Сапалы білім – кемел келешек кепілі

Еліміздің жастарын білімді, сауатты азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны ерекше екені айтпасақта белгілі. Қазіргі таңда білім – жарқын болашақтың кілті, бұлыңғыр қоғамға жарық сәуле түсіруші киелі ұғым іспетті. Осы тұрғыда ұстаздардың негізгі міндеті – тұлғаны дамытып, оқуға қызығушылығын оятып, сондай-ақ ынтасын арттыру болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында да білім саласына басымдық берілген болатын.

Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үрдіс білім беру жүйесінің алдына үлкен мақсаттар мен жаңа міндеттерді жүктейді. Жас ұрпақты жан-жақты, ақыл-парасатты, ой-өрісі кең, бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу — қоғамымыздың ең өзекті де көкейкесті мәселесі. Бұл әр педагог мамандарынан үлкен шығармашылық ізденіс пен жаңашылдықты қажет етеді.
Ең басты байлық біздің ұрпағымыз болса, ал оның кемел болуы біз үшін заңдылық. Сол үшін де елімізде өскелең ұрпақтың білім алып, интелектуалдық деңгейін арттыртуға қатысты бар жағдай жасалынып-ақ отыр. Оның айғағы ретінде білімге қатысты көтерілген мәселелер мен сол тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарды негіз ретінде аламыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа жолдаған алғашқы жолдауында да білімнің сапасын жақсарту жөнінде, білім беретін ұстаздар мәртебесін арттыру жайлы ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ, жыл сайынғы дәстүрге айналған Респеублика көлемінде өтетін тамыз конференциясында білімге қатысты біраз мәселелер сөз болды. Аталған конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз жиналғаны білім беру саласының әлеуетін айшықты ете түскендей. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде: «Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Қазақтың бас ақыны, Ұлы тұлға Абай Құнанбаев үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс», – деген болатын. Бұл арқылы мемлекет басшысының ел игілігін көздеп, білім беру саласына көрсетіп отырған қамқорлығының ұшан-теңіз екендігін аңғаруға болады.
Білім беру ісі қашан да болмасын қоғамның алға өркендеуінің, еліміздің тұрақтылығының негізгі бағыты болып табылады. Бүгінгі шәкірт –ертеңгі болашағымыздың кепілі. Жас жеткіншектерге білім беріп, оның сапасын арттыру мақсатында ауданымызда атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес. Оның бір көрінісі ретінде білім күні қарсаңында Меркі ауданындағы Қазақ-Дихан ауылында бой көтерген тамаша ғимараттың халық игілігіне беріліп отырғандығын атап кетуге болады. Бүгінде ауылдағы жаңа мектеп пайдалануға берілген. 120 орындық мектепте 100 ден аса оқушы білім нәрімен сусындаса, 27 педагог еңбек етеді, оның жартысынан көбі жас мамандар. Жаңа білім ошағының ашылу салтанатында ауданымыздың көптеген сыйлы, құрметті азаматтары қатысып, мектеп жұмысының абыройлы болуына тілекші екенін білдіріп, ақжарма пейілдерін жеткізді. Мектеп басшысының қызметіне Закира Құдайбергенқызы Ниязбекова тағайындалды. Жаңа оқу жылында, жаңа ғимаратта биік шыңдарды бағындырып, осы білім ұясынан болашақ елімізді көркейтер азаматтар мен азаматшалар тәрбиеленіп шығатынына біз кәміл сенімдіміз және сол жолда аянбай еңбек етеміз. Ауыл тұрғындары заман талабына сай жабдықталған мектепті қолданысқа беруі басшылықтың халыққа жасаған қамқорлығы деп біледі.
Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – дейді. Еліміздің келешегі, кескін-келбеті қазіргі жас жеткіншек. Сол жас ұрпаққа мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына әсер етері белгілі. Біз ұстаздар қауымы дамыған елдің жастарын тәрбиелеп, білім беру барысында ел президенті Қ.Тоқаевтың жүктеген міндеттерін назарға ала отырып, еліміздің биіктен көрінуіне ықпал ететін нағыз ұстаз деген атқа лайықты қажырлы еңбек етеміз.

Елнура Оспанова,
№33 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі,
Меркі ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *