Мейірім мерекесі – құрбан айт құтты болғай!

Мейрамдардың сұлтаны Құрбан айт – барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Ол Ораза айттан 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Айт күндері құрбандық шалынады. Бұл мұсылмандардың бес парызының бірі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2019 жылы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-і күні басталатынын хабарлады. Арапа күні 10 тамызға сәйкес келеді. Тараз қаласы бойынша Құрбан айт намазын оқу таңғы сағат 7:00 деп бекітілді. Облыс бойынша аудандар өздерінің азимуттық, меридиандық белдеулеріне қарап бекітеді.
Тілімізге еніп кеткен «құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағына береді. Ал терминдік мағынасы: Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде пайғамбарымызға (с.а.у): «Намаз оқы және құрбан шал», – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген.
Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кімде–кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», – деп бұйырған.
«Алла баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» [Тирмизи, Адахи, 1].
Құрбан шалу ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман уәжіп бола алады. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие мұсылман уәжіп бола алады. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Ескерту: Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.
Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *