Ақбұлымның алмасы бал татиды

Жамбыл ауданыда 625,56 гектар алма бағы бар болса, оның 145 гектары ілгеріден келе жатқан алма бақ. Ал 480,56 гектары 2007-2018 жылдар аралығында жеміс-жидек дақылдарын өсіруге жұмсалған шығынды субсидиялайтын бюджеттік бағдарлама аясында отырғызылған екен. Оның 246,6 геrтары – интенсивті. Интенсивті алма бақтың 7,6 гектары осыдан 5 жыл бұрын егілген.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Амангелді Әбдібековтің айтуынша, интенсивті алма бақтар Айша бибі, Көлқайнар, Жамбыл, Қаракемер, Ақбастау ауылдық округтеріне қарасты ауылдарда орналасқан екен. Былтыр Ақбастау ауылдық округідегі «Алтын алма», «Садықов», «Салман» шаруа қожалықтары әр қайсысы 5 гектардан 15 гектарға жаңа көшеттер әкеліп отырғызыпты. Бағбандарға мемлекет тарапынан 50 пайызға жеңілдетілген бағамен минералды тыңайтқыштар берілген.Осы орайда біз кезінде алмасымен аты шыққан Ақбұлым ауылына арнайы барып, ондағы бағбаншылардың алдағы жиын-терін науқанына дайындығын бағамдап қайтқан едік. Ауылдық округтің бас маманы Марат Серік Ақбұлым ауылында алма өсірумен 90 шаруашылық айналысатынын айтты.
– Ақбұлым ауылдық округінде барлығы 192 шаруа қожалық бар болса, оның 46,8 пайызы алма өсірумен айналысады. Мұндағы алма бақтың көлемі 155 гектарды құрайды. Олар жылда өндірген өнімінің 60-70 пайызын Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда обылыстарына өткерсе, қалған өнімдерін Тараз қаласы мен Солтүстік облыстарға жөнелтуде. Ақбұлым ауылында бағбандар негізінен алманың «Голден-Делю-6», Ред-Делю-6», «Айдоред» және тағы да басқа түрлерін өсіреді . Жиын-терін уақытында әр гектардан шамамен 100-300 центнерден өнім алынады, – деді Марат Серікұлы.
Бізді бас маман ауылдың оңтүстік беткейіндегі қыр етегінде орналасқан алма баққа бастап барды. Онда алқапқа су салып жүрген жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Мафиз ақсақалды кезіктірдік.
— Мұндай тірлікті негізінен Мизан, Рызман есімді ұлдарым атқарады. Оларға бағбандықтың қыр-сырын өзім үйреткенмін. Жасым қазір сексенге таяды. Мен алма өсірумен 20 жылдан бері айналысып келемін. О баста мемлекет тарапынан 1 жарым миллион теңге несие алып, 6 гектарға алма ектім. Уақыт өте келе ол тағы да 4 кектарға ұлғайды. Қазір 5 немерем мен 2 шөберем бар. Оларға да бұл кәсіп мұра боп қалады деген ойдамын. Мұны қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демеп-пе еді, біздің негізгі малымыз осы талдан табылып тұр, – деп бастады қария әңгімесін.
Айтуынша «Мафиз» шаруа қожалығында 12 гектар суармалы жер бар болса, оның 10 гектары алма бақ. Алқапта көздің жауын алатын алқызыл және сары түсті алмалардың «Голден-Делю-6» және «Превасход» сұрпы өсіріледі екен. Былтыр 10 гектар алқаптан 80 тонна өнім жинап, әр келісін 120-130 теңгеден өткеріпті. Мафиз Латипоглы ақсақал алдағы 1-2 жылда алма ағаштарын суырып, орнына жаңа сұрыпты көшеттер отырғызуды жоспарлап отырғанын айтты.
— Бұл алма ағаштарының алды қартайды. Қазірдің өзінде жемісті ала-құла етіп бере бастағандары бар. Жалпы, күтімнің арқасында бақ бізді жаман қылған жоқ. 2006 жылдары бір жазда 38 мың АҚШ долларын тапқанбыз. Қазіргі уақытта жиын теріннен кейін кемі 3-4 миллион табыс табамыз. Өзгелер алманы қысқа сақтап әуре боп жатады, мен о бастан алқап басынан сатып жіберемін.
Негізінен алма ағашын ұйқысынан оянбай тұрып жылына бір мәрте кесу жұмыстарын жүргізген жөн. Көбіне жұрт ағаштың қураған немесе артық бұтақтарын күзде кесіп жатады. Мен мұны ерте көктемде жасаймын. Наурыз-сәуір айларында алма ағашының арасын соқамен аударып шығамыз. Жемісі піскенше жер жағдайына қарай 5-8 мәрте суарып, 4 мәрте құрт-құмырсқаға қарсы гүл ашқанға дейін, гүлдеп түйін салғаннан кейін, алманың үлкендігі жұмыртқадай болғанда және жиын-теріннен бір ай бұрын дәрілейміз. Негізінен алманың алма жегіш, алма биті, гүл жегіш, ақ ұнтақ, жеміс шірігі секілді жауы көп. Бұлардан сақтану үшін ағаш күтіміне көбірек көңіл бөліп, дер кезінде химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп тұрамыз, – дейді Мафиз Латипов.

Н. БОЛАТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *