Жерлестеріміздің кино өнерінде жұлдызы жоғары

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында халықтың рухани қазынасы өнерге де баса назар аударылған. Нәтижесінде тарихи жәдігер мен ұлттық құндылықтарға толы саф алтындай сал-дәстүрімізді де айшықтап берген болатын. Расында, онда ұлтымыздың қаһарман тұлғаларын ұрпаққа үлгі етететіндей фильмдер түсіру керектігін де баса айтып, «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» дейді.

Әрине оларды дәріптеп, ұрпақ жадында қайта жаңғырту үшін көптеген шаралардың жасалып жатқаны рас. Десе де ұлттың ұлттығын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп, намыс пен азаттық үшін жан алып, жан беріскен батырлардың ерлігін паш ететін отандық төл тундылардың орны бөлек. Өткен жылы ғана тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 1917 жылғы Ұлт азаттық көтерілісі жайлы «Кейкі мерген» фильмі жарық көрді. Кино зобалаң жылдағы халықтың маңдайына біткен хас батыры, мерген Кейкі батыр — Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы жайлы.
Кейкі батырдың шын есімі Нұрмағамбет, ел арасында өзіннің өткір, біртоға мінезі мен кісі баласына көп жуыса бермейтін болмысына қарап халық Кейкі атап кеткен. Ол 1871 жылы Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Сол замандағы тұрмыстың тауқыметін тартқан Кейкі бала кезінен өжет әрі жаужүрек, ел есінде аңыз болып айтылатын ерекшелігі діттеген нысанасын көздемей-ақ атып түсіретін мерген болған. 1916 жылғы ұлтазаттық көтерілістегі қанқұйлы зобалаңның белортасында Амангелді батырдың сенімді серігі болып елі үшін басын бәйгеге тіккен. 1919 жылы 13 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытау, Қызылқұмға бой тасалауға мәжбүр болады. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамастан, ақыры 1922 жылдың көктемінде комиссар Александр Токаревті атып кеткен Кейкіні 29 наурызда қызыл әскерлер айуандықпен өлтірген.
Аталмыш кинокартина Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген еді. Тарихи сериалдың режиссері Мұрат Бидосовтың режиссерлігімен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ауласындағы Этно кешенде және Көне Отырар қаласында түсірілген болатын. Тағы бір қуантатын жай аталмыш фильмдегі басты кейіпкерлердің басым көпшілігін Жамбыл облыстық драма театрының актерлері, яғни жерлестеріміз сомдаған еді. Кейкінің сертке берік майдандас серігі, ұлтазаттық көтерілістің батыры Амангелді Имановтың рөлін театрымыздың белді актерлерінің бірі Кенен Ақүрпеков және сондай үлкен образдың бірі ақын, жазушы, Алаш арысы Міржақып Дулатұлын Мәмбет Қожалиев ойнайды. Ризат Қылышбаева мен Абу Шоңбаев Кейкі мергеннің жас кезіндегі анасы мен әкесін сомдаса, Сухраб Мадумаров, Сергей Владимирович, Ғазиз Сұраппаев, Галина Қойшыбаева сонымен қатар Жамбыл облыстық орыс драма театрының актерлері Виктор Майнашев, Евгений Орлов, Надежда Новикова сынды негізгі кадрдан көрінген кейпкерлер де жерлестеріміз, аталмыш театрдың актерлері екенін жалпақ жұрттың бірі білсе бірі біле бермес.
Тәуелсіздік мерекесі тұсында тұсауын кескен тағы да тарихи фильмнің бірегейі – «Тар заман» киносы. Халқының азаттығын көксеген, еркіндік пен теңдік үшін тар заманның тұсауына бағынбай, басын бәйгеге тіккен күйде азаттықтың ақ таңын көксеген «Алаш арыстарының» ұлтжандылығын көрсеткен бұл фильмде де жоғарыда аты аталған жерлес актерлеріміз бой көрсетті.
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты», деп қалың ұйқыда жатқан қазқтың жүрегін ояту үшін шырылдағын өр рухты Міржақып Дулатұлының образын бұл фильмде де Жамбыл облыстық драма театрының актері Мәмбет Қожалиев көрсеткен болатын. Актердің айтуынша, белгілі тұлғаның портретті бейнесіне түбегейлі ену оңайға соқпаған.
– «Тар заман» – ең алғашқы үлкен фильмдердегі дебютті образым десе де болады. Қиын болса да бұл образды қолдан келгенше ізденіп, нақты жеткізуге тырыстым. Портреттік роль болғандықтан Міржақып Дулатұлы жайлы ел ішіндегі көнегөз қариялардан көп сұрастырып, өмірі мен атқарған ұлы істеріне яғни шығармашылығына терең бойлап және түр-тұлғасын толық ұқсастыруға тырыстым. Фильм жарыққа шыққаннан кейін арнайы көрсетілім рәсімі болды. Онда бірқатар сыншылар мен тарихшылар туындыны өте жоғары деп бағалап, образдағы актерлердің фактураларының кейіпкерлермен ұқсастығы туралы жақсы пікірлер айтты, жылы лебіздерін білдірді. Бұдан соң Қазақсанның әр өңірінде көрсетілімді екі-үш ай көлемінде, сосын барып телеарналардан сериял қылып көрсетті. Ал «Кейкі мергендегі» Міржақыпты ойнағанымда біраз қателіктерге бой алдырдым. Өйткені екеуі бір адам болғанымен екі фильмдегі арыстың образы бөлек болды. Фильмнің режиссері Мұрат Бидосовтың нұсқауымен қолдан келгенше ізденіп кейіпкердің келбетін толықтай дұрыс жеткізуге тырыстым, – дейді ол.
Аталған тарихи екі фильмнің режиссері Мұрат Бидосовпен жаңа шыққан туындының төңірегінде сұхбаттаспақ ниетпен үлкен шахар Алматыға қоңырау шалған болатынбыз. Оның айтуынша, фильмді түсіру барысындағы кастингте актерлердің шеберлігінен бөлек кейіпкерлердің бейнесіне ұқсасығына қатты мән берген көрінеді.
– «Тар заман» мен «Кейкі мерген» бір дәуірде болған. Екеуі бір-бірінің жалғасы десе де болады, біреуі іштегі қақтығыс, біреуі сырттағы. Тарихи тұлғалар болғандықтан кастинг кезінде портреттік ұқсастарын іздедік. Астана, Тараз, Шымкент, Талдықорған, Павлодар, Алматы, Жезқазған қалалары актерларының қатысуымен «Тар заманда» екі жүз, «Кейкі мергенде» жүз елуге жуық кейіпкер ойнады. Кастингте бір кейіпкерге бірнеше таңдаулар болады. Соның бірі «Тар заманда» Ахмет Байтұрсынұлының келбетін біз Жамбыл облыстық драма театрының актері Кенен Ақүрпековтен көрдік. Ал Мәмбет Қожалиев болса Міржақып Дулатұлының бейнесіне өте ұқсас екендігін өздеріңіз де білесіздер. Осы сияқты біз барлық кейіпкерлердің бейнесі, үні, ойнау шеберлігіне аса мән бердік. Режиссер ретінде таңдағаным бір бөлек, ал жарыққа шықанда көрермен көңілінен шығуы бір бөлек дүние ғой. Көрермен тарапынан пікірлер әртүрлі. Әлі де бағасын халық береді. Мен қазір жасаған дүниенің деңгейін нақты мынадай деп айта алмаймын. Бастысы екеуі де тың фильмдер. Кей жастар белгілі тұлғалардың есімін көшенің атауы арқылы ғана біледі ғой немесе бар болғаны ақын, жазушы деп түсінеді, болды. Ал олардың елге еткен еңбегін фильмнен көріп жатса, оның берері мол деп ойлаймын, – дейді бұған дейін де Тасөткел, Ақылдың кілті, Өмірдастан сынды телевизиялық форматтағы фильмдерді жарыққа шығарған режиссер М. Бидосов.
«Тар заман» телесериялы жарыққа шығысымен-ақ «Air Astana» ұшақтарында жолаушылар назарына ұсынылған. Ол да ұлттық болмысымызға тән тарихи фильмнің таралуына деген бірден-бір жол болса керек. Ал қала тұрғындары болса кино мен ондағы ойнаған жерлес актерлеріміздің шеберлігі жөнінде жоғары деңгейде түсіріліп, сәтті шыққан туынды болғандығын айтып отыр.
«Кино бізге өте ұнады. Әсіресе актерлердің шынайы ойнауы сол заманның трагедиясын айшықты бейнелеп тұр. Шындығын айтқанда алаш арыстары туралы білетіндер аз. «Тар заман» және «Кейкі мерген» фильмдері кейінгі жас ұрпаққа бабаларымыздың елі үшін, жері үшін, бостандық үшін қалай құрбан болғандығын көрсетті. Кейінгі жастар осы фильмдер арқылы тарихымызды білуі тиіс. Ал кинодағы негізгі рөлдерді ойнаған жерлес аға әпкелеріміздің ойнау шеберлігі бір төбе, олардың өнерімен біз де мақтанамыз» деген пікірде жас маман Шапағат Утарова.
Иә өнерлі елге өріс кең, қазіргі заманның қарқынымен қарыштап дамып келе жатқан кино өнері де тағылымды тәрбиенің басты құралының бірі десе болатындай. Көгілдір экранда қаптаған мәнсіз һәм дәмсіз сериялдардан гөрі еліміздің тарихынан сыр шертіп, арманда кеткен асыл ерлердің тағдыр тауқыметін баяндайтын төл туындылар керек-ақ. Ал жаңадан жарық көрген тың дүниелердің бел ортасында жерлестеріміздің көптеп бой көрсетуі біздің өлкенің кино өнерінде де өресінің биіктігін көрсететіндей.

Елдар БОРАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *