне байланысты бағаланатын болады, — деген өңір басшысы әрбір белсенді азаматтардың дерекқоры жасалатынын жеткізді. Ол бойынша арнайы қоғамдық комиссия құрылып, түйінді түйткілдермен жан-жақты жұмыстар жүргізілмек.

«Ауыл-аймақ»-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *