– Өлә-ә, мынау Қарақат қой, – деп телебезер көріп отырған Пішән шар ете қалды. Телебезерге бір, құс жастықты жастанып шәниіп жатқан күйеуіне бір қарады. Ескі танысы «Толғандырар тақырып» деген хабарға кейіпкер боп, жолынан жаңылысқан жезөкше ретінде қатысып отыр.
– Сауап! – деп саңқ ете қалды да: –Ой, сорлы-ай, ешкімді менсінбеуші едің…
Дастарқан басында жардай боп отырған Құдай қосқан қосағына арқа сүйей қарады. Қосағы болса, аяқ жағындағы бұжыр бет, тәмпіш танау, дәл мұрнының үстінде бұлтиған меңі бар, бес биенің сабасындай маңдайы кең, жап-жалпақ жұбайының тұла бойына жаңа көргендей көзін сүзіп, қою шайды армансыз сімірді.
– Ішші тағы да, – деп сүт қатқан шайдан тағы бір құйғанда кесе ұсынған быртық саусақтары бәріне риза боп тұрды. – Ішіп-же… – дастарқан толы дәмді дәл бір қолы жетпей отырғандай он жыл отасқан күйеуіне қарай саусақ ұшын тигізіп жақындатып қойды. Пәни жалғанда қолы жеткеннің бәрі осының арқасы екеніне дәл қазір көзі жеткендей, болмыс-бітімі өзіне ұқсас гүжбандай қара, бірақ жай отырғанда да күлімсіреп отыратын түсі жылы күйеуін іші шым етіп, бұрынғыдан бетер жақсы көріп кетті.
Хабар жалғаса берді…
Студент шақтың мәре-сәре күндерінде үш қыз бір бөлмеде тұрды. Сол баяғы ауыл қыздары көп түсетін ҚазПИ-дің филология факультеті. Ішіндегі ең сұлуы көгілдір экранды көмкеріп отырған осы Қарақат еді. Өзін-өзі сұлу санап ешкімді менсінбейтін. Курстың жігіттерін кісі құрлы көрмейтін. Басқа факультеттің жігіттері сөз айтса, біреуін кәрі, біреуін қортық, біреуін «простой», енді бірін «маңдайы тартылып қалған асфальт» деп келемеждеп, өзінше ат қойып ап, естіп-білген әдеби персонаждарға теңеп жүрді. Бөлмелес екі қыздан да өзін артық санап, «Мен тұрғанда сендер кімсіңдер» дегендей, жер тарпыған дандайсуы ішінде тепсініп тұратын. Үшеуі бірінші рет опера театрына барғанда: «Маған боянудың керегі жоқ, бояну сендерге тән нәрсе ғой» деген сөзі өңменінен өтіп кетті. Пішән түйіліп қалды. Өзі өңі келіспеген ұрғашының қайтпас қайсары. Құлағына айғайлап айтқан есіміне жұрт түсіне алмай жүргенде: «Біздің Сыр бойында пішен деген шөп болады, сол әбден пісіп-толғанда мен өмірге келіппін. Оны жеген сиыр сүтті болады. «Гүл» деген қосымшасы тағы бар. Ерке боп өсіп Пішән боп кеткенбіз» деп тақ-тақ етіп, есімінің құпиясын елге жария еткен. Семинарда сабақ айтқанда ке келген тақырыпқа қолмен қойғандай ғып жауап береді. Осы, өзінің күйеуі Тәсір бөлмеге алғаш келгенде қатар отырған Қарақат менсінбесе де, бір көргенде жүрегі шым ете қалды. Ол болса сұлу қызға тіпті, назар аудармады. «Е-е, маған бата алмағаны ғой» деп өз көңілін өзі жуып-шәйді. СМУ-да балташы боп істейтін күліп тұрған нұрлы жүзді жігіт Жетісайдан екен, әр келген сайын бір қалта күріш, бір дорба қызанақ, төрт-бес бәдірен ала келеді. Қыздар салат жасап бір тойынып, кекірік атып қалады. Бірақ «осыны әкелген менің жігітім» деп Пішән танауын көкке көтермейді. Ол үшін бірге жеген тамақтың бәрі тәтті. «Жоқ танауды қалай көтерсін» деп, қып-қызыл қызанақты шайнап отырып, көз астымен қарап, оны да іштей келеке ғып қоятын. Пішән болса ұрғашының етек-жеңі мол пішілген кеңпейілі, зеректігінде шек жоқ, оқытушының айтқанын қағып алып, сол күйі мұртын бұзбай өзіне қайтарады. Қарақат сонда «Пішәннің түрін емес, басын берсе ғой» деп іштей булығатын.
Қарақат бірінші курста-ақ айналасына тәкаппарлығын танытып алды. Орыс бөлімінде оқитын жоғары курстың жігітімен жол үстінде танысқанда, бұл: «Қарақат» десе, ол «Смородина» деп мазақтапты. «Дурак!» деп жерге тығып жібердім» деп дірілдеп келді. – «Өзі шұнақ екен» деп, тәп-тәуір жігіттен келеңсіз бейне шығарды.
Үшінші қыз Рымкеш болса, қараторының әдемісі еді. Солтүстіктің тумасы. Биязы мінез, анда-санда бір сөйлейді, тіпті әр сөзін сатып аласың десе де болғандай. Бірақ орынды сөйлеп, тауып айтады. Сол жолы Қарақат «шұнақ жігітті» жерлеп жатқанда, «Өзіңе қарасайшы!» деді кірпігін қақпай тіке қарап. Ол үрпиіп, үн-түнсіз қалды. Апта бойы бір-біріне ауыз ашпады. «Неге бүйдеді екен?» деген сауал Қарақаттың жанын тырмалады. «Менің басқалардан қай жерім кем?» деп, үшеуіне ортақ дөңгелек айнаның алдынан арлы-берлі өткен сайын келбетіне көз сүзіп қарап қойды. Пішән болса, бұғып қалмаған бөлмелес құрбысына дән риза. «Шотына қондырдың, оғың дәл тиді, сенің екеумізден қай жерің артық?» деп, қызыл тіл шіркіннің адамды аямай әшкерелейтіндігіне көзі жетті. Қарақат қол жұмсайын десе, Рымкеш жеңіл атлетикамен айналысады, бос кезде белесепед тебеді, қол-аяғы балғадай қыз ерегіссе еркегіңді де қас пен көздің арасында орнына қояды. Қол жұмсауға сескенді, сөйтіп, іштен тынып, өзегін өрт жалап жүргенде төрт жылдың бүгесі мен шігесі көз алдынан бұлаңдап өте шықты…
Қарақат жазған күнделігінен үзінді оқып берді. Бәрі рас. Ешкімді менсінбей жүріп, өмірде жалғыз қалғанын, күнкөріс үшін амалсыз осындай жолға түскенін ашып айтыпты. Өң-жүзін сызық-сызық әжім торлап, қыртыстанып кетіпті, әйтпесе, бет біткеннің сұлуы еді, қазір шегінерге жер таппай жан дүниесін жайып сап отыр.
– Өмір деген осы, – деп Пішән бүйірі томпақ шайнекке қолы қалай барғанын білмей қалды. Күйеуінің кесесіне буын бұрқыратып тағы бір кесе шай құйды. «Ішші!» деді жаңа көргендей бетіне тура қарап.
Сол мезет тілші қыз:
– Өзіңіз Алматы мақта-мата комбинатында тоқымашы боп істепсіз. Неге өз мамандығыңызбен мұғалім боп істемедіңіз? – деп сауал қойды.
– Өз мамандығыммен істей алмадым. Пән бойынша жыл сайын тапсыратын аттестациядан өте алмадым, – деді қысқа ғана.
– Комбинаттағы жұмысыңыз жаман болмапты. Бесжылдық қорытындысы бойынша Еңбек Қызыл Ту орденін алыпсыз. Демек, озаттар қатарында жүрдіңіз ғой?..
– Қарағым, менің қолым істеген жоқ, бетім істеді. Орден де сол бетіме берілген марапат қой, – дегенде, Пішән қолына ұстаған кесесін не ерніне тигізе алмай, не жерге қоя алмай дағдарып қалды. Құрбысы жан сырын жайып салып отырғанын көрген сәтте бір рақат сезім тұла бойынан жүгіріп өтті. «Сол күйі қалған, түк те өзгермеген. Паңдығы да сол күйі».
– Орденіңіз қайда?
– Орден, медаль жинайтындарға арзан бағаға өткізіп жібердім. Заман өзгергесін АХБК де жабылғанын білесіз. Пендеде сатылмаған не қалды…
– Музейге өткізбедіңіз бе?
– Оны музей неғылсын…
– Оу, мынау баяғы Қарақат қой, – деп күйеуі енді ғана танығандай, бір төңкеріліп түсіп, жастығын оң қолтығына ауыстырып, кеседен қолы босап, көгілдір экранға тесіле қарады.
– Енді таныдың ба? Өзінен көрсін. Тиіш отырып шайыңды іш, – күйеуінің меншікті ортан кесесіне белуардан келтіріп тағы да шай құйды.
– Шынында музейге тапсырмай ма? – деп күйеуі айдалада отырып ақыл қосты.
– Жаның ашып отыр ма? Телміріп қалыпсың ғой. Музей оның темірін неғылсын.
– Сұлудың аты сұлу ғой, – деп Тәсір әйнектің арғы бетіндегі бейненің қылшылдаған қыз кезін есіне алып, томпиған жастығын енді сол қолтығына ауыстырды.
– Жетісіп қапсыңдар… – лезде тәмпіш танауы қусырыла қалған келіншегі көзінің астымен күйеуіне түйіле қарап, телебезердің салбыраған бауының ұшындағы егіз тік темірді сығырайған тесіктен суырып алды. – Одан да, тыныш отырып шайыңды іш, – деді дауысын қатайтып. – Телебезер де не болса соны көрсете беретін болыпты… Айтуын айтқанмен, қыз күніндегі құрбысының бүгінгі отырысын тағы да көргісі кеп кетті.
Шалт келіншек телебезерді тағы тоққа қосты.
– Хабарға келіп, тың тақырыпты бөліскеніңізге рақмет! Хабарды жүргізген… – деп, өз атын ерекше бөліп айтқан тілші қыздың соңғы сөзін естіп қалды. Құрбысының сәні кеткен сұлық ажары қырынан ғана көрінді. Әйел-бейне экранға сіңіп, жоғалып бара жатты.
– Үш қыздың сұлуы да өзің едің, қор болғаныңды қарашы, – деп орнынан тұрған Тәсір сұлулықты жер ортасына жеткенде мойындағандай күректей алақанымен қарнын сипап, құлазып қалған телебезердің бауын сол қолымен тоқтан суырды.
– Бала-шағаның көзінше бұндай сөзді айтпа, – Пішән лезде торсаңдап қалды.
Екеуі бір-біріне тура қарамаса да, жоғалып кеткен құрбыларының дерегін білдірген телебезер шіркінге бар ырзалығын арнап тұр еді.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ