Тірлігін дөңгелетіп табыс та тапқан, Шәкірттері де алысқа шапқан…

Бүгінде кәсіп ашамын деген кез келген азаматқа мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар бар. Мәселен Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы жаңадан кәсіп ашамын деген жандар мен жалып кәсіпкерлердің одан әрі тірлігін тіктетуге бағытталған. Соның ішіндегі бағыттарының бірінде кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнес туралы айтылады.

Әдетте кәсіпкердердің басым көпшілігі мал шаруашылығымен, ет өндіру, құс шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіпті дөңгелетуге бейім, әрі соған қарай әрекет етеді. Кез келген іс бастаған адамның қол астынан өзге мамандар да нәпәқасын айырып және сол істе елге қандай да бір пайда әкеліп отырса – ол да пайда ғой. Ал өз сүйген ісінде белгілі бір деңгейге жетіп, енді жастардың болашағы жолында сол білгенін бөлісіп, әрі бұл саланы тұрақты табыс көзіне айналдырып жүрген азаматтар да аз емес. Солардың бірі – аймақтың абыройын арқалап Әулиеата жастарын әлем аренасында да атойлатып үлгерген «Гладиатор» спорт клубының жетекешісі, ҚР ұлттық спорт жекпе-жектен аға жаттықтырушы Дархан Әділбеков.
«Гладиатор» спорт клубы – Дархан Әділбеков және ережесіз жекпе-жектен Жамбыл облысының филиалының президенті Нұрсұлтан Әлімқұловтың бастамасымен 2013 жылы ашылған. Кез келген істің бастамасында қарқынды дамудан бұрын құлдырау болатыны бесенеден белгілі. Алғаш ашылған кезде қаржылық қиыншылықтарға жиі ұшыраған жас спортшылар мемлекет тарапынан да жасалған қолдаулармен ол сынақтардан да сүрінбей өткендігін айтып алғысын білдереді. Болашаққа деген ерік-жігерлері мен межелі мақсаттарының арқасында бүгінгі күні өз кәсіптерінің жемісін көріп отырған жайы бар.
– Екінші сыныптан бастап бокспен айналыстым. 11 сыныпқа шейін бокстан спорт шеберіне үміткер атандым. Әскери борышымды өтеп жүріп те «Қоян-қолтық ұрыстан» жарысқа шығып жүрдім. 2015 жылы Қазақстандағы ең үлкен «Alash Pride» кәсіби жекпе-жек клубында 3 кездесу өткіздім. Сол додадағы Қырғыстан спортшысымен болған алғашқы кездесуімде небәрі 3 секундта жеңіске жеттім. Кездесу еліміздің рекордттар тізімінде тұр.
Қарамағымда өзінен бөлек тағы бір жаттықтырушы жұмыс істейді. Ол талантты спортшы, әрі шәкіртім, әрі досым. Және клубттың президенті Нұрсұлтан Әлімқұлов, жалпы үш адам жұмыс істейміз. Тұрақты түрде өзімізге жетерлік табыс көзі де түсіп отыр.
Алғаш ашылған жылы өзіміз де жас болдық. Істің жай-жапсарын жіті біле бермейтін кезіміз. Одан кейін 2015 жылы өзім де «Alash Pride» ұйымдастырған ережесіз жекпе-жекке Халықаралық турнирге шықтым. Бұлар спорттық мансаптағы мен үшін үлкен тәжірибе болды. Осыдан бастап, артынша шәкірттерім де жақсы жетістіктер көрсете бастады. Қадір Ескендір деген оқушым сол жылдары Гран-Прийда жартылай финалға дейін жетті, – дейді Дархан Қалдыбайұлы.
Иә, расында Ережесіз жекпе-жек – нағыз жүрек жұтқан жігіттердің алапат айқасы. Сондықтан бұл спортта сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сайысқа түседі. Табындылық пен табиғи күштің, сондай-ақ тынымсыз еңбектің арқасында ғана жеңіс тұғырынан көріне алатын бұл спорт түрі де бүгінгі күні елімізде қарқынды дамып келеді.
«Гладиатор» спорт клубынан «Жекпе-жектен» бүгінге дейін 4, «Қоян-қолтық ұрыстан» 2 спорт шебері шықса, 15 спорт шеберіне үміткер бар. Қазақстандағы үлкен шаршы алаңдарда топ жарып жүрген бірнеше спортшы шәкірттер бар.
Алдағы мақсаты қазақтың батыр халық екендігін әлемге көрсетіп, осы спорт аясында Әулиеатаның жігіттерін биікке шығару екендігін айтады кәсібінің нәсібін көріп жүрген қос спортшы. Және мемлкеттен қолдау болса үлкен спорт академиясын ашсақ деген тілектері тағы бар.
– Сөз жоқ, спорт та бизнес көзі. Бірақ ол нәрседен өзіңнің хабарың болмаса, ол нәрсені ерекше құрметтей білмесең, ол бизнестің көпке бармайтыны анық. Әр адамның сүйікті ісі болады. Ол бизнесте де солай. Ұнамайтын дүниемен ұзаққа бара алмайсың ғой. Өзіңнің сүйген ісіңмен айналыса отырып, одан пайда табу тіпті бақыт дер едім. Мысалы біз жекпе-жек клубын тек табыс көзі ету үшін ашқан болсақ, шәкірттеріміз мұндай жақсы нәтижелерге қол жеткізе алмас еді. Негізінде спорт бизнес көзі бола алады. Алайда бұрын соңды спортқа қатысы болмаған адам үшін бұл сала қиын болатын шығар. Себебі барлық адам бірден бизнесте табысты болғысы келеді. Ал біздің тірлікте табыстан да бұрын төзім, әрі осы салаға деген ерекше сүйіспеншілік болды.
Осы спорт түрінен де қазақ жігіттерінің жігерлі, қайратты екендіктерін көрсетіп, ойып тұрып алатын орынымыз барын көрсетсек дейміз. Мысалы Америкада «АКА» және «Грегрон Джексон» деген екі спорт клубы бар. Біреуінде аты әлемге танымал Хабиб Нұрмағамедов, екіншісінде Джон Джонс деген атақты спортшылар жаттығады. Бізде де сондай үлкен дәрежедегі спорт клубы болса дейміз. Әрине ондай зал ашу үшін соған лайық мықты спортшылар тәрбиелеуіміз керек, сол үшін талмай еңбек етеміз, – дейді Д.Қалдыбайұлы.
Клуб жетекшісінің айтуынша, биыл олар 4 жылда бір болатын олимпиадалық спорт түрлерінен Ақтөбеде өтетін жарысқа қатысуды жоспарлап отыр. Шынында да қара күшке тән, әдіс-айланы талап ететін, жігіттің намысын жонып қана қоймай, қажыр мен қайратты да қажет ететін «Жекпе-жек» түрлері қазақтың қанында бар дүние. Тірлігін табыс көзіне ғана айналдыру үшін ғана емес білекті де, жүректі қазақтың қайсар жігіттерін спорттық додаға дайындап, баптап бәйге алдырып жүрген осындай іскер азаматтардың жасап жатқандары қай мақтауға да тұрарлық. Біз де алдағы уақытта «Гладиатор» залынан шыққан әулиеаталық жігіттер талай белестері бағындырады деген сенім білдірдіріп, Дарханның тірлігіне табыс тіледік.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *