Артта қалған азап

Бір қойды жайратып салған соң ағам екеуміз жұмысқа аттандық.
– Аға, осы дұрыс па?-деймін маған қарағанда әкем айтпақшы «түсінігі бар» ағама қарап.
– Не?
– Әкемнің үйге елді жинап жатқаны.
– Несі бар? Ет жеп, сорпа ішіп әңгіме-дүкен құрады да. Содан басқа не тірліктері бар дейсің олардың.
– Жоқ, олар Алматыдағы жағдайға байланысты жиналайын деп жатыр ғой.
Ағам бетіме қарап күлді.
– Жиналар, болған жайды талқылар, одан не өзгереді дейсің?
– Әйтеуір, зияны тиіп жүрмесе.
– Сен ол жағын уайымдама.
Кешкісін келсек үй толы адам. Кәрісі де, жасы да осында.
– Осы мені сырттай үйлендіріп жатқан жоқсыңдар ма,-дедім етегіне сүрініп жүрген жеңгеме әзілдеп.
– Қане, солай болса. Осындайда қызмет ететін бір адамға көбейетін едік.
Жуынып келіп төменгі жаққа отыра кеттім. Мәжіліс әлде қашан басталып кеткен сияқты.
– Елдің көтерілуі дұрыс. Қазақ қазақ болудан қалып барады. Алматы дегенің тіпті қазақтың жеріне ұқсамайды. Қазақша сұрасаң орысша жауап береді. Ана солтүстік жақтарың тіпті…
– Соны айтсайшы, — Уәли қарияның аузындағы сөзді Қалмұрза ата жұлып алып кетті. –Дінді ұмытқан, мұсылмандықтан ада. Тіпті кемпір шалдарына дейін намаз оқымайды дейді ғой.
– Намаз оқу былай тұрсын, бас қоса қалса кемпірлерінің өзі жүз грамнан тартып жіберіп, «алма ағаштың гүліндей-ау» деп шыға келеді.
– Астапыралла…
– Құдайдың өзі кешірсін…
– Әйтеуір, осылай болатыны белгілі еді ғой. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Мына союздың да қирауына сәл қалған сияқты, не дейсіңдер?
Садықбай атаның көріпкелдігі бар кісі. Пал ашып, болашақты болжамаса да бірдеңені сезетіні бар. Және онысы алдамайды, дәл келеді.
– Әй, Садықбай, атаңның сәуегей болғанын үлкендерден естігенбіз. Бірақ, не десең де Совет Одағын қирайды дегенің ақылға сыймайды екен.
– Мына, бұзақыларды Совет Одағын қиратып тастайды деп ойлайсың ба?
Шалдар өзара бәстесіп кеткендей.
– Олар бұзақылар емес,-деді Махмут көке әдеттегідей салмақты үнмен. Олар қазақ еліне өзге жақтан келген басшыға білдірген наразы халықтың өкілдері. Дені жастар дейді. Тек өкімет оны бұзақылар деп бүркемелеп отыр. Осылай ете берсе әрине кез-келген биліктің ғұмыры қысқа. Жоғары жақ енді оны дұрыс жағына шешсе, екі жағына да пайдалы. Олай болмаса кім біледі…
– Мына үкімет қарап отырар деймісің, жаншып тастайды ғой.
– Иә, қазақ момын ғой. Сол жастарына өздері қарсы шықпаса деңіз…
– Осы мен көшсек деймін,-деді Садықбай ақсақал бүйректен сирақ шығарғандай болып. Бәрібір түбі көтерілеміз. Бұл жерде қашанға дейін тұрармыз дейсің. Мына балалар ертең тілді ұмытып кетер. Салт-дәстүр ұмытылады.
– Мұның да дұрыс шығар. Бірақ, осы күнге дейін ұмытылмаған тіл ендігі жерде де ұмытылмайды. Бұған дейін де ата-бабамыз талай заманды бастан өткерді. Тілін, ділін ұмытпады. Ендігі ұрпақтың да ұмытпайтынына сенемін.
– Олардың болашағы біздің қолымызда. Біз қандай бағыт берсек, солай жүреді. Құдайға шүкір жастарымыз жаман емес. Алқашы жоқ, алаяғы жоқ… Осы жердегі бар қазақ әйтеуір абыроймен өмір сүріп келеді.
– Дұрыс қой, бірақ мына үкіметтің тәрбиесі біздің берген тәлімімізден басымырақ болып бара жатқан жоқ па? Осы жастардың ішінен намазға мойын бұрайын дегенін байқағаным жоқ. Біз де дінді ұмытып бара жатқан сияқтымыз.
– Құдай жүректе. Өкімет қазір намаз оқуға мұрша беріп жатқан жоқ. Бірақ, ертең біздің жасымызға барғанда бұлар да оқиды. Себебі, бесікте жатқанда атаның азан шақырған даусы
құлақтарына құйылған. Көз ашқалы бері шалдардың намаз оқып, құран түсіргендерін көріп біліп келеді.
Бұрын-соңды шалдардың мұндай жиынында болмаппын. Жоғары кеңестің жиынынан бір кем емес. Бәрі ақылгөй, бәрі дана. Осы ауылдың ұйымшылдығы да осылардың арқасы екен ғой. Садық шал қайта сөйледі:
– Бәрібір көтерілмесек болмайды. Ақыры көшетін болған соң мына алып өкімет құламай тұрғанда барып жайғасып алсақ балаларға қиын болмас еді. «Мың асқанға бір тосқан» деген бар. Мына астамшылықтың да бір таршылығы бар. Қазір барсақ, мемлекеттің өзі көмек береді дегенім ғой.
– Әй, Садық-ай, сен де қапылттың-ау. Бір-екі жылда құлай қоятын СССР деймісің?
– Бұдан екі жылдай бұрын анау Әмзе ақсақал Жамбыл жаққа көшті емес пе? Сіңісе алмай қайтып келді. Біз де солай болмаймыз ба дегенім ғой.
– Жаңа жерге, жаңа елге сіңісу оңай болмайды. Бәріне уақыт керек.
– Атамекен дейсіңдер. Бірақ осында да Бұхара Әмірінің Жарған қажыға басыбайлы берген жері бар емес пе, оны қайтпекпіз?
Бұл жайлы аз-кем естігенім бар. Әсіресе, жастар жағы осы бір әңгіме жайлы тағы естігісі келгендей үлкендердің аузын бағып қалыпты.
– Сол жайлы айтыңызшы. Сол рас па?
– Ол өзі он тоғызыншы ғасырда болған. Мына алпыс үйлі Аман қырықмылтықтар ата-жұрты Жем мен Сағыздан би мен болыстардың қысымы мен зорлығына шыдай алмай осы Тәжік жеріне ауып келеді. Одан Ауған асады. Бірақ, қайтадан Қорғантөбе мен Көлапқа келіп қоныстаныпты. Амударияға құятын Вахш, Пяндж өзендерін бойлапты. Олардың басшысы Жарған қажы ізінен ерген елін қорғап, жерсіндіру үшін жер иесі Бұхара Әміріне барыпты.
– Біз қазақ деген ел едік, тағдырдың жазуымен осы қос дарияның бойына қоныстанып қалдық. Осы аймақты басыбайлы еншімізге сұрап, құзырыңызға келдік,- деп уәжді әңгімесін алға тартады қажы. Келіссөз оңай болмайды. Бірақ Бұхара Әмірі Жарған қажының сөзіне қарсы шыға алмай бас шұлғи беріпті. Қазақтар қоныстанған жердің жағрафиялық картасын киіктің терісіне сызғызып, мөрін басып, басыбайлы сыйға тартыпты. Қазақтарды зор мәртебемен шығарып салған соң уәзірлері бұған наразылық білдіреді.
– Тақсыр, өзімізге қимай жүрген шұрайлы, шүйгін жерді бір қазаққа бере салғаныңыз қалай?-десіпті.
Сонда Әмір:
– Ана дәу қазақ кіріп келгенде екі иығынан екі айдаһар көрінді. Әруақты кісі екен,-деген екен. Міне, марқұм Жарған қажы сондай текті кісі болатын. Ал сол жерлерде замана ағысымен ағып келген бар қазақ өмір сүріп келеміз. Шалдар жағы «иә» дескендей бас шұлғысты.
– Сол киіктің терісі қайда екен қазір? — дедім қызығушылығым оянып.
– Кім біліпті дейсің. Мұрағатта ма, әлде жоқ болып жойылып кетті ме?
– Одан бері бір ғасырдан аса уақыт өтті.
– Енді осы жерлерді тастап көшейік дейсіздер.
– Көшуге келсек ол ата-баба аманаты, ұрпақтың болашағы үшін. Бір ғасырда тілімізге өзбек пен тәжіктің сөздері кіріп барады. Тағы бір ғасырда қандай боламыз. Заман не болады? Ел аман, жұрт тынышта көшіп алайық дегенім ғой.
– Сендерді білмеймін, өзім осы тәжіктер қуса да кетпеймін бұл жерден, — деді Әмзе ақсақал баяғы қырсықтығына салып.
– Шынында да қуып жатқан ешкім жоқ, неге көшуіміз керек?
– Мейлі, күні ертең көшті артқалы отырған жоқпыз. Сонда да болса екі-үш азаматты жіберейік. Жер көріп, ел көріп қайтсын.
– Дұрыс, солай болсын. Бірақ, жылы орнымыздан қозғалуға әлі ертерек сияқты.
– Бізге қолайы Шымкенттің төңірегі шығар. Жазы ыстық, қысы жылы. Халқы да еңбекқор. Өзіміз сияқты мақта егеді. Шаруаға да жайлы. Қазақылығы басым.
– Мына дастархан сарғайып қалды. Ас қайырайық, келіндер табақтарды алсын. Ал, әулием деп қолын жайды молда Хаким ешкімді күтпестен.
Осылай біздің үйдегі жиын тып-тыныш отырған қазақ ауылына бүлік салды.
– Әке,-дедім әлі де терең ойдан арыла алмай отырған әкеме қарап. –Садық атаның көшейік дегені несі? Қазақстанда онсыз да тыныш болмай тұр ғой…
– Көпті көрген кісі ғой, әлденені сезген шығар. Шынына келсем көшу жайы менің де ойымда жүрген. Бірақ… шешетін сендер…
Көктем шыға салысымен ауылдың екі-үш азаматы шалдардың аманатын арқалап Қазақстанға кетті. Ел көруге, жер көруге. Мүмкіндігі болса бір ауыл түгел бір жерге барып қоныстансақ деген ой жоқ емес. Бұл шалдардың арманы. Әрине, бірін-бірі қимайды ғой.
Айға жуық уақыт салып оралған азаматтарымыз жақсы хабармен қайтты. Бүкіл Шымкент жерін аралапты. Сонау алпысыншы жылдары елге оралған ағайындармен табысыпты. Ең қолайлы өлке де осы оңтүстік екен. Жетісай мен Асық ата деген жерлері мақтасымен елге танылған, ыстық, аптапты аудан болса, Шардара деген жері шағалалы көлі шалқыған, күріш егіп аты одаққа танылған аудан екен. Сарыағаш деген жер тіпті тамаша дейді, өзіміздегідей бау-бақша егетін көрінеді. Ал, Қазығұрт деген киелі таудың етегіндегі аудан түгін тартсаң май шығатын, егінге де малға да жайлы құнарлы өлке екен. Мұны естіген шалдар қай жерге барарларын білмей бастары қатты. Негізінен алпысыншы жылдары кеткен ағайындар Жетісай мен Шардараны мекен еткен көрінеді.

Қапияда әкемнен айырылдық

Ақыры Садықбай атаның айтқаны айнымай келді. Совет өкіметінің шырқы бұзыла бастады. Сол баяғы біздің үйде басталған «көшу» туралы әңгіменің соңы расқа айналды. Сол жиын себеп болды ма, әлде бұл елдегі қазақтар бұрыннан көшу жайлы ойлап жүрген бе, білмеймін бірінен соң бірі кете бастады. Үлкен ағам жер көріп, үй алып келді де біз де көшу қамына кірістік. Мен жұмыстан босадым. Құжаттарымызды түгелдедік. Құдай қаласа енді ертең көшеміз. Әкем мені ертіп әкесі мен шешесінің, осында жатқан күллі мұсылман бауырлардың басына құран бағыштап қоштасып келді. Бұл әкеме оңай соққан жоқ. Кіндігінің қаны тамған мына мекеннен кету қайдан оңай болсын. Оның үстіне бар асылдары осында жатса. Жүктерді буып-түйіп қойдық. Таңертең ерте тұрыппын. Таң енді сібірлеп атып келеді. Әкем де осы уақытта тұруы керек. Таң намазын оқиды. Бірақ, тым-тырыс. Апам күбірлеп орнынан тұрды. Мен жатқан бөлменің есігі ашық тұрған соң бәрін сезіп жатырмын.
– Әй, тұрсаңшы. Таң атып келеді. – Әкеме айтып жатыр. Сыртқа шығып кетті. Әлден соң қайта кірді.
– Ойбай, не ұйқы. Тұр намазыңды оқымайсың ба?
Күбірлеп намаз оқуға кірісті. Әкемнің ұйқысынан оянбай жатқанына мен де таң қалдым. Ондай әдеті жоқ еді. Анам намазын бола бергенде мен де орнымнан тұрдым.
– Өтеміс, мына әкең тұрайын демейді. Кеше «әкем мен шешемнің аяқ жағында бір орын бар екен» деп отыр еді, жазған…
– Қойшы апа, қай-қайдағыны айтпай.
– Әке,-дедім қырынан жатқан әкемнің иығына қолымды қойып. Әкем үнсіз. Ағамның бөлмесіне жүгірдім. Анам аңырап қоя берді.
Әкем арманына жетті. Әкесі мен шешесінің аяқ жағындағы бос жайды мәңгілік мекен етті. Енді бізге тағы бір жылға қалуға тура келді. Үйді сатып қойып едік. Дегенмен ынсабы бар тәжік екен, бізге бір жыл тұруға рұқсат берді. Әкемнің қырқынан соң ортаншы ағамды бала-шағасымен Қазақстанға жібердік. Бұл кез Садықбай ақсақалдың айтқаны келіп Кеңестің ыдыраған кезі еді. Бұрынғы қора-қора мал да жоқ, көшеміз деп бәрін сатқанбыз. Жұмыс та жоқ. Дүкен сөрелерінің өзі бос қалып барады. Әкемнің әр мерекесін өткіземіз деп қолдағы ақша да азайды. Көшіп бара жатқан кейбір ауылдастар мен ағайын-туыс қана бір-екі тұяқ тастап кетеді. Үлкен ағам бұрынғы жұмысына қайта кірген. Сол фермадан сүт әкеліп, кейде қаймақ әкеліп, балаларды мәз етіп қояды. Менің жұмысым кеш қарая басталады. Түн қараңғысында барып фермадан жем ұрлаймын. Ұрлау деген аты ғой, қарауылдың өзі шығарып береді. Ертеңіне оны екі-үш сомға пұлдап қант-шай етеміз. Апамның бұдан хабары жоқ. Әйтпесе…
Қазақстандағы ағамның да жағдайы мәз емес сияқты. Біздегі сияқты ол жақта да жұмыс жоқ екен. Әупірімдеп колхозға тракторшы болып кіріп алыпты. Айлық қиын дейді. Оның орнына бір жақсысы ұн, бидай, май, қант береді екен. Оған да болса шүкір дейді анам.
Заман көз алдымызда өзгеріп бара жатты. Ауылда туған жерін қимай жүрген кейбір қиқар қарттар мен біз секілді көшуге мүмкіндігі жоқ жанұялар ғана қалды. «Соғыс болады екен» деген сыбыс та шығып қалып жүрді.
Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін ел жаппай дінге бет бұра бастады. Әр ауыл өзіне мешіт салды. Бұл бір ғана тәжік ұлтын жік-жікке бөлінуге әкеліп соққаны жасырын емес. Тәжіктер «Оңтүстіктің» және «Солтүстіктің» тәжіктері болып екіге бөлінді. Республиканың солтүстігінде Таулы-Вадахшам автономиялық облысы орналасқандықтан ол жердің халқы діншіл еді. Бұл кезде ел президентінің өзі республиканы басқара алмай қалды. Адамдардың қолында жүрген қару, нашаның қайдан келіп жатқаны белгісіз. Тәжік ұлтының памирліктер, хоженттіктер, ғармдықтар, феллохтар болып жік-жікке бөлінуі ел ішіндегі берекені кетірді. Осылай ертеңгі күніміз күмәнді болып жүргенде Вахш ауданында қарулы қақтығыс болыпты деп естідік. Арада айға жетпей Қорғантөбе қаласында тағы да осындай оқиға орын алды. Қорғантөбедегі қанды қырғыннан соң соғыс басталды деген суыт хабар елге тарап кетті. Бұдан кейін әркімге өзінің қара басы қайғы болып қалды. Алғашқыда өзге ұлт өкілдеріне ешкім тиісе қойған жоқ. Естігенім тек тәжіктер өздерімен өздері қырылып жатыр. Ғармдықтар кулябтық тәжіктердің отбасылары мен өзбектің лақай және қоңырат деген белгілі руларының түбіне жетіп жатқан көрінеді. Бұдан кейін әр-жер әр-жерде түрлі қақтығыстар болып, бірін-бірі қырып жоюмен тынатын. Енді мұнда өмір сүру қауіпке айналды. Кешегі тал-қайың жайқалып, бағында бұлбұл сайраған құтты мекен тозаққа айналды. Республиканың бір түкпірінде жатқан біздің ауылға әлі соғыс өрті жете қоймаса да оның зардабын тартып отырмыз. Дүкендердің жабылғаны қашан. Азық-түлікке басыңды сауғалап орталыққа әрең барып келесің. Нан соғыс кезіндегідей әр адамға 30-35 грамнан өлшеніп беріледі. Кейде ол да болмай қалады. Әйтеуір таласып-тармасып теріп алған бидайымыз бар. Соны қол диірменге салып түнімен ұн тартамыз. Кейін оны жеңгем кебегін елемей-ақ нан пісіреді. Кебек араласқан ұн қайбір оңсын, тастай боп қалады. Дегенмен жаңа піскен кезде жеуге жарайды. Әрі берекелі, бәрімізге жетеді. Тойымды. Әзірге біздің ауыл тыныш болғанымен, әйтеуір бір күні бұл жерге де соғыстың жететіні белгілі ғой. «Енді не істейміз» деген ой ағам екеумізді де сансыратып жіберді. Анамның күйігі өз ішінде. Соңғы кезде тым қартайып, азып кеткен. Ал мен бұл соғыстың не үшін болып жатқанына түсінер емеспін. Тәжікстан секілді Одақтың басқа мемлекеттері де егемендік алды ғой. Олар ертеңі үшін күресіп, алға ұмтылып жатқан тұста мына тәжіктердің не үшін бірін-бірі сонша қырып жатқанына таңмын.

(Жалғасы бар)

Бақытгүл Ауданова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *