Топыраққа тұрақты күтім керек

Егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға топырақ құнарлылығын арттыру, өндірістің озық технологиясын енгізу, жерді химияландыру, яғни тыңайтқыштарды пайдалану, егістік жерлердің құрылымын жақсарту арқылы қол жеткізуге болады. Құнарлы топырақ – мол өнім кепілі. Сондықтан да топырақты үнемі күтіп-баптап, құнарлылығын арттыруды бір сәтке болсын назардан тыс қалдыруға болмайды.

Бүгінгі таңда Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты топырағы тозған суармалы жерлердің құнарлылығын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Кеше аталмыш ғылыми-зерттеу институтының және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылында «Егінжай күні» ұйымдастырылып, деградацияға ұшыраған топырақтарда (сілтілі, сортаң) жүгеріні өсіру технологиясы түсіндірілді. Сонымен қатар шара барысында саладағы мұнан өзге де көптеген өзекті мәселелер көтеріліп, білікті мамандар көптің сұрағына жан-жақты жауап берді.
Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев тыңайтқыштар енгізу арқылы сапалы әрі мол өнім алу мақсатында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша 22,4 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы алқаптарына пайдалану межеленген. Биылғы жылы жалпы егістік алқаптың 22 пайызын қамту жоспарланған.
Сонымен қатар, «Қазфосфат» ЖШС-нің тыңайтқыш өндірісінен шыққан фосфогипсті егістік жерлерге пайдалану керектігі жиі-жиі айтылып келеді. Тиісті тапсырма да берілді. Алайда, бүгінгі күнге дейін бұл тапсырма баяу орындалуда. Ауыл шаруашылық құрылымдары облыс бойынша 108 411,5 тонна фосфогипс алуға келісімшартқа отырған болса, алынғаны 35 998 тонна, немесе орындалу пайызы 33,2 пайызды ғана құрап отыр, – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Ал, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұқаш Ескендіров қазіргі таңда фосфогипске сұраныс өте төмен болып тұрғанын жеткізді. Фосфогипстің 1 тоннасының бағасы 1 теңге екенін айтқан Мұқаш Зұлқарнайұлы ауыл шаруашылық құрылымдары жетекшілерінің аталған тыңайтқыштың пайдасы орасан зор екенін әлі түсіне алмай жүргенін қынжыла айтып өтті.
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Балғабаев та егістік жерлердің құнарлылығын арттыруда фосфогипстің ең тиімді тыңайтшқыш екенін алға тартты.
– Кейінгі кезде Қазақстан егіншілігіндегі күрделі экологиялық жағдайларды ескермеу салдарынан суарылатын ауыспалы егіс алқаптарындағы топырақ құнарлылығы, оның ішінде қарашіріндінің көптеген пайызға кемігендігі белгілі. Себебі топырақтың агрохимиялық және агрофизикалық жағдайы нашарлап, топырақ нығыздалып, эрозияға ұшырап, еліміздің көпшілік аймақтарының топырақ экологиясы бұзылған. Суармалы жерлердің құнарлылығының төмендеуі, топырақтың тамыр өсетін қабатының тұздануына, сортаңдануына, тығыздануына, қоректік заттардың кемуіне, оның су режімінің бұзылуына тікелей байланысты. Жалпы, Қазақстан бойынша ең тиімді және арзан химиялық мелиорант фосфогипс болып саналады. Фосфогипсті суармалы жерлерде химиялық мелиорант ретінде пайдаланудың тиімділігі, оның химиялық құрамына тікелей байланысты. Себебі, оның құрамында кальцийдің мөлшері 25,67-27,53 пайыз аралығында өзгереді. Сонымен қатар, фосфогипстің құрамында фосфор, кальций, өсімдікке қажетті микроэлементтер бар және оның ортасы қышқылды орта болып саналады. Сондықтан, фосфогипстің құрамындағы фосфор топыраққа жылдам ауысып, оның құнарлығын арттырады. Өзінің тиімділігі жағынан фосфогипс гипстен асып түседі. Себебі, гипсті сілтілі топырақтарға пайдаланғанда кальцитті қабықша пайда болып, оның ерігіштігі төмендейді, – деді Нұрлан Нұрмаханұлы.
«Егінжай күніне» арнайы келген бірқатар шаруа қожалық төрағалары көтерілген мәселе бойынша сұрақтарын қойып, топырақты құнарландырмай мол өнім алу мүмкін емес екеніне көз жеткізіп қайтты.

Сайын ТҰРЛЫХАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *