Ел аралап, ахуалымен танысуда

Жамбыл облысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары сапарын Т. Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының тұқымға арналған жоғары сапалы (элиталы) астық орағы науқанының барысымен танысудан бастады.

Шаруа қожалығы басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев шаруашылық жұмысымен, биылғы егіс көлемі мен өнімнің жай-күйімен өз пікірімен бөлісті.Аудан әкімі Е. Садырқұлов аграрлы аудандағы жазғы еңбек маусымының жағдайы, егін мен жем-шөп өндіру, тұқым сақтау, егін орағы, мал шаруашылғын дамыту, шағын кәсіпкерлікті қолдау, коперативтер арқылы ауылдың әлеуетін арттыруға бет бұру, «қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында атқарылған жұмыстар туралы таныстырды.
Ауыл шаруашылығында өз орны бар «Ақтоған» шаруа қожалығы басшысы С.Ахаев астық жинау жұмыстарымен және астық қоймасымен, ұн өнімдерін өндірудегі тәжірибелерімен бөлісті. Сенат депутаттары М. Жолдасбаев пен А. Нұралиев ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы ой-пікір, ұсыныстарын жеткізді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы жоспарлы міндеттер мен нақты жұмыстармен танысып, шаруашылықтарды аралап көрді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Жолдасбаев пен А. Нұралиев жұмыс сапары аудандағы аз қамтылған, әлеуметтік көмекті қажет ететін, көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайымен танысумен жалғасты. Құлан ауылындағы Жайлауовтар мен Пермановтар отбасында болып, мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемдер мен түрлі мемлекеттік бағдарламалардың берілуі, әлеуметтік қолдаулар туралы түсіндірді.
Халық қалаулыларының сапары әрі қарай Тараз қаласында жалғасын тапты. Мұнда сенаторлар «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сүт зауытын аралап, жұмысымен танысты. 2007 жылы құрылып, өткен жылы қайта кеңейтіліп, модернизациялаудан өткен сүт өнімдері зауыты бүгінде тәулігіне 80 тонна сүт ұқсатып отыр. Айта кеткен жөн, зауыт шикізатты жергілікті өндірушілерден сатып алады. Бұл сүт өндіретін шаруашылықтар мен ауыл тұрғындары үшін аса тиімді. Өнімнің барлығы табиғи шикізаттан дайындалатындықтан, сапасы да жоғары. Болашақта тағы 10 кооперативпен бірігіп, сүт өнімдерінің көлемін еселемек ниетте. Ал жұмыс сапарымен келген депутаттар коперативтің құрылуы, ауыл халқының оған бірігуі табыстың негізгі көзі екенін атап өтті.
Өткен жылы зауыт 778 миллион теңге құрайтын 81 тонна өнім шығарып, жоспарды толығымен орындаса, биыл І жартыжылдық қорытындысы бойынша 389 миллион теңге қаржы көлемін құрайтын 41 тонна өнім өндірген кәсіпорын жұмысына сенаторлар ерекше баға беріп, еңбек ұжымының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сонан соң М. Жолдасбаев пен А. Нұралиев Жуалы ауданына барып, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан ежелгі Баркуаб қаласының орнында болды. Сондай-ақ, «КазГидроОперейтинг» ЖШС-нің электр стансасының құрылысы барысымен танысты.
Сонан соң халық қалаулылары Шу ауданына ат басын бұрып, мұндағы «Қызылша» ЖШС-нің қант қызылшасы алқабында, мақсары майын өндіруші «Каз-Ир-Агро» зауытында болды. Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттаымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңдарында болды.
Келесі кезекте депутаттардың жұмыс сапары Мойынқұм және Қордай аудандарында жалғасады.
Естеріңізге сала кетейік, Сенаттың төртінші сессиясы өткен айда өз жұмысын аяқтады. Тиісінше халық қалаулылары Сенат қабырғасында қабылданған шешімдерді түсіндіру мақсатында өңірлерді аралауға кірісті.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *