Мемлекет алдындағы борыш

Әрбір мемлекет үшін салықтың маңызы өте зор. Салық мемлекетті қаржымен қамтамасыз етеді және мемлекеттің дамуына өз ықпалын тигізеді. Салықтың уақытылы жиналып, салық заңдарының орындалуы, салықтық бақылаудың өз деңгейінде болу үшін салық төлеушілер мен салық органдары арасында рухани мәдениетті қалыптастыру керек. Осы бағытта жүргізіліп жатқан түсіндіру, насихаттау жұмыстары салық төлеушілердің салық мәдениетін, сауаттылығын көтеріп, салық төлеу жөніндегі жауапкершілік сезімін оятып, заң бұзушылыққа бармай өз еркімен салық міндеттіліктерін орындауға жетелейді.

Бүгінгі таңда шағын кәсіпкерлік субъектілері біздің мемлекетіміздің стратегиялық бағытын орындаудағы негізгі қозғаушы күштің бірі болып табылады. Осыған байланысты шағын кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі мақсаты. Кәсіпкерлік қозғалысын қалыптастыру және шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсаттарында елімізде Салық заңдылықтарында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салық салуды жеңілдету бағытында бірқатар шаралар жасалуда. Осы шаралардың бір айғағы шағын бизнес субьектілеріне арналған арнаулы салық режимі.
Жыл басынан Сарысу ауданы бойынша салық басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен салық базасын ұлғайту мақсатында, Жаңатас қаласындағы және ауылдық аймақтарында базарларда сауда-саттықпен айналысатын азаматтармен кездесіп түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде кеңеске қатысушылар салыққа тіркелу, салық есептіліктерін тапсыру, лицензия алу секілді көкейлеріндегі сұрақтары бойынша тиісті жауаптарын алып, осындай көшпелі семинар кеңестер ұйымдастырғаны үшін салық қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табуда. Осыған орай, салық заңдылығының сақталуын қадағалау мен болжамды салық сомасының түсімін көбейту мақсатында, Жаңатас қаласындағы және ауылдық аймақтарында орналасқан базарларға және жеке кәсіпкерлерге тақырыптық тексерудің жекелеген түрлері бойынша тақырыптық тексеру жүргізілуде. Ең бастысы, кәсіпкерлік қызметпен айналысудан бұрын жеке тұлғалар қызметті жүзеге асыру жерінде немесе тұрғылықты мекен-жайы бойынша орналасқан салық органына жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек.
Салықтық өтінішті қағаз жүзінде немесе электрондық түрінде берген сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде салық органы тіркеу есебіне қоюды жүзеге асырып, бекітілген формаға сәйкес жеке кәсіпкерлік талонын береді.
Осымен бірге бюджетпен есеп айырысу үшін арнайы салық режимін таңдау жүзеге асырылады. Шағын бизнес субъектілері салықтарды есептеу мен төлеудің, сондай-ақ олар бойынша салық есебін берудің төменде көрсетілген тәртіптерінің біреуін ғана дербес таңдауға құқылы:
• Патент негізінде арнаулы салық режимі;
• Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;
• Жалпыға бірдей белгіленген тәртіп.
Сонымен қатар, мейрамхана мен дәмхана басшылығымен және жеке кәсіпкерлермен келісім-шартқа тұрған жалдамалы жұмысшылардың және асабалар мен әншілердің, бишілердің, бейнекамера мен суретке түсірушілердің және музыканттардың, сонымен бірге жүк көлігімен және жеке көліктерімен тасымал қызметтерін көрсететін жеке тұлғалардың жеке кәсіпкер есебінде салық басқармасына тіркеуге тұруын қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар жүргізілуде.
Сондықтан, салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді уақытылы төлеу, салық заңдылықтарын сақтау – мемлекетіміздің алдындағы ортақ борышымыз екенін ұмытпайық.

М. Абдракова,
Сарысу ауданы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасының
жетекші маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *