Қант қызылшасының бағасы неліктен көтерілмейді?

Аймақтағы шаруалар бал тамырдың бабын тауып, егістік көлемін ұлғайта түсті. Дегенмен ала жаздай егістік алқабында жүріп еңбектеніп мол өнім алудан өзге, оны тиісті бағаға өткеру де оңай шаруа емес. Себебі биыл шаруашылықтардың өнімін өткізудегі ісі шатқаяқтайтын түрі бар. Олай дейтініміз тәтті түбірді қабылдайтын меркілік қант зауыты өнімнің келісін бес жыл бұрынғы бағамен сатып алмақ. Бұл өз кезегінде көл көсір пайдаға кенелсек деген егіншілерді керісінше шығынға ұшыратпақ.

Шындығында, облыста қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл меже еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасынан кейін қолға алынған болатын. Осынау іске өңір диқандары асқан құлшыныспен кірісіп, жаңбырлатып, тамшылатып суғару секілді заманауи әдістерді қолдану арқылы мол өнім алудың қамын жасап бақты. Соның арқасында қант қызылшасының аумағы былтыр 8416,5 гектарға жетіп, егін шаруашылығымен айналысатындардың арасында «қант қызылшасы ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде күтімі келіссе, пайдасы мен түсімі мол өнім» деген тұжырым да жасалған еді. Дегенмен биыл олай болмайтын деп тұр. Себебі жыл науқан басталарда қант зауытының басшылары тәтті түбірдің бағасын 10 теңгеден қабылдаймыз деген уәделерінен жиын-терім уақыты жақындағанда тайқып, баяғы 8 теңгеден алатындықтарын айтуда. Бұл өз кезегінде аймақтағы 5,6 мың гектарға қант қызылшасы отырғызған 274 шаруашылықтың меселін басып, шаруасының шатқаяқтауына әкеліп соғуда.
Нақтырақ айтсақ, жыл басында диқандар зауыт басшылығына алдағы уақытта қант қызылшасын өткеруде туындайтын мәселелердің шешімін табу және қант зауытының қызылшаны сатып алу бағасын 2 теңгеге көтеру бойынша ұсыныстарын білдіріп, нәтижесінде ҚР Фермерлер одағының облыстық филиалы мен Меркі қант зауыты арасында меморандумға қол қойылып, зауыт қызылшаның әр келісін бұрын 8 теңгеден қабылдап келсе, биылдан бастап бұл бағаға 2 теңге қосқан еді. Оның үстіне жергілікті билік облыстық бюджеттен зауытта өтпей тұрған қапшық-қапшық қантты бақандай 500 миллион теңгеге сатып алып, облыстық тұрақтандыру қорына өткізген. Мұндағы мақсат бағаны қаз қалпында сақтау. Осылайша облыстық әкімдік тығырыққа тірелген зауытта қарыздың құрсауынан шығарып алып, күзде шаруалардан қант қызылшасын 10 теңгеден алатындығына сенген. Дегенмен қиын кезеңнен өтіп алғаннан кейін зауыт уәделерінде тұрмай бес жылғы бағаны биыл да қойып отыр. Мұның себебін «Меркі» қант зауытының директоры Назар Сүлейменовтен білгенімізде, өздерін жекеменшік ұйым екендіктерін алға тартып, қызылшаны 10 теңгеден қабылдау зауытты шығынға батыратындығын айтып отыр.
– Біздегі жағдайда аудандық, облыстық әкімшілік жақсы біледі. Ашығын айтар болсам, біздің шығынға жұмыс жасағымыз келмейді. Ал шаруалардың бағаға келгенде шырылдайтын жөні жоқ. Себебі олар Үкіметтен қант қызылшасының әр келісіне 12 теңгеден субсидия алады. Біз ондай субсидия мүлде алмаймыз. Әрі жыл сайын құрылғыларымызға жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ол үшін Украина, Ресей сынды мемлекеттерден қосалқы бөлшектер алып келеміз. Ондай жұмыстарға қаржыны доллармен төлейтінімізді ескерсек, әрі аталған валютаның теңгеге шаққандағы құны күн санап өсіп жатқандығы зауытқа да әсер етпей қоймайды. Бұл анық фактор. Сонымен қатар өндірген өнімімізді темір жол арқылы тасымалдаймыз. Оның да құны шарықтап тұр. Бұл жөнінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан да талай көмек сұрадық. Бірақ шешілетін түрі жоқ. Сайып келгенде балтамырды 10 теңгеден қабылдау еш қисынға және біздің қисабымызға еш сай келмейді, – дейді Н.Сүлейменов. Сонымен қатар сөз барысында ҚР Фермерлер одағының облыстық филиалы мен Меркі қант зауыты арасында меморандумға қол қойылып қантты 10 теңгеден қабылдау туралы келісімнің неліктен бұзылғанын сұрағанымызда ол мұндай шешім шығарылғанда зауытта өзге адамның директор болғанын және өзінің басшылыққа жақында келгенін жеткізді. Түсінгеніміз зауыт құрылтайшылары да бағаны келісімге сай қабылдауға құлықсыздық танытып отыр екен.
Әрине, мұндай шешім қашанда сабыр мен салмақтылыққа бейім шаруалардың шамына тиері сөзсіз. Жиын-терін жақындағанда зауыт басшылығының бес жыл бұрынғы бағаны қайта қоюы олардың да еңбегін еш кетіретіні белгілі.
– Мен биыл балтамырды 180 гектар жерге егіп, содан пайда табамба дегенде зауыттың уәделерінен тайқып кетуі таң қалдырып отыр. Осыншама жерге «Тиссерин» сұрыпты дақылды ектім. Оны органикалық заттармен қоректендіру мен суаруға мол қаражат кететіндігі ақиқат. Сондай-ақ жанар-жағармайдың да бағасы қымбаттауда. Менің де шығыным айтарлықтай. Жыл басында қызылшаның бағасын 10 теңгеден қабылдаймыз дегеннен кейін осыған бет бұрған едім. Енді кеткен шығынымды қайтара аламба деген ойға қалып отырмын. «Үмітсіз шайтан» дегендей зауыт басшылығынан қабылдайтын бағаларын сұраған сайын, өзгеріссіз қалатындығын естимін. Сондықтан осы көктемде келісілген бағамен қабылдау жөнінде облыс әкімі бір шешім шығарып беретіндігіне сенемін, – дейді «Сыпатай батыр» ЖШС-нің басшысы Қанат Шайхиев.
Әсілінде, бағаға байлам жоқ деп жатамыз. Бірақ бұл жамбылдағы қант қызылшасына қатысы жоқ тәмсіл секілді. Өйткені, балтамырға келгенде баға бір орнында бес жыл бойы байлаулы тұр. Дегенмен облыс басшылығы жиын-терімге дейін зауыт басшылығымен баға мәселесін жөнге келтіреміз деп отыр.

Ш. БИДІЛДА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *