Кәсіптің көзін тапқан Майра

Ауласында бау-бақшасын өсіріп, баптап отырған жандар уақыттарын тиімді өткізіп қана қоймай, қысқы азықтарын жаз айларында дайындап, сатуға шығарады. Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Сондай жанның бірі- жайылмалық Майра Оралова.

Майра апай 10 жылдан бері бау-бақша өнімдерін егіп өсіруде. Көктем айы шығысымен бақшасына күтім жасайды. «Маңдай терімен еңбектеніп тапқан өнімнің дәмі қашанда ерекше» дейді бізбен әңгімесінде.
Майра апай көпбалалы аналардың бірі. Ұл-қыздарының барлығына ұлағатты тәлім-тәрбие беріп өсірген жан. Инабатты келін, немересінің ардақты апасы. Біздің кейіпкеріміз Әйтеке би атындағы орта мектептің мектепалды даярлық тобының мұғалімі болып қызмет атқарады.
Майра апаймен пікірлескенімізде:
— Ауламда алма, жүзім, алмұрт, шие және қияр, сәбіз, қызанақ, картоп өсіп тұр. Бау-бақшаны күтіп баптау оңай шаруа емес. Көп күтім қажет. Жұмыстан кейін кешкілік бақша күтіміне кірісемін, артық шөптерін, түбін қопсытып, күтіп-баптаймын. Ерте көктемнен тер төккеннің арқасында жемісін көріп отырмыз. Сонымен қатар ауламда 3 түйені үш мезгіл сауып, шұбат ашытамын. Шұбаттың 1 литрі 500 теңге. Күніне 10-15 литр өткіземін. Алушылар Тараз, Шымкент, Алматы қалаларынан жиі тапсырыс беріп жатады.
Қара жердің төсінен нәпақа тауып,ойдағыдай нәтижеге қол жеткізуге болады. Менен басқа ауылда ерте кезден төрт түлік мал өсіріп, одан өнімін алып жатқан ауылдастарым баршылық.
Ерінбей кәсіпкерлікпен айналысып, бау-бақша өсіріп өнімін алып жатқан азаматтарға шүкіршілік етіп, қуанамын. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей. Еңбек еткен жанға берекелі табыстың тоқтаусыз келетіні сөзсіз,-деді.
Шағын ғана ауладан кәсіптің көзін тауып, елге үлгілі болып жүрген Майра апайымыздың әлі алар асуы алда.

Сәулет Есқараев,
Сарысу ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *