Пірқожа ақын мен Балжан ауылсовет

Менің Керімбек есімді парталасым бар.Ол Талас ауданында талай қызметтің басын шалған жігіт.Аудандық атқару комитетінде жоспарлау комиссиясын басқарып жүргенде ауруханада жатып,біраз ем-дом қабылдайды.Ойық ауылының тұрғыны Несіпбай Досалиев деген қариямен бір палатада жатады.Несекең соғыстың салдарынан оқи алмағанмен,ағып тұрған шежіре,қызыл сөзге келгенде үстінен су төгілмес жорғаның нағыз өзі.Қырықыншы жылдардың соңына қарай өз тұстастары Шона Смаханұлы, Сағатай Оңғарбаевтармен бірге аудандық ақындар айтысына қатысқан.
Керімбектің жазу,сызуға қыры жоқ,бірақ ауызекі сөзге келгенде арқасына қамшы салдырмайды.Нағыз құйма құлақ.Естігенін еш шашау шығармай жадында сақтап қалады.Ағалы-інілі екеу уақыт өткізу үшін әңгіме-дүкен құрады.Сол әңгіменің ұштығын жақында Керімбектің аузынан естідім.«Өлең ұзақ еді,адамдардың есімі де ұмытылды. Жадымда қалғаны осы», – деді ол.
Отызыншы жылдардың аяғына таман Қазақстанда қожа-молдаларға қырғидай тиген науқан өршиді.Ашаршылықтың алды.Сол тұста Талас бойында Пірқожа есімді қожа өмір сүреді.Халық оны Пірән қожа деп атап кеткен екен.Жергілікті үкімет пен белсенділерге жақпай,қуғын-сүргінге ұшырайды.Өкімет адамдары оны ұстау жөнінде нұсқау берген соң қашып-пысып, тығылып күн көреді. Күндіз Қарақожаның мешітін сағалап,бес уақыт намазын оқиды.Түнде жақын маңдағы ауылдарға барып тамақтанады, қонып шығады.Бейсеубет көзге түспеуге тырысады.
Сөйтіп жүргенде қонып шыққан үйдің иесі:
– Қожеке! Жасыңыз болса келді,мына жүрісіңіз сізге лайық емес.Балшейбектердің қолы ұзын,бір күн болмаса бір күні қармағына іліктірсе аямайды.Бұл кісәпірлер табан астында атып тастаудан тайынбас.Бүйтіп жүргенше ешкім танымайтын қырғыз жеріне асып кетіңіз – дейді.
– Осы күнге дейін «Өтенім,өскен жерім» деп артқа алаңдап жүрдік.Дүние бұзылды.Құлақ естіп,көз көрмеген жерге қазір-ақ, кеткім келіп тұр.Қолымда кім екенімді,қайдан келгенімді білдіретін бір жапырақ қағаз жоқ.Қайда барамын.Жан-жағым анталаған жау, жолда біреу-міреу ұстап алса қайтемін.Жазам одан бетер көбеймей ме? – дейді амалы әбден таусылған қожа.Сонда серігі:
– Мынау бірінші ауылда Сәрсенбекқызы Балжан деген ауылдық кеңес бастығы бар. Барып жағдайыңызды айтыңыз.Адам баласы ғой, түсінер – дейді.
– Ой-бой, Бәленшеке! Ол өкіметтің нағыз қызылкөз өкілі емес пе?Өзі сырттан,Арқадан келген адам.Мына заманда өзіңнің сыралғы досыңның өзіне сыр ашу қиын.Төмен етекті әйелге сеніп өле алмай жүрмін бе?Табан астында ұстатып,айдатып жіберсе қайтемін? Ауыл Кеңестің кеңсесіне жеткенше көлденең көзден қалай қашып құтылам – деп күдігін көлденең тартады.
– Ол жерге өзім алып барамын.Одан қам жемеңіз.Балжан ұстап бермейтін шығар.Төмен етекті әйел демесең қара қылды қақ жаратын әділ деп естиміз.Өзі Арқа жақтан көп тауқымет көріп келген арғын-таманың бірінің қызы.Текті жерден шыққан дейді.Өз елінде әкесі бай-бағлан болса керек.Жастайынан молда алдына барып ескіше хат таныған. Кейінірек Кеңес заманында сауат ашу мектебінен өткен,білімді әрі белсендінің бірі.
Балжан туралы әңгімені Пірән де естіген.Осында қоныс аударған соң бір жиында Қызылғұрт ішіндегі әлібектің Оңалбек пен Орынбек ақындарымен бас қосып қалады.Екеуі қатар жүрсе ешкімге дес бермейтін от ауыз,орақ тілді өзі қатарлы ақындардың аузын аштырмайтын нағыз дүлдүл.Оған аталас ағайын,қатар-құрбы Түлкібек пен қу тілді Құтыбас қосылғанда думанның көрігі қыза түсетін.Сол отырыста Балжан мен Оңалбек ортаға шығып айтысып қалады.Арқаның аршыған жұмыртқадай аппақ,сұңғақ бойлы,белі үзіліп түсердей майысқан аққу қызы алғаш жасы қырыққа тақалған қырқылжың Оңалбекті өзіне тең санамай асқақ-асқақ сөйлеген.Содан бір уақты арқалы ақынның мысы басқан Арқаның кербез қызы ат тізгінін тежеп Оңалбектің өнеріне бас иеді.Ақыры арасындағы жас айырмашылығына қарамай екі ақын қосылады.
Осыдан хабары бар серігі:
– Сіз де өлеңнен қаражаяу емессіз.Арасында тақпақтап жібермейсіз бе? – деп қайрайды.
Басқа амалы қалмаған Пірән қожа бұл ұсынысты құп алып,екеуі ертесіне №1 ауылға қарай тартады.Ел жүретін қара жол сілеміне түспей,айналып Қызылдың қобысымен, Кенелі құмақтың шағыл-шағылын орап діттеген жеріне шаңқай түс әлетінде жетеді.Кеңсе жанындағы мама ағашқа аттарын байлай сала ауылдық Кеңеске кірсе бөгде ешкім жоқ. Қожаны ішке енгізіп жіберген серігі сырттан біреу-міреу кіріп қалмасын – деп ауызда қалып қояды.
Пірән қожа есікті айқара ашып кіріп келсе Балжан орындығынан тұрып түскі үзіліске кетейін деп тұр екен.Қожаны көріп не дерін білмей сасыңқырап қалып:
– Сіз әлі ұсталған жоқсыз ба? – дейді.
Тәуекелге бел байлап келген Пірқожа тізгінді қолына алып:
– Алла тағаланың қалауымен әзірге еркін жүрміз.Жаббар иеден басқаға мойын ұсынбаған басымның еркіншілігін өзіңізге тапсыра келдім.Өкіметке ұстап берем десеңіз міне бас.Ал «ер азаматтың мойнында қыл арқан шірімейді» деп білсеңіз алақандай анықтама қағаз бер. Өскен, өнген жұртымнан біржолата қарамды батырайын, – дейді.
Алғашында абдырап қалған Балжан орындығына қайта отырып, қожаның бет-жүзіне, бас-аяғына көз жіберіп барлай қарап қалады.
– «Үй өзімдікі демегін,үй артында кісі бар» – деген.Жауабыңды жылдам қайтар, шырағым! Мен өз басымды бәйгеге тіккен жанмын.Екі ортада өзгенің басын қауіпке тіккім келмейді, – дейді Пірән жеделдете сөйлеп.
Балжан бұл кісі туралы сыртынан біршама қанық.«Діндар,білімді кісі» – деп естіген.Одан бөлек ақындығынан да хабардар.Осы жерде ауылдық Кеңестің төрайымын «әкімдігін», ішінде бұғып жатқан «ақындығы» жеңіп кетіп:
– Қожеке,бір ауыз өлең айтсаңыз тілегіңізді орындайын, – дейді.Әлгіден бері алдында жазу столы тұрса да астында тақ іспеттес ағаш орындықта сымдай тартылған құлын мүсіні бұзылмаған сұлу, ақ жүзді,аққу мойын келіншектің бой-басына көз қиығын салған Пірән қожа:
Үстің тақтай Балжан-ау, астың тақтай,
Тақ үстінде сымбатың тартқан сымдай.
Өтіп кетті жастық шақ мен қайтейін
Әйтпесе өзіңменен қол алысып қармасқандай, – деп төгіп жібереді.
Сонда қарсы қарап тұрған кісінің ақындығына риза болған Балжан:
– Қожеке,қазір мұндайсыз,жігіт кезіңізде қандай болдыңыз екен? – деп қалады.Осыны күткендей Пірән:
Бір бөлшегі уақыт қас-қағымның
Оның несін сұрайсың жас шағымның.
Балжан шырақ дүние өтті-кетті
Түбі бос,басы жұмсақ аспабымның – деп жалғап кеткен екен.
Сол жерде ішінде жыр қайнары тұнып жатқан Балжан апамыз қайым айтысқа шығып іштегі сырын жырмен лап еткізіп сыртқа шығарған,шығармағаны бізге беймәлім.«Өлең шумақтары бұдан да көп еді.Балжан апаның жауабын да ұмытыппын», – дейді досым.Бұған да шүкіршілік.Бізге белгілісі ауылдық Кеңестің төрайымы ақынның бірер ауыз өлеңі үшін айтқан уәдесінен айнымай,Пірқожаға сұраған анықтамасын беріп жібереді.
Елуінші жылдардың белортасында Балжан апамыздың көзін көрдік.Біз ес білгенде ол кісінің қырықтан асқан кезі.Аққұба,ұзын бойлы,ашаң келген,ажарлы,ашық мінезді мейірбан жан еді.Мен Ақкөлде тұрамын,тек демалыс кезінде ауылға барып-қайтамын. Балжан апа кезіккен жерде бала екеніме қарамастан жылы сөзін аямай шын пейілімен, ағынан жарыла амандық сұрайтын.
Ол кісі зейнетке шыққанша ауылдағы балалар бақшасын басқарды.Айтыс үстінде жолығып, табысқан жары Оңалбек ақын көп ұзамай отызыншы жылдарда қайтыс болады.Өкінішке орай,ортасындағы қалған жалғыз қыз да шетінеп кетеді.Қырық шырақты,ұзын етекті әйелзатына жататынына қарамастан Балжан апамыз бақытын басқа жақтан іздемеді.Құда түсушілер көп болса да өзге үйдің отын түтеткен жоқ.Күйеуінің Жұмаш атты немере қарындасы мен інісі бар-ды.Қыз Ташкенде жұмысшылар факультетінде оқып жүргенде от басын құрайды.Өкінішке орай жан жары «халық жауы» атанып сотталып кетеді.Емшектегі қызымен бірге елге оралып,көрші ауылдың Ысқақ атты жігітке қосылады. Апамыз орысшаға ағып тұратын.Тіл білгенінің арқасында өмір бойы медпунктте еңбек етті.Жұмаш әкпей медицинаны бүге-шігесіне дейін меңгеріп алды. Балалы-шағалы болып қосағымен бірге қоса ағарды.
Осы әпкеміздің бірге туған інісі(аты естен шығып тұр) де жоғарғы оқу орнының бірінде оқыды.Жазғы демалысқа шыққан кезде колхоздың есеп-қисап жұмыстарын жүргізуге көмектеседі екен.Ол соғысқа аттанып,майдан даласында көз жұмды.
Балжан апамыз Манатбек пен Ортай есімді екі інісін өз тәрбиесіне алып,неге екені белгісіз оларға жары Оңалбектің тегін берді.Бәлкім,ұрпақсыз кеткен күйеуінің атын өшірмеуге іштей уәде берген болар.Манатбек жас кезінен трактордың руліне отырды.Ол шынжыр табанды «ДТ» тракторын айдап жүргенде зейнет демалысына шықты.Балалы-шағалы болды.Ең үлкені Қалмахан соғыс басталған кезде өмірге келген еді.Інісі Ортайдың отбасы қазір Қаратау қаласында тұрады.
Арқадан келіп Амангелді ауылына жақсылық жылуын ала келген,қиын-қыстау кезде білдей бір аптал азаматты ажал құрығынан алып қалған Балжан апамыз жайлы қысқаша айтарымыз осы.

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,
журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *