Ауыл шаруашылығы алға жылжуда

ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНДЕ ҚИЯР ӨСІРІЛУДЕ

Ауа-райы қолайлы, жері шұрайлы ауданымызда жылыжай шаруашылығы қарқынды дамуда. Осы мақсатта, аудан көлемінде жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, жыл сайын жылыжайлар саны мен көлемі артуда.

Аудан бойынша жалпы көлемі 5,2 гектарды құрайтын 5 жылыжай шаруашылығы (оның 2-і өнеркәсіптік және 3-і фермерлік үлгіде) және 0,95 гектарды құрайтын 9 отбасылық жылыжай жұмыс істейді. Бүгінгі күнге аудан бойынша жылыжайлардың жалпы көлемі 6,13 гектарды құрап отыр. Осы ауыл шаруашылығы кешендерінен бүгінгі күнге 575,2 тонна қияр және 6,3 тонна қызанақ өндірілген. Солардың қатарында Қостөбе ауылдық округінде орналасқан «Мика» шаруа қожалығы да бар.
Осыдан екі жыл бұрын құрылған шаруа қожалыққа Райкул Баймаханбетова жетекшілік етеді.
Алғашқыда екі гектар жерді игерген шаруашылық бүгінде бұл істің көзін тапқан. Екі гектар жердің 0,8 гектарына өз қаражаты есебінен жылыжай кешенін тұрғызып, онда тамшылатып суару жүйесі бойынша көкөніс өсіріп отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші маусымында 102 тоннадан астам қияр өндірген шаруа қожалық қазіргі таңда екінші маусымға да қияр дақылын еккен. Мұнда он адам тұрақты жұмыспен қамтылса, тағы да он адам маусымдық жұмысқа тартылады. Олар шамамен 70-75 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бір шаршы метр жерден 12-ден 15 келіге дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Жылыжай жобасының құны – 100 млн. теңге, қаржы көзі — өз қаражаты есебінен. Аталмыш шаруа қожалық иесі еңбек еткенге ризық мол екенін айтады.

МАЛ СОЮ БЕКЕТІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын ел экономикасының драйверіне айналдыру туралы нақты міндет қойғаны белгілі. Бұл мақсатта қолға алынған бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін көрсетуде.
Көктал ауылында орналасқан “Дулат” шаруа қожалығында тәулігінде жүз басқа дейін қабылдауға болатын мал сою бекеті іске қосылды. Мұсат Алашбаев жетекшілік ететін аталмыш шаруа қожалық 2014 жылы іргесін қалаған. Мұнда он бес адам тұрақты жұмыспен қамтылып, олардың орташа айлық жалақылары 70-75 мың теңгені құрайды. Бұған дейін де үш мың басқа арналған мүйізді ірі қара малын бордықалау кешенін жүргізіп келген Мұсат Тәжібайұлы өздері бордақылап отырған малдарды сою бекетін ашып отыр. Осыдан үш жыл бұрын жалпы құны 497 миллион теңгені құраған жобаның жартысы өз қаражаты есебінен болса, құрылысқа кеткен инвестициялық шығынның жартысы мемлекеттік субсидия есебінен өтелген. Осы уақытқа дейін өздері бордақылаған мүйізді ірі қара малдарын Тараз қаласы мен басқа да өңірлерге тірідей сатып келген шаруа қожалық ендігі кезекте ет экспорттауға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда, қожалық иелігіндегі қора-жайларда 780 бас мүйізді ірі қара малы бордақыланып жатыр.

Мұхтар Манекеев,
Байзақ ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *