Нұрланның іскерлігіне жерлестері риза

Бүгінгі нарық заманында кәсіпкерлікпен айналысу үлкен жетістіктерге жетелейтіні белгілі. Ол үшін тек белгілі бір істі істей біліп, белсенділігің мен іскерлігің болса жеткілікті. Есесіне мемлекет осындай істің көзіне таба білген азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, түрлі бағдарламаларын ұсынып отыр. Дегенмен аудан, ауылдарда Үкіметке қол қусырып қарап отырмай өз ісін бастап, бизнесін дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік. Сондай азаматтың бірі Меркі ауданы, Ақтоған ауылының тұрғыны Нұрлан Сейсенбаев. Ол қазіргі таңда өз ауласында бір емес бірнеше кәсіптің түрін ұршықша иіріп, ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы 5-қазандағы халыққа Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру бойынша тапсырма беріп, халқымыздың азық-түлігін, киімі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндіру керектігіне назар аудартқан болатын. Сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып, оның тұрмысын жақсартудың мол мүмкіндігін баса айтты. Осыған орай бүгінде облысымызда тиісті шаралар қолға алынуда. Оның маңыздылығын ескерген облыс әкімі Асқар Мырзахметов аймақ экономикасын көтерудің бірден-бір тетігі ретінде осы бағытқа аса басымдық беріп отыр. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының көп тұтынатын өнімдері мен қажет ететін қызмет түрлерін зерделеніп, соған орай өндіріс орындарын, шағын цехтар, монша, шаштараз, тігін шеберханаларын ашудың тиімділігі жан-жақты қарастырылып отыр.
Сол секілді жеке кәсіпкер Нұрлан Сейсенбаев та өзінің 25 сотық жеріне монша салып, мал бордақылап, тауық асырап, пластиктен есік-терезелер жасау арқылы ауыл тұрғындарын алысқа сабылтпай-ақ қызмет көрсетуде. Негізінен іскер азамат осыншама кәсіптің түрін мемлекеттен бір тиын да алмай бизнеске деген сүйіспеншілігі арқылы жандандыруда. Әрине оның осындай іскерлігі кім-кімді болсын қызықтырмай қоймайды. Жалпы Нұрланның негізгі мамандығы информатика пәнінің мұғалімі екен. Бизнес бастауына жоғары оқу орнында оқып жүргендегі белсенділігі әсер етіпті.
– 2002 жылы оқу орнын тәмамдап, мектепке мұғалім болып орналастым. Студент кезде қолыма алған фотоаппаратымды ұстаз болып жүргенде де тастамадым. Ондағы түрлі іс-шараларды аппаратыма түсіріп, шығарып жүрдім. Сондай-ақ арасында тойларға да шығып, аудандағы белгілі фотографтардың қатарына қосылдым. Елге танылып, олар қызметімді ала бастады. Осылай жүріп Ақтоған ауылынан 25 сотық жер сатып алып, оған ғимарат салуды қолға алдым. Мұндағы мақсатым жеке фото салон және азық-түлік дүкенін ашу еді. Бұл ісім алға жүре бастағаннан кейін пластик материалдарынан есік-терезе жасауды ойластырдым. Себебі ауданда мұндай іспен екінің бірі айналыса бермейтін. Осы ойымды туыс ініме айтқанымда ол қолынан келетіндігін айтып, қолдайтындығын білдірді. Қызығы, бұл іске қаржыны өзімнің 30 жас мерейтойыма түскен қаржы арқылы қол жеткіздім. Сөйтіп, інім екеуміз Қырғыз Республикасынан арнайы құрылғы, ал Алматы қаласынан материалдарын әкеліп, ойдағы ісімді бастап кеттік. Кәсібім алға жүргеннен кейін негізгі ұстаздық жұмысымды тастауыма тура келді. Дегенмен кейіннен бұл бизнес түрінің науқандық екенін ұқтым. Содан ауылдағы 621 түтіннен орта есеппен екі мыңнан аса адам шығатынын есептеп, монша салуды ұйғардым. Осылайша, пластиктен түскен қаржыдан 16 орындық монша салып, жұмысын жандандырып отырмын, – дейді Н.Сейсенбаев.
Дейтұрғанмен ол өз ауласын тиімді пайдалану үшін қора-жайлар салып, төрт-түлікке де ден қойған. Сөйтіп мал бордақылап, ауыл тұрғындарын етпен де қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде оның қорасында 40 бас қой қоңдандырылып, сойылмақ. Сондай-ақ Қамбар ата түлігі жылқының да жілік майы толтырылып, тұтынушыларына жөнелтілуде. Өз кезегінде кәсіпкер желіге құлын байлап, қымыранын қымызға толтыруды ойластырғанымен бұл істі иіріп алып кететін жұмысшының табылмай отырғандығын айтады. Алдағы уақытта Нұрлан қора-жайын кеңейтіп, ірі қара малын бордақылауды да қолға алмақшы. Бұдан өзге іскер азамат тауықтың бірнеше түрі мен бөдене де асырап, пайдасын көруде.
– Менің бала кездегі армандарымның бірі тұқымы бар тауықтар асырау болатын. Бастаған жұмыстарым алға басқаннан кейін осы арманыма қол жеткіздім десем де болады. Бүгінде кепемде 10-нан аса тауық тұқымы бар. Түсіне білген адамға тауықтан да көл-көсір пайдаға кенелуге болады. Бастысы, көңіл бөлсең болғаны. Өзім іздестіріп жүріп, тұқымы бар тауықтардың жұмыртқаларын Қырғыз Республикасы мен Шымкент қалаларынан алып келіп, соларды өсіріп, өндіріп отырмын. Арнайы инкубатор сатып алып, балапан бастырып, саудаға шығарудамын. Негізінен мендегі тұқымы бар тауықтардың жұмыртқасының өзі орта есеппен 700-800 теңге тұрады. Ал нарықта бір жұмыртқаның құны 25-30 теңге. Дегенмен соңғы кездері тауықтың «адлер», «түсті брама» және «бройлер» сынды тұқымдарын ғана қалдыруды ойластырып отырмын. Себебі бұлар етті әрі шыдамды келеді. Бір ғана «бройлер» тұқымынан 2 айда миллиондап табыс түсіруге болады. Өйткені ол тез жетіліп, 3 айында 2,5-4 келіге дейін ет береді, – дейді жан-жақты Нұрлан.
Осылайша ауласында бірнеше кәсіптің түрінің басын бір арнада тоғыстырып, тіршілік түтінін түтетіп отырған кәсіпкер 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың айлық-жалақысы мен мемлекетке салығын төлеп отырған Нұрлан бұл істермен ғана тоқталып қалмақ емес. Ол алдағы уақытта тігін шеберханасын ашпақшы. Оған қажетті шығындармен қатар тұрақты жұмысқа алатын мамандарды ойластырып қойыпты. Ісмер шеберлерді алыстан алдыртпай-ақ ауылдағы оншақты жұмыссыз қыз-келіншектермен тағы бір кәсібін бастамақшы екен. Сонымен қатар ауылының айналасында отырып қалмай аудан орталығынан жылдам дайындалатын тағам түрлерін дайындайтын дәмхана ашуды да көздеп отыр. Аталған істі толық зерделеген ол бастысы пайда емес жұмыссыз жүргендердің екі қолдарына бір күрек тауып берсем дейді.
Расында, кәсіпкердің ауылда отырып-ақ осыншама істі ұршықша иіруі кім-кімді болмасын қызықтырмай қоймайды. Жалғыз адамның осыншама кәсіпті жасай алуының себебін сұрағанымызда оның себебін бастаған іске деген адалдық пен тұтынушылар сенімін ақтай алу сынды қасиеттердің болуымен түсіндірді. Айта кетерлігі, Нұрлан жұмысын жүргізуде қаражатқа тіремей айырбас ретінде жүргізеді. Мәселен көрсеткен қызметіне тұрғындардан қаржы орнына жем-шөп немесе тұрмысқа қажетті заттар алады. Нәтижесінде кәсіпкер мен тұтынушысының да жұмысы тұраламай, ісі ілгерілейді.
Қарапайым заттар экономикасы туралы облыс әкімдігінде өткен келелі жиында Асқар Исабекұлы елді мекендерде шағын кәсіпорындар ашу, кооперативтер құру арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға, тұрғындар тұтынатын өнімнің өзіндік құнын төмендету мүмкіндігіне тоқталған болатын. Осы орайда, Нұрлан Сейсенбаев ауылында құрылғалы жатқан кооперативке кіріп мал шаруашылығының өрісін кеңейтпекші екен. Бұл өте құптарлық іс. Әрі жеке кәсіпкердің іскерлігі көпке үлгі.

Ш. Биділдаұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *