Абайдың қара сөздері

Отыз сегізінші қара сөз

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын… Ол білім, ғылымы құдаға мұқтәди болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Бәлки, бұларсыз тағат тағат та емес.
Белгілі, құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһад ләзім, сіздер әрбір ғамал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд етіп, ниет етесіз. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлламнің хадис шарифі «иннама-л-ағмал, бин-ниет» деген. Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан қалыпсыз ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиныңыз таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат -батиныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.
Менің хаупім бар, олар хас осы ғибадат екен, құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын қасд қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе? Ей, ишараттан хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттан бір үлкені — намаз, ол намаздан әуелі таһарат алмақ, онан соң намазға шұруғ қылмақ, ол таһараттың алды истинжа еді. Мұны бір берік ойлап тұр. Аяғы екі аяққа мәсіхпенен бітуші еді, бұлар һәммасы болмаса көбі ишарат еді. Истинжада к…іңізді жуа-сыз, сіздің к…іңіздің ешкімге керегі жоқ еді. Онымен сезімді тазалыққа иіргендігіңді кәміл ыхласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының соңында халық көрер, сыртымды да пәк етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пәк етемін, бұл пәктіктің үстінде аллаға дұға айтамын деп әзірленесіз.
Енді намаздың аты — салауат, дұға мағынасында деген:
Аяқта, мойында болған мәсхлар — ол жумақ емес, өздері де жуулы деп көрсеткен ишараты.
Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз — егер алла тағаланы жоғарыда деп, мәкән исфат етпесең де, бегірек созу әдепсіз болып, күнә дариясына ғарық болдым, яғни дүние әуесіне ғарық қылмай қолымнан тарт, яғни құтыларлық жәрдемдерінің ишараты*.
Онан соң қиямда тұрып қол бағламақ — құл қожа алдында тұрмақ — бұқара патша алдында тұрғаннан артық алланың қадірлігіне өзінің ғажиздығына ыкрарының беріктігін көрсеткен ишараты.
Қыбылаға қарамақ — әрине, құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зиратын парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен деген ишараты.
Онан соң қира әт, яғни сураһи фатиха оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады. Ол фатиха сүресінің мағыналарында көп сыр бар.
Руқүғ бас ұрмақ — алдында құда хазірге ұқсас, ол да ишарат.
Сәжделер — әуелі жерден жаралғанына ықырары, екіншісі — және жерге қайтпағына ықырары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықырарының ишараты.
Қағадат ул-ахир — дұғаның ақырында аллаға тахият, одан тәшәһһуд, одан салауат, пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз, яғни алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп һәм рахмет тілеп бітіресіз.
Жә, бұл сөзден не ғибрәтлендік?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *