Егіс алқабындағы жұмыстармен танысты

Ауданда сала аршынды дамып келеді. Әсіресе, егін шаруашылығын дамытуға деген көзқарас өте ерекше. Мәселен биылғы жылдың өзінде аудан топырағының 106 934 гектарына дәнді дақыл себілген. Оның ішінде 51 978 гектар жерге бидай егілсе, 54 956 гектар алқапқа диханшылар арпа дәндерін жасырған. Биыл жауын-шашын мол болуынан бидай бітік шығып, диханшылар мол табысқа кенелуде. Қазірдің өзінде егіс даласындағы жұмыстарды нәтижелі жүргізіп, әр гектардан 23-25 центнерден өнім алып жатқан шаруа қожалықтары да бар. Өткен аптада аудан басшысы Ерболат Садырқұлов егіс алқабындағы жұмыстармен танысу мақсатында бірнеше шаруа қожалықтарды аралап қайтты. Ондағы қожалық басшыларымен жақын тілдесіп, шаруашылықтың тыныс- тіршілігімен кеңінен танысты.

Аудан әкімі ең алдымен «Ақтоған» шаруа қожалығына ат басын бұрып, алқап жұмыстарына қанық болды. «Ақтоған» — өңірімізде макарон өнімдерін даярлайтын ірі шаруа қожалықтардың бірі. Бүгінде қожалықтың өңдеу цехында еліміздің ішкі нарығында үлкен сұранысқа ие макаронның 25 түрі шығарылады. Оған мамандар әлемдік стандартқа сай әр сұрыптағы сапалы ұндарды пайдалануда. Ол үшін жаһан кезіп, сарсаңға салынып жүрген жоқ. Италяндық және украиндық ұннан даярланатын макарон өнімдеріне қажетті шикізатты аудан жеріне егіп, алынған өнімді кәдесіне жаратуда. Сондықтан да шаруасы шалқыған қожалық негізгі күшін егіншілікке бағыттаған. Биыл қожалықтың 3417,5 гектарына күздік бидай егілген. Бүгінде осы алқаптарды ору жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Оған сегіз дана «Essil КЗС-740» және үш «Нива СК-5» маркалы комбайндары жұмылдырылған. Сонымен қатар, ауыр жүк көліктері мен өртке қарсы бес дана «К-700» ауыр көлігі егіс алқабының маңына қойылған. Одан бөлек 50-ге жуық адам күннің аптап ыстығына қарамастан, еңбек етуде. Олардың жалақы мөлшері орташа есеппен 90 000 теңге шамасында. Мұның бәрін аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлына шаруа қожалық басшысы Саид-Хасан Ахаев мәлімдеп берді.
Қожалық басшысын мұхият тыңдаған аудан әкімі шаруа қожалықта еңбек етуші диханшыларға жасалған жағдайдың жайын сұрады. Өйткені қазіргі таңда мемлекеттің назары осы қарапайым еңбеккерлердің табысы мен тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Аудан әкімінің тарапынан қойылған сауалға Саид-Хасан Ахаев «Мен жыл сайын өзге шаруа қожалық басшылары секілді жұмысшы іздеп жүрмеймін. Себебі, менің қарамағымдағы жұмысшылар қожалықта тұрақты түрде жұмыс жасайды. Осыған байланысты жалақылары да ай сайын өз мерзімінде беріліп отырады. Оларға қожалықта өндірілетін өнімдердің барлығы тегін беріледі. Сонымен қатар, еңбекпен еленген жандарға қосымша сыйлықтар табыс етіледі. Бір сөзбен айтқанда оларға барынша жағдай жасауға тырысамыз. Өйткені оларсыз ешбір тірлік бітпейді. Шындығын айту керек, осы күнге дейін маған өкпелеп, қожалық жұмысына қол сілтеп тастап кеткен адам болған жоқ» — деп жауап берді.
Өз кезегінде аудан әкімі қожа­лықтың атқарған жұмысына дән риза болып, басшылары мен қарапайым диханшылардың жұмыстарына сәтті­лік тіледі. «Ақтоғанның» ауқымды түрде атқарған жұмыстарымен таныс­қан аудан әкімі ізінен «Луговой жылқы за­уыты» және «Ернұр» шаруа қожа­лығының жұмыстарымен де танысты.
Түстен кейін аталмыш қожа­лық­тарды облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев те аралап көрді. Өңірдің ауылшаруашылық саласына жауапты орынбасар алдымен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның басшысы Александр Линникпен тілдесті. Екеуара тілдесу барысында егіс алқабының жұмыстары, мемле­кет тарапынан берілетін жанар май, серіктестікте қызмет ететін қыз­мет­керлердің әлеуметтік жағдайы сөз болды. Серіктестік басшысының айтуы бойынша биыл 14216 гектар егіс алқаптың 9384 гектарына масақты дән­ді дақылдар егілген. Оның ішінде 5922 гектар күздік бидай болса, 3462 гектары жаздық арпа дақылы. Серіктестік ұжымы егіннің бітік шығуына аса мән беріп, осыған байланысты барлық шараларды алдын ала жасаған. Мәселен, ағымдағы жылы егістік алқаптың 4832 гектары таза парға айдалса, жаз бойы осы алқап 2 мәрте өңдеуден өткен. Бүгінгі күнге дейін серіктестікке тиесілі егіс алқабының 7540 гектары (80,3%) орылған. Ору науқанына 13 дана егін комбайндары қатысып, ауыр жұмысты еңсерген. «ДжонДир» деп аталатын дала кемелерін тізгіндеген комбайншылар қалған 1845 гектар алқапты таяу күндері аяқтауға ниетті. Александр Линник аймақ басшысының орынбасарына суармалы жерлерге су жеткізу және жанар май алудағы олқылықтарды да баяндап, бірқатар түйткілді мәселелерді тілге тиек етті. Сол сәтте Мұратхан Жүнісәлыұлы осы іске жауапты басшылармен байланысқа шығып, мәселені дер кезінде шешіп берді.
Мұратхан Шүкеев «Луговой жылқы зауытынан» кейін «Ақтоған» шаруа қожалығында да болды. Ондағы егілген бидайдың сапасына мән беріп, ораққа қатысып жүрген диханшылармен жеке дара тілдесті. Оларға жасалған жағдаймен танысып, орақ науқанының жұмысына оң бағасын берді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ,
Т. Рысқұлов ауданы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *